Туған жерге туыңды тік! немесе, Ақ жол ауылындағы қызықты кездесу

115492-preview-image (1)

Өткен аптаның сәрсенбісінде, Тәтті ауылдық округіне қарасты Ақ жол ауылында, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласына орай алқалы жиын ұйымдастырылды. «Туған жерге туыңды тік!» акциясы аясындағы осынау іс-шара округтегі білім және мәдениет ошақтарының бастамасымен әзірленіп, онда ауыл тұрғындары, жастар, мектеп оқушылары ауылдан шыққан тұлғалармен кездесті.

Әтіркүл ТӘЖІБЕКҚЫЗЫ,   «Меркі тынысы».

Иә, бұл күні ауа райы қатаңдау мінез көрсетіп, айналаны аққырау шалып, аяз бетті қарыса да, сүттей ұйыған Ақ жол ауылындағы №15 Жауғаш батыр атындағы орта мектеп ғимараты мен ауылдық клуб үйі алыстан мен мұндалағандай еді.Алқызыл шарлармен, жалаушалармен безендірілген аула төріне тақырыпқа сай ілінген билборд, шарлар топтамасымен көмкерілген сахна, домбыра шанағынан төгілген әсем әуен, әрлі-берлі жүрген оқушылар мен ұстаздар, бәрі-бәрі бүгінгі жиынның маңыздылығынан хабар беріп тұр.
Расында да, бүгін ақжолдық бір топ азамат сүйікті ауылдарына бет бұрып, бірі қайырымдылық шарасын өткізсе, енді бірі демеушілік ете отырып, туған топырақтарына, өздері өскен ортасына деген ықыластары мен ілтипаттарын ала келіпті.Олар: аудан әкімінің орынбасары Б.Әбжапаров, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ж.Жантелиев, «Жылы бұлақ» ЖШС-нің басшысы А.Әкетаев, кәсіпкер азаматтар А.Мұстахметов, Ж.Спанқұлов, Ж.Мұсабаев, Н.Асылбаев, Ж.Өмірбаев, Қ.Көбегенов, Т.Анарбеков, К.Бердіқұлов, Е.Жаманбаев, Ж.Жантелиев, Ж.Сиха, ішкі істер органдарының қызметкерлері – Е.Сейітжан, Б.Сейітжан деген азаматтар.
Мерекелік іс-шара №15 Жауғаш батыр атындағы орта мектебінің 7-11 сынып оқушылары арасында тәрбиелік мәні бар сынып сағаттарын өткізуден басталды. Атап айтар болсақ, 11 сынып оқушылары «Киелі Ақ жол өңірінің төл перзенттері» тақырыбында мектеп түлектері, Ербол Сейітжанмен және Нұрсайын Асылбаевпен кездессе, 10 сынып оқушылары «Туған жер – алтын бесігім» тақырыбында осы мектептің түлегі, шаруашылық басшысы Аманжол Әкетаевпен кездесті.
Аманжол Асылкерімұлы өзінің өмір белестері туралы әңгіме қозғағанда, ең бірінші, өзінің осындай азамат болып өсіп-жетілуіне себепкер болған әкесі Асылкерім ата туралы айтты.
– Ол кісі Ұлы Отан соғысына 1942 жылы барып, елге 1945 жылы оралған, – деді Аманжол Әкетаев. – Еңбек ардагері болатын, өндірісте жүріп 2 рет «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен, бұрынырақ ҰОС-да «Қызыл Жұлдыз», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен марапатталған дей келе, кезіндегі аға ұрпақ өкілдерінің берген тәрбиесі, бағыт-бағдары, аядай ғана ауыл ішіндегі татулық, сыйластық туралы айтып, слайд арқылы өзінің өткен өмірінен нақты мағлұматтар берді.
Ал, 9 сынып оқушылары осы мектептің түлегі, аудан әкімінің ауылшаруашылық жөніндегі орынбасары Бақытхан Әбжапаровпен кездесіп, өздерін қызықтыратын сауалдарын қойып, нақты жауаптар алды. Осы сынып сағаты аясында Ажар Тұрсыналы есімді оқушы Бақытхан ағасының «Туған жерге туыңды тік!» атты өлеңін жатқа айтып берді.
Кімдер жеткен туған жер бағасына,
Байланасың қазығын қағасың да.
Қорағаты, Құрғақты, Мықанды, Ойтал –
Біздің ауыл Аспараның жағасында.

Амандығы әрбір үйдің, отбасының,
Ыстығындай Самарқан көк тасының.
Кешегі өткен тарихтан сыр шертеді,
Сай-саласы, жотасы Тоқташымның, –
дей келе:
Біздің ауыл жігіттері сырға берік,
Татулықты, ерлікті жырлап едік.
«Туған жерге туыңды тік!» –
дейді екен,
Ту тігейік, ендеше, жылда келіп… – деген Бақытхан Жақанұлының өлеңі сынып сағатына қатысқан оқушыларға ерекше дем бергендей!
«Туған жерім – кіндік қаным тамған жерім» атты тақырыпты таңдаған 8 сынып оқушылары мектеп түлегі, бірнеше жылдар бойына осы мектепті, аудандық білім бөлімін басқарған, бүгіндері мәдениет жағын тізгіндеп отырған Жұмахан Жантелиевпен жүздесіп, сынып сағатының мазмұнды өтуіне үлес қосты.
Ақ жол ауылындағы алқалы жиынның екінші бөлімі мектеп ауласында, ашық аспан аясында ұйымдастырылған сахна төрінде жалғасты (суретте). Бүгінгі жиынның қонақтары, туған ауылына кездесуге келген азаматтар, ауыл ақсақалдары алдыңғы қатарға жайғасса, одан соң ауыл тұрғындары мен мектеп оқушылары және т.б. жағалай орын тепті. Кездесудің бұл бөлімі мерекелік концертпен бастау алды. Айжан Мырзахан мен Мадияр Шалабаевтар «Думанды Меркі», «Ұлы дала» әндерін шырқап жиналған қауымды бір серпілтіп тастады. Талай ғалымды, іскер азаматтарды туғызып, қанат қақтырған Ақ жол ауылының өнерпаз жігіті Марат Хасенұлы да бүгінгі жиынға қатысып, әннен шашу шашты. Сондай-ақ, ақжолдық бауырымыз Нұрбек Рахимов та «Біз қазақпыз», мәдениет саласының қызметкері Нұрдәулет Исатаев «Сұлу Меркім – әсем ән» әнін нақышына келтіре орындап, баршаға патриоттық сезім сыйлады.
Құттықтау сөз кезегі Меркі ауданы әкімінің орынбасары Марат Қасымға берілді.
– Рухани жаңғыру бағытында біздер ата-бабаларымыздан келе жатқан салт-дәстүрлерімізді дамыта отырып, әрқайсымыз өзімізге бекітілген міндеттерімізді орындауымыз керек. Бүгінгідей жаһандану заманында алға ұмтылу, бәсекеге қабілеттілік таныту, жақсы білім беру, сапалы қызмет көрсету арқылы ғана Елбасы алға қойып отырған мәселелерді орындай аламыз.Осыдан тоғыз жылдай бұрын Әбжапаров Жарылқасын деген ағамыз осы мектепке өз қаражатынан күрделі жөндеу жүргізіп, өскелең ұрпаққа игілікті іс жасаса, бүгінгі акция соның жалғасы іспетті. Міне, сол ағамыздан үлгі алған бір топ ауыл жігіттері бүгін құдық қазып, су жүргізіп, музыкалық аппаратура, балаларға жылы киімдер мен кітаптар сыйға тартып, қайырымды іс жасап жатыр, ол үшін біз де алғысымызды білдіреміз! – деді Марат Жарылқасынұлы.
Одан кейін сөз алған аудандық Ардагерлер ұйымының төрағасы Қамбарбек Иманалиев ағамыз да жалынды сөздерімен бүгінгі кездесудің тақырыбын аша түсті (жоғарғы суретте).
– Бұл мақала елді ынтымаққа, бірлікке, бауырмашылыққа шақырып отыр. Міне, бауырмашылдық деген осы емес пе, кешегі кішкентай ғана елді мекеннен, ол кезде бастауыш мектеп болатын, одан кейінгі 7 және 8 жылдық мектептен түлеп ұшқан азаматтар кіндік қаны тамған жерге, балалық балаң шағы өткен жерге келіп, қол ұшын беріп, өздерінің өмір жолдарын айтып жатыр. «Біз де осындай мектепте оқығанбыз, біз жақсы оқығанбыз, тәртіпті болғанбыз, ұстаздарды, үлкенді сыйлағанбыз, кішіге қамқор болғанбыз, сөйтіп, осындай қалге жеткенбіз, сіздер де бізге ұқсаңыздар деп жатыр. Жақсы тәрбие алса екен, ешкімнен кем болмаса екен, тіптен, отырғызған талды суғарса екен деп құдыққа дейін қазып беріп отыр. Музыкалық аппарат, кітаптар мен жылы киімдер сыйлап отыр… Бізге қызыға да, қызғана да қарап отырған елдер көп. Ең бірінші, Тәуелсіз елімізді сақтауымыз, Тәуелсіздікті бағалауымыз керек. Ол үшін ынта керек, Елбасын қолдауымыз керек. Сонда ғана «Мәңгілік ел» боламыз! – деді Қамбарбек Иманәліұлы.
Ортаға шыққан ауыл ақсақалдары Қ.Мамырбаев пен Ж.Бегайдаров та тағылымды ойлары мен сөздерін жеткізіп, туған ауылына бет бұрып, үлгі-өнеге көрсетіп отырған бір топ ақжолдық азаматтарға ризалықтарын білдірді. Осынау қастерлі істің жалғасын табатынына сендірді.
Иә, бүгінгі іс-шараға үлес қосып, өзгелерге үлгі-өнеге көрсетіп отырған ауыл азаматтары туралы сөз қозғағанда, бұрынғы «Ленин жолы» мектебінің ұстаздары, оның ішінде осы білім ошағында ұзақ жылдар бойына адал еңбек еткен, 30 жылдай директор болып басқарған Сейдуахас Бердібаев ағамыз туралы айтып өтпесек болмайды. Ұлы Отан соғысының ардагері Сейдуахас Бердібаев өзінің ұстаздық еңбек жолын 1949 жылы «Ленин жолы» мектебінде бастауыш сыныбы мұғалімі болып бастайды да, 1950 жылы білімін көтеру үшін Шымкент қаласындағы мұғалімдер даярлайтын институттың тіл-әдебиеті факультетіне оқуға түсіп (өндірістен қол үзбей), 1955 жылы бітіріп шығады.Сол жылы, яғни, 1950 жылдың күзінде «Ленин жолы» сегізжылдық мектебінің оқу ісінің меңгерушісі болып, ал 1954 жылдың 1 қыркүйегінен осы мектептің директоры болып тағайындалады. Содан 1983 жылға дейін абыройлы еңбек етіп, ұстаздық ісінің «жілігін» шағады. Ол көптеген ауыл жастарына сапалы білім, саналы тәрбие берген, Отанына лайықты азамат етіп дайындаған, өзінің жиені, қазақты әлемге танытқан математик-ғалым Төленді Мұстафинді тәрбиелеген азамат еді. Оның іс-тәжірибелері кезінде республикаға, облысқа, аудандарға таратылып, енгізілген болатын. Міне, бүгінгі ауылына бет бұрып, келіп отырған атпал азаматтар осы Сейдуахас Бердібаевтың шәкірттері, нағыз ізбасарлары…
Іс-шара барысында Б.Әбжапаров пен Ж.Жантелиев ауыл мектебіне 420 мың теңгенің музыкалық аппаратын сыйласа, А.Әкетаев 250 мың теңгеге 25 түп туя ағашын және 250 мың теңгеге 100 дана әдеби кітап алып берді. Кәсіпкерлер А.Мұстахметов пен Ж.Спанқұлов мектеп ауласына құдық қазып беріп, игілікті іс жасады. Сондай-ақ, облыстық ішкі істер департаментінің қызметкері Е.Сейітжан мен аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкері Б.Сейітжан екеуі 75 мың теңгеге 3 оқушыға қыстық киім сатып әперді. Сол сияқты Н.Асылбаев, Ж.Өмірбаев, Қ.Көбегенов, Жасұлан Жантелиевтер 4 оқушыға, әрқайсысы 25 мың теңге болатын, қыстық жылы киімдер алып беріп, риза етті. Жаннұр Сиха 15 мың теңгеге мектепке перде сатып әперсе, кәсіпкерлер Т.Анарбеков, Е.Жаманбаев және К.Бердіқұловтар қаржылай қолдау көрсетті. Осы күні барлығы 2 млн. теңгеге жуық болатын демеушілік, қайырымдылық шаралары жүзеге асты.
…Түске қарай қарашаның аязы «сынып», айнала төңірек жайнап сала берді. Пейілі кең ақжолдықтар енді демеушілер әкелген тал-тарақтарды отырғызуға кірісті. Ауыл ақсақалдары, қонақтар, тіптен, оқушылар да бірі қолдарына күрек ұстап, енді бірі шелегімен су әкеліп бәйек болып жүр. Осылайша 25 туя ағашы отырғызылып, мектеп ауласына көрік бере түсті. Осынау тамаша көріністерге қарап тұрып, «Қайран, қаймағы бұзылмаған, бірлігі жарасқан ауылым-ай!» – деп тарастық біз де.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *