Мемлекет дамуындағы жаңа серпіліс

01-6-Заседание-Политсовета-Нур-Отан

Елбасы Н.Назарбаев өзінің халыққа арнайы Үндеуін жолдады.Мыңдаған отандастарымыз сияқты мен де осынау тарихи сәтті зор ықыласпен күттім.

Өз сөзін: «Аса маңызды, тағдырлы мәселені жария етпекпін. Бұл – Конституция мен заңдарға өзгерістер енгізу. Біздің алдымызда билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта бөлу міндеті тұр» – деп бастаған Президент, ел Конституциясы мен заңдарына өзгерістер енгізуді ұсынды. Оның басты себебі – билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта бөлу еді.
– Қазір заманның дидары өзгерді, біз де өзгеруге тиіспіз. Мен елдің мүддесі мен заманның талабын, ұрпақтың болашағын ойлай отырып, осындай байлам жасадым, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Елбасы ең алдымен, Президенттің мемлекетіміздегі әлеуметтік-экономикалық процестерді реттеудегі өкілеттіктерін Үкімет пен басқа да атқарушы органдарға бөліп беретіндігін мәлімдеді. Сонымен қатар, Парламенттің рөлін күшейтуді көрегендікпен алға мақсат етіп қойды. Оның да жолдары мен бағыт-бағдарын айқындап көрсетті: Парламент сайлауында жеңген партия Үкіметтің құрамын анықтауға ықпал етуі тиіс! Ал, мұның өзі Министрлер кабинетінің өкілетті билік алдындағы, яғни, Парламент алдындағы жауапкершілігін күшейтеді. Қарапайым тілмен айтар болсақ, заң шығарушы тармағының атқарушы билікке бақылауы күшейе түседі.
Елбасының Конституциялық реформалар туралы Үндеуін ой елегінен өткізгенде, оның еліміздегі әлеуметтік-экономикалық және саяси жаңғыртулардың жалғасы екендігін түсінуге болады. Одан «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында алға қойылған міндеттердің жүйелі іске асыруға бағытталған шешімді көреміз. Енді Президент қабылдайтын шешімдердің біразы қысқарып, Үкімет пен Парламенттің құзіреті күшейе түседі.
Иә, кеше ғана Тәуелсіз еліміздің 25 жылдық мерейтойын лайықты атап өттік. Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев осынау қиын да нәтижелі болған жылдар ішінде Қазақ елінің басына түскен жүктің бар ауырын көтеріп, ештеңеден аянбады.Бар мақсаты – елін, халқын алға жетелеп, өркениетті елдердің қатарына жеткізуге ұмтылды. Осыдан 20 жылдай бұрын туған елін – Қазақстанды «Азия барысына» айналдыруды армандаса, енді ең дамыған 30 елдің қатарына қосуды, Мәңгілік Ел етуді алға мақсат етіп қойды. Не ойласа да, нені жоспарласа да өз халқымен кеңесе отырып, шешті. Міне, бүгінгі Үндеуі – соның тағы бір айғағы. Мұны Елбасы халықтың талқысына салып отыр. Тек, көп болып қолдау көрсетуге тиіспіз!

Әтіркүл Исаева,
«Меркі тынысы» газетінің
бас редакторы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *