Жаңа ғимарат пайдалануға берілді

DSC_0317 копия

Жаңа жыл қарсаңында, 28-желтоқсан күні,  Меркі жұртшылығы тағы бір қуанышқа кенелді. Ойтал ауылдық округіндегі бұрынғы «Журавушка» балабақшасының ғимараты күрделі жөндеуден өткізіліп, №18 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне берілді (суретте).

Әтіркүл Тәжібекқызы, Расул Маллабаев, «Меркі тынысы».

Екі қабатты ғимарат мерекелік күйге енген: алқызыл шарлар, жалаушалар ілінген, музыкалық аппаратуралар іске қосылып, әсем әуен төгіледі. Жиналған ұйым-мекеме басшыларының, аудан тұрғындарының, жас спорт сүйер қауымның қарасы көп.
Жаңа ғимараттың ашылу салтанатын аудан әкімі Мейірхан Азатұлы Өмірбеков құттықтау сөз сөйлеп ашты. Меркіліктердің бүгінгі тыныс-тіршілігінен, Жаңа жылды жақсы нәтижемен қарсы алып отырғанынан хабардар еткен аудан басшысы:
– Биылғы жылы ауданымызда 13 ғимарат пайдалануға берілді.Оның 5-уі жекеменшік есебінен іске асырылды.Біздің кәсіпкерлеріміз енді мемлекетке өздерінің үлестерін қоса алатындай дәрежеге жетті. Жалпы, осы мектептің жобасы қалай жасалды, қаражаты қалай шешілді, қалай іске асырылды, мұның бәрі көз алдымызда. Бюджетті қорғаған кезде облыс басшысына аудандағы 3 спорт мектебінің екеуінің арендада отырғанын, біреуінің апатты жағдайда екенін айтып, осы бір дайын ғимаратты іске қосу үшін көмек беруін өтінген едік. Кәрім Нәсбекұлы біздің сұранысымызға түсіністікпен қарап, қолдау көрсетті. 250 млн. теңге ғимаратын күрделі жөндеуге кетсе, 92 млн. теңгесі газын, жылу беру жүйесін, т.б. жүргізуге жұмсалды. Міне, бүгін осы жарқыраған ғимарат пайдалануға берілгелі отыр… Осындай заманауи жабдықталған, қолайлы ғимараттың болуы – біздің де, осы спорт саласында жүрген азаматтарымыздың да арманы еді. Сол арман бүгін орындалып отыр. Ендігі міндет – балаларымызға дұрыс тәрбие беріп, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуіміз керек, – дей келе жиналған жұртшылықты Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.DSC_0317 копия
Ашылу салтанатынан соң аудан басшылары, Тараздан келген қонақтар мен жиналған қауым ғимарат ішіне кіріп, танысты. Мұнда 7 зал бар екен, олар: еркін күрес, қазақша күрес, жеңіл атлетика, қол күресі, шахмат, тоғызқұмалақ және теннис залдары. Жалпы, келушілер спорттың 9 түрімен айналысуға мүмкіндік ала алады. Осы уақытқа дейін спорт мектебінің ескі ғимаратында 700-ге жуық жасөспірім жаттыққан болса, алдағы жылы олардың санын 1000-ға жеткізу жоспарда бар екен.
Мектеп ғимараты заманауи жабдықталған, аталған спорт түрлерінен жаттықтыруға қажетті жабдықтардың бәрі алынып, орналастырылған. Киім ілетін гардероб бар, душтар жұмыс істейді. Оған қоса, медбике мен психолог қызметіне, әдіскерге, директордың орынбасарына арналған кабинеттер де қарастырылыпты. Бүгінгі таңда мұнда 33 штатпен жұмыс атқарылып жатыр, алдағы уақытта, қызмет ауқымының кеңеюіне байланысты штаты толықтырылмақшы.
Жаңа спорт ғимаратының ашылуын Жаңа жыл мерекесі алдындағы тамаша сыйға балаған жұртшылық риза көңілмен аттанды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *