Өнерде өрге жүзген

115492-preview-image (1)

Өткен сенбіде, аудандық Мәдениет үйінде, Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан туындайтын «Туған жер» бағдарламасы аясында жерлесіміз, Жамбыл облыстық филармониясының көркемдік жетекшісі, ҚР-ның мәдениет саласының үздігі, әнші Мұсапанов Әріпбай Мұханұлымен кездесу болып өтті.

Әлихан НҰРАЛИЕВ  (суреттер  автордікі), «Меркі тынысы».

Патриотизмнің басты белгісі саналатын кіндік қаның тамған жер, өскен өлкеңе деген ерекше құрмет арқылы отансүйгіштік қасиеттерді молынан жинақтауға болады. Басты мақсаты да осы тәлім-тәрбиені қалың бұқараға кеңінен насихаттау екенін білдіретін бүгінгі кешті жүргізушілер әу бастан-ақ, Әріпбай Мұханұлының өнер әлеміндегі елеулі жетістіктерінен хабар беретін өмірнама деректерімен таныстырды.
Сонымен, қазіргі өз сөзімен айтар болсақ, «Қайда жүрсем де Ақтоғаныма алаңдаймын» дегеніндей, 1953 жылы осы ауылда туған Ә.Мұсапанов Әл-Фараби атындағы өнер институтын мәдени-ағарту жұмыстары, эстрадалық және үрмелі аспаптар оркестрінің дирижері және жетекшісі мамандығы бойынша тәмамдаған. 1975 жылы Меркі аудандық Мәдениет үйі жанынан құрылған «Меркі әуендері» атты фольклорлық-этнографиялық ансамблінің негізін қалаушылардың бірі болып, осы аталған ұжымның көркемдік жетекшісі ретінде аттай 18 жыл, яғни, 1993 жылға дейін қызмет жасады. Бұл жылдар ауданымыз үшін өнердің нағыз өркендеп, қанат қаға биікке ұшқан жылдары болып ел жадында қалды. Оған дәлел ретінде «Меркі әуендерінің» 1976 жылы Мәскеудегі Одақтық көрмеге қатысып, «Халықтық» деген жоғары атаққа ие болуын, 1982 жылы Португалияда өткен дүниежүзілік байқауға қатысып, жүлдемен елге оралғандарын, 1985 жылы Франция, Швейцария, Италия елдерінде өткен Орта Азия және Кавказ халықтары елдерінің фестиваліне қатысып, тек Меркінің ғана емес, еліміздің байрағын жоғары көтере білгендерін атасақ болады. Сонымен қатар, сол 1985 жылы Мәскеуде өткен Дүниежүзілік жастар мен студенттердің ХІІ фестиваліне шақырту алып, қазақтың дәстүрлі өнерін насихаттауы арқылы лауреат атанулары да ұлтымызды алысқа танытуларының бір белесі болатын.DSC_0083 копия
Міне, осы ұжымның өтпелі кезеңнің өкпек желіне де шыдас беріп, тарқамауына себепкер болған Ә.Мұсапанов еңбек жолының бастапқы кезінде ыстық-суығын бірге татқан «Меркі әуендерінен» еш қол үзген емес. Аталмыш ұжым 2001 жылы Алматы қаласында өткен «Шаңырақ» атты форум-фестивалінің дипломанты атанып, 2014 жылы Солтүстік Қазақстан облысында өткен Сегіз сері атындағы 1-Республикалық халық аспаптар оркестрлері және ансамбльдері фестиваліне қатысып, облыс әкімінің Алғыс хатын алғанда да алғашқы құттықтау сәлемін жіберген осы ағамыз болатын-ды.
Осындай өнер жанашыры Әріпбай Мұханұлы 2001 жылдан облыс орталығы – Тараз қаласында қазақ өнерін дәріптеу жолында жемісті еңбек атқарып жүр. 2013 жылы осындағы №1 Сарымолдаев атындағы балалар үйінің жанынан «Мерей» ансамблін құрғаны да бар. Қазіргі таңда республикамызға танымал болған осы ұжым ҚР мәдениет министрлігінің бұйрығымен «Халықтық» атағына ие болып, халықаралық «Бозторғай», республикалық «Арай», «Жас толқын» ән байқауларының лауреаты атанды. Ерен еңбек әрине, ескерілмей қалмайды. 2011 жылдың сәуір айында Елбасы Н.Назарбаевтың Алғыс хатымен марапатталғаны соның айқын дәлелі болса керек.
Міне, Меркі жерінің түлегі, жерлесіміз Ә.Мұсапановпен кездесу кеші ауданымыздағы «Үміт» сарайының бишілер тобы дайындаған «Шашу» биімен бастау алды. А.Дүйсеновтың «Ауылға сағыныш» әнін тамаша орындаған Ислам Ергашевтен кейін №1 саз мектебінің домбырашылар оркестрі Құрманғазының «Адай» күйін шертсе, №2 саз мектебінің шәкірті Пернебай Бекарыс «Джентельмен» әнін шырқады. Н.Тілендиевтің мәңгі өшпес «Құстар қайтып барады» әнін жоғары деңгейінде орындаған дуэт – №1 саз мектебінің оқушылары Айдын Алпысбай мен Бибінұр Жақсылықовадан соң осы мектептің шәкірті Еркежан Байбусинова халық әні «Қамажайдың» әуенін электро-пианинода орындап шықты.
Сахна төріне Ә.Мұсапанов көтеріліп, бала күнінен өнерге ғашық еткен ерке Алатаудың төскейіндегі Ақтоғанын сағынып, Меркісіне мейірленетінін айтып, сонау жастау кезінде іс-сапармен жүріп, кезінде Париж аспанын әнге бөлеп, қазақты төрткүл дүниеге танытқан Әміре Қашаубаевтың тарихи концертіне қатысқан француздың бір қариясын жолықтырғанын әңгімеледі. Сол ақсақал «Мен қазақ деген өнерлі ұлтқа сол күннен ғашық болдым, ол осы уақытқа дейін қазақ әндерін тыңдай жүруіме түрткі болды. Қазақтың бір баласы екенсің, ешкімге ұқсамас өнерлерің үшін бас иемін, алдыңда» – деген екен. Мен осы эпизодты әдейі көрсетіп, жазып отырмын. Себебі, біздің ұлтымыз өзгелерді қару кезеп, басынбаған, тек бойындағы бар құндылығы – өнерімен ғана табындырып, бағындыра әрі тағзым жасата білген, сол үрдіс әлі де шексіз жалғасуы шарт. Елбасының бағдарламалық мақаласындағы рухани жаңғыру да соны меңзейді.
Әрі қарай, өзімен қызметтес болған белгілі өнер иесі Жұмабай Сексеновты жақсы жағынан еске алған Әріпбай аға ол кісінің жұбайы Сұлушаш жеңгемізді ортаға шақырып, бірге өткен өмір қатпарларына сапар шегіп, есте қалған, көпшілікке мәлім емес сәттерден сыр шертісті (суретте). «Меркі әуендерінің» Ж.Сексеновтың «Мереке» күйін де осы кезде тартулауы кеш маңызын арттыра түскендей болды. Келесі кезекте С.Сейфуллиннің «Тау ішінде», К.Әзірбаевтың «Туған жер» әндерін «Меркі әуендері» ән-би ансамблінің фольклорлық-этнографиялық тобымен бірге орындаған Ә.Мұсапанов (төменгі суретте) рухани жаңғырудың бір тармағы өнер болғандықтан ол саналарда рухани сілкініс беріп, ұлы мұрат-мақсаттардың түйін-тұжырымын мәйелі ой-толғаумен саралайтын жоспарлы жоба екенін атап өтті.
Сұрақ-жауап кезінде көпшіліктің көкейінде жүрген бірқатар сауалдарға жауап берген өнер иесі Әріпбай Мұханұлы Тараздағы өзі ашқан өнер студиясында осы салаға икемі бар меркілік жас буын өкілдерін қажет жағдайда одан әрмен тәрбиелеуге мүмкіндік жасайтынына тоқталды.
Өнерге әркімнің-ақ таласы бар, сол сияқты кез-келген әр адам оның алдында бас иіп, тағзым жасайтыны тағы айқын. Осы тұрғыда сахна алдына аудан әкімі Мейірхан Өмірбековтың (суретте) өнер иесін ұлықтайтын «Ықылас» гүлі қойылып, сөз алған аудан басшысы:
– Әр сала бойынша арқа сүйер азаматымыз өзімізден шыққаны абзал. Қоғамның рухани жаңғыруы кезінде сондай жерлестеріміздің аузынан шыққан әр сөзі көпшіліктің көңілін көпшітіп, санасын сығалай сәуле шашса, сол игі. Сондай, байлық емес – бірлікті, мансап емес – тірлікті ойлаған Әріпбай ағамыз жүрген ортасында сый мен құрметтің дара иесі болып қалыптасқалы қашан! Төлеген Айбергеновше айтсақ, «Жанам деген жүрекке от беретін» қоғамның қозғаушы бір күшіндей Әріпбай Мұханұлымен мақтансақ, жарасымды. Халық алдында кішік болып, көрерменге қызмет жасаған бүгінгі кездесуіңіз үшін үлкен алғыс арқалаңыз, аға! – деп, жүрекжарды лебізін білдірді.
Келесі кезекте сахна төріне Ә.Мұсапановтың тараздық өнерпаз шәкірттері шығып, меркіліктерге өздерінің концерттік бағдарламаларын ұсынды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *