Үштілді оқыту – заман талабы

115492-preview-image (1)

Құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді.
Н.Ә.Назарбаев

Қазақстан Республикасында көптілді тұлғаны қалыптастыру көп ұлтты еліміздің бірігуінің негізі ғана емес, өркениет көшінде бәсекеге қабілетті маман қалыптастырудың алғы шарты.
Көп тілді білу – өмірлік қажеттіліктен туындаған құбылыс. Қай заманда болсын, бірнеше тілді меңгерген мемлекеттер мен халықтар өзінің коммуникациялық және интеграциялық қабілетін кеңейтіп отырған. Халықтың рухани, мәдени құндылығымен сусындау үшін ана тілін білу керек. Әрбір адамның өз тілінде сөйлеп, білім алып, азамат болып қалыптасуы маңызға ие. «Әр елдің тілін, өнерін білген кісі өзгемен бірдейлік деңгейде сұхбаттаса алады» – деген Абай атамыз. Бүгінде тіл білгеннің тіршілігі түзу. Тарих беттеріне шолу жасасақ, ұлы ғұлама Әбу Насыр әл-Фараби өз өмірінде 70-ке жуық ұлттың тілін білгендіктен, сонымен қатар, ақын Абай Құнанбаев орысша хат танып, өзге тілді үйренсе де, өз тілін құрметтеп, артына өшпес мұра қалдырған.
Кейбір ғалымдар екі немесе үшінші тілдерде бір уақытта оқытылуы: екінші және үшінші тілдерде сөйлеу, есту, жазу және оқудағы функционалдық сауаттылығын жоғары деңгейінің дамуына (Даркенесс, 2013); мәдениаралық құзыреттілігінің дамуына (Дженесси, 2004); академиялық табыстылыққа – бірнеше тілдерді меңгеру оқушының тілдік емес пәндер бойынша үлгерімін жақсартады (Андреаде 1968); сананың когнитивті және метакогнитивті дағдыларының дамуына: талдау, интерпретация, салыстыру, импровизация, жинақтауға (Розенбуш, 1995) әсерін тигізеді деп дәлелдер келтіреді.
Үштілдік туралы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев білім және ғылым саласы қызметкерлерінің III съезінде сөйлеген сөзінде: «Ағылшын тілінің қажеттілігі әлемге тән қажеттілік, бүгінгі күн талабы. Ал, орыс тілін жақсы білу – біздің байлығымыз» – десе, 2007 жылғы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Жолдауында: «Қазақстан бүкіл әлемде халқы үш тілді пайдаланатын жоғары білімді ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі» – деген болатын. Бірнеше тілді меңгеру арқылы жас ұрпақ білім кеңістігінде еркін самғап, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіндік алады. Мектептердің үш тілде оқытуды қолға алудағы негізгі мақсаты – бірнеше тілді меңгерген, жан-жақты білімді, бәсекеге қабілетті, мәдениетті тұлғаны қалыптастыру болып табылады.
Мен 2017 жылдың қараша айында 2,5 айлық «Жаратылыстану бағытындағы пәндерді үш тілде оқыту» қарқынды курсын аяқтап, Macmillan Education «А1», «А2» сертификаттарын алдым. Әрине, курс басында үлкен үрей болды, өзге тілді қалай үйренемін, бірақ та курс барысында бұл қорқыныш сейіліп, осы тілді толықтай меңгерсем екен деген талпыныс пайда болды. Жалпы курс барысында ағылшын тілін үйреніп, пән мен тілді кіріктіріп оқыту әдістерімен таныстым. Соның ішінде маған ұнаған әдіс ол – CLIL әдісі.
Пән мен тілді біріктіріп оқыту әдісі СLIL (Content and language integrated learning) сабақта берілетін тапсырмалар мен жұмыстар тілді дамытуды қамтиды, яғни, тілдік емес пән мұғалімі тек пәннің мазмұнына ғана жауап бермейді, сонымен қатар, сол пән арқылы оқушылардың тілдік дағдыларын дамытады. Яғни, мұғалім тек пәнге қатысты мақсатты және оқытып жатқан тілі бойынша екінші мақсатты қояды. Сөйтіп екі мақсатқа бірдей қол жеткізуге болады, пән екінші немесе үшінші тіл арқылы оқытылады және де пәндерді меңгеру арқылы ғылыми тіл дамиды.
Сонымен қатар, СLIL әдістемесінің, сабақта тиімді пайдалануға болатын тапсырмалардың көптеген түрі бар. СLIL әдісін өз тәжірибемде пайдалану мен үшін пайдалы деп есептей келе, бос орындарды толтыру, анықтамаларды салыстыру, сөйлемнің басы мен аяғын табу сияқты әдістерді өз сабақтарымда қолданудамын. Және де әр жаңа тақырып бойынша жаңа терминдерді ағылшын тілінде оқушыларға үйретудемін. Келешекте ағылшын тілінің «А1», «А2» деңгейлерінен де жоғары «В1», «В2» деңгейлерін меңгеріп, әрі қарай біліктілігімді арттырам деген ойдамын.
Қорытындылай келе, болашақ жастарымыз өз тілін ардақтай отырып, заман талабы тудырып отырған үш тілде еркін сөйлеп, әлемнің кез-келген жерімен еркін байланысқа түсіп жатса, еліміздің ертеңінің көркейе түсері сөзсіз. Олай болса, бүгінгі талапкерлерге әлемдік кеңістікке қанат қағып, шет тілін меңгерсем деп талап білдіргендерге сәттілік тілеймін!

Д.Бопиева,
№39 Темірбек Қожакеев атындағы орта мектеп- гимназиясының биология
пәнінің мұғалімі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *