Ел экономикасын биікке шығаратын сала

ел экономикасын би

Сәрсенбінің сәтті күні, аудан әкімдігі мен ауылшаруашылық бөлімінің ұйымдастыруымен, аудандық Мәдениет үйінде ҚР Ауылшаруашылығы қызметкерлері күніне орайластырылған салтанатты жиын болып өтті.

Әлихан НҰРАЛИЕВ  (сурет  автордікі), «Меркі тынысы».

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзіне жүгінсек, агросала ел дамуының жаңа драйвері болып қалыптасуы шарт. Ол жөнінде орасан зор істер де өз деңгейінде атқарылып жатуы бұл жоспардың жаңа қарқын алғанын көрсетеді.
Әріден емес, өз ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуының көрсеткіштерінен бастасақ, соңғы жылдары облыс бойынша ешкімге дес бермеген меркілік диқан мен малшы, бағбан мен кәсіпкерлердің өзгелерден оқ бойы оза шабуы бұл саладағы ілгерілеушілік факторларының айғағы екені рас. 2015 жылы, одан араға жыл салып, ағымдағы 2017 жылы да аймағымыздың биік жетістіктерін паш етер облыстық ауылшаруашылық еңбеккерлерінің дала семинарлары біздің ауданда, мерейлі Меркі жерінде өтіп, жерлестеріміздің еңбек майданындағы ерік-жігерінің жемісі өзгелерге үлгі ретінде таратылуы да соның бұлтартпас дәлелі.
Бүгінгі жиын аудан көркемөнерпаздарының осы айтулы датаға арнаған концерттік бағдарламасымен бастау алды. Алдымен, Мадияр Шалабаев, Бекет Алдабергенов, Айжан Мырзахан, Шолпан Орманқұлова, Ұлжан Қойлыбаева, Гүлнұр Нұрлыбаева сынды көпке таныс әншілердің тамаша өнерінен нәр алған дала төсі еңбеккерлерінің назарына арнайы ЛЭД-экран арқылы меркіліктердің ерен еңбегі толықтай көрсетілген бейнефильм ұсынылды.
Міне, жыл бойғы өлшеусіз еңбегімен ер атанған халқына тағзым жасап, сахна төріне аудан әкімі Мейірхан Өмірбеков те көтерілді. Өңір басшысы төскейінде төрт түлігі мыңғыраған, етегінде егіні жайқалған, қойнауы құт-қазынаға толы Меркі жерінің ұландары – бүгінгі кешке арнайы шақырту алған ауылшаруашылығына қатысы бар барша жұртты үлкен мерекемен қызу құттықтап, қажырлы еңбектерімен еліміздің экономикасының дамуына ғана емес, қоғамның әлеуметтік тұрақтылығының нығаюына да қомақты үлес қосушы азаматтарды ұлықтау азаматтық парызымыз екеніне тоқталды. Әрі қарай сылтау емес – сүбелі іске, сан емес – сапаға, тұралау емес – жаңғыруға, жасыққа емес – асылға жанаса жүруге үндеген аудан әкімі М.Өмірбеков нақты цифрларға да тереңінен тоқталып, ауданның жоғары көрсеткіштерінен толық ақпар беріп өтті. Мерекелік кеш болғанымен, намысты оятып, қайратты жануды көксегені байқалған білікті басшы агорсаладағы «ақсаған», не болмаса, «тәй-тәй» басу кезеңі көпке созылған, солайша жүріп «ақсақал» болуға жақындаған «әттеген-айы» көп тұстарды да сынамалап өтті.
Көпті көңілдендіріп өткен қуанышты жайлар да бүгінгі жиын барысында белгілі болды.
Әсіресе, бау-бақша өсіруші диқандар үшін жағымды болған тың жаңалықты атап өтсек орынды, ол осы жиын барысында көпшілік үшін көзайымға айналды. Мейірхан Азатұлының айтуынша, облыстық «Казводхоз» мекемесінің мамандары ауданымызға арнайы келіп, Үлкен Шу каналы бойынан 82 ұңғыма қазуды қолға алмақ болған жобасы өзара келісілген, сол кезде аталмыш каналдан секундына 4 текше метрден су беріледі. Одан кейін тағы да қосымша 80 ұңғыма іске қосылып, су молынан болмақ екен. Бұл деген ағын судан зәрулік көріп, ол тірліктеріне қолбайлау болған аудан диқандары үшін сүйіншісін сұрамай-ақ беретін нағыз ақжолтай хабар болды.
Осылайша бір желпінген халық алдына бүгінгі мерекелік кештің марапаттау сәті де келіп жетті. Ауданымыздың ауыл шаруашылығы саласының дамуына қосқан қомақты үлестері мен абыройлы еңбектері үшін ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күні – кәсіби мерекесіне орай бірқатар азаматтар аудан әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталса, бір қауым еңбеккерлер аудандық мәслихаттың, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының Құрмет грамоталарына ие болысты. ҚР ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік Одағының 2-ші және 3-ші дәрежелі «Еңбек Даңқы» төсбелгілерін де өзіне лайық жандардың омырауынан көрсек, Кәсіптік Одақтың Жамбыл облыстық филиалының Құрмет грамотасымен аудан әкімдігінің ауыл шаруашылық бөлімінің бас маманы Алмас Ерғазыұлы жеке дара марапатталды.
Одан кейін лайықты азаматтарды ақшалай сыйақы және заттай тауарлармен марапаттау кезеңін өткізген аудан әкімі М.Өмірбеков жыл соңы қорытындыланып, оның нәтижесіндегі кемерінен тасыған табысқа ие болғанымызбен жеткен жетістікті місе тұтып, тұрақтамай, келер жылдағы биік белестерді бағындыру ісіне күні бүгіннен кірісе беруге шақырды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *