Жастардың рухани-адамгершілік құндылықтарын жаңғырту

Жақында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Сіздер мен біздер тек болашақ буынды ғана емес, жалпы азаматтық қадыр-қасиеттердің мәні мен маңызын түсінетін, жаны да, тәні де таза, білімді патриот азаматтар буынын тәрбиелеуге міндетттіміз», – деп өз сөзінде айтқандай, Меркі ауданы әкімдігі білім бөлімінің «Мәңгілік Ел» тәрбие және білім беру орталығының ұйымдастыруымен №18 А.Қосанұлы атындағы тірек мектебі базасында «Жастардың рухани-адамгершілік құңдылықтарын жаңғырту» атты пікірсайыс турнирі өткізілді.

Белсенді жастардың қатарын толықтыру, ұшқыр ойлы, өз ойын жақсы дәлелдей білетін азаматтар даярлау, оларды отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа, шешендік өнерді меңгеріп, көшбасшы болуға тәрбиелеу мақсатында өткізілген пікірсайысқа Жамбыл облыстық пікірсайыс одағы «Еркін пікір» жастар қоғамдық бірлестігінің мүшелері төрағалық етіп, 25 үміткер команда сынға түсті.IMG-20171102-WA0002
Пікірсайыстың ашылуын хабарлаған орталықтың директоры Күлайым Шағатаева келген қонақтармен таныстырып, шараның мақсатына нақты тоқталып өтті. Аталған іс-шараға аудан мектептерінің барлығы қамтылып, 5 кезең бойынша өзара пікір таластырған жастар рухани жаңғырудың маңызын, қажеттілігін тілге тиек етіп, Елбасымыз алға қойып беріп отырған міндеттердің, ең алдымен, жастарға қажет екенін ортаға салды. «Рухани бай, адамгершілігі мол, білімді, бәсекеге қабілетті, туған жерін сүйетін, нағыз патриот болуға әркім-ақ мүдделі. Сондықтан да осынау қасиеттерді бойға сіңіру қажет, Отанымыз біздерден осыны күтеді» – десті жастар.
Пікірсайысқа қатысқан командалар арасында І орынды №39 Т.Қожакеев атындағы ОМГ-ның «Айқап» тобы, ІІ орынды «Ақиқат 39» тобы, ІІІ орынды №17 ОМГ-ның «Самға», №21 ОМ-нің «Болашақ» топтары иеленді. «Үздік төреші» номинациясын «Еркін пікір» жастар қоғамдық бірлестігінің төрайымы Нәр Қайратқызы иеленді. Жеңімпаздарды марапаттау салтанатына қатысқан жеңімпаздарға «Мәңгілік Ел» тәрбие және білім беру орталығының атынан мақтау қағазы мен естелік сыйлықтар табысталды (суретте).
Әсел Жолдасбекова, «Мәңгілік Ел» тәрбие және білім беру орталығының қосымша білім беру педагогы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *