ХАЛЫҚ ИГІЛІГІ ҮШІН

DSC_0019

Өткен сәрсенбіде аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында облыстық Қоғамдық кеңесі мүшелерінің медициналық сақтандыру, әйел азаматтардың зейнет жасына шығуы, атаулы әлеуметтік көмек және латын әліпбиіне көшу мәселелерін түсіндіру бойынша кеңейтілген жиыны болып өтті (суретте).

Әлихан  НҰРАЛИЕВ,  (сурет автордікі),  «Меркі тынысы».

Аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауылдық округтердің әкімдері, облыстық және аудандық деңгейдегі депутаттар, ақсақалдар алқасы мен ардагерлер кеңесінің төраға, мүшелері, қоғамдық кеңес мүшелері, мекеме, ұйым басшылары, сондай-ақ, көпбалалы аналар мен аудан тұрғындары қатысқан жиынға аудан әкімінің орынбасары Марат Қасым төрағалық жасап, облыстық түсіндіру және насихаттау тобының мүшелерімен таныстырды. Олардың қатарында облыстық Қоғамдық кеңесінің аграрлық саясат, ауылдық аумақтарды дамыту, табиғатты және жер ресурстарын пайдалану мен техногендік үрдістер мәселелері жөніндегі комиссияның төрайымы Бақыт Сапарбаева, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Жамбыл облысы бойынша филиалының бас эксперті Жанкелді Мыңжасаров пен Қазақстан Республикасы еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің бөлім басшысы Райхан Назарова болды.
Аудан әкімінің орынбасары М.Қасымның жиын тақырыбына сай қысқаша ақпарларынан соң сөз алған Ж.Мыңжасаров міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі, оны енгізу мерзімінің 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін шегерілуіне байланысты жарналар мен аударымдарды төлеу тәртібімен таныстырды. Оған сүйенсек, жұмыс берушілер үшін МСҚ-на аударатын аударымдар мөлшері өзгермейді, олар 2018-2019 жылдары 1,5 пайыз, ал, 2020 жылдан бастап 2 пайыз көлемінде. Қарамағында жалдамалы жұмыскерлер бар жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының иелері де жарнаны осы тәртіп бойынша төлейді. Ал, жеке тұлғалар жарна төлеуден 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін босатылады. Азаматтық-құқықтық келісім-шарт негізінде табыс табатын тұлғалар төлейтін жарна мөлшері төмендетіледі. Олар 2020 жылдан бастап табыстың 1 пайызы, 2021 жылдан бастап 2 пайызы көлемінде жарна төлемек, 2018-2019 жылдары олардың табысынан жарна ұсталмайды екен. Жеке кәсіпкерлер 2018-2019 жылдары өзі үшін жарна аудармайды. Бірақ, қарамағындағы қызметкерлер үшін жұмыс беруші ретінде жарна аударуды тоқтатпайды. Мемлекет жекелеген санаттағы азаматтар үшін жарнаны 2020 жылдан бастап аударады. Аударылатын жарна мөлшері оған дейінгі екі жылға бекітілген орташа айлық жалақының 4 пайызын құрамақ. DSC_0019
Келесі сөз алған Р.Назарова «Қазақстанның зейнетақы жүйесін жаңғырту» тақырыбындағы баяндамасында 2018 жылдан бастап жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілін арттыру мақсатында тиісінше зейнетақы жинақтарының өсуіне байланысты әйелдердің зейнетке шығу жасын 58 жастан 63 жасқа дейін (10 жыл ішінде 6 ай сайын) арттыру көзделгенін, сонымен қатар, аналарды ынталандыру мақсатында және азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдау үшін қатысу өтілі, сонымен бірге, жұмыс істемейтін ананың жас балаларды бағып-күткен уақыты, бірақ әрбір бала 3 жасқа толғанға дейін, жалпы жиынтығы 12 жыл шегіндегі уақыты, 16 жасқа дейінгі мүгедек бала күтімінің уақыты есепке алынбақ екенін және т.б. зейнетақы тағайындау тәртіптері мен жайларын толықтай жеткізді.
Келесі жиын мінберіне көтерілген аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ш. Абылқасымов өз баяндамасын жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек турасына негіздепті. Аталмыш баяндаманың халыққа аса қажетті тұстарына тоқталсақ, ҚР-ның 2015 жылғы 28 қазандағы халықты әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы №369-V Заңының 6 тармағына сәйкес «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» 2001 жылғы 17 шілдедегі ҚР-ның Заңына өзгерістер енгізіліп, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілгені белгілі. Осы жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек бүгінгі күнде ұсынылып отырған жәрдемақының үш түрінің, атап айтқанда: көпбалалы отбасыларға берілетін арнайы мемлекеттік жәрдемақы, 18 жасқа дейінгі балаларға арналған мемлекеттік жәрдемақы және аз қамтылған отбасыларына берілетін мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмектің орнына ұсынылатын болады. Осы аталған Заңның іске асырылуын қамтамасыз ету үшін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2017 жылғы 4 қазандағы №329 бұйрығымен атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу қағидалары да бекітілді.
Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек отбасының орташа табысы облыстарда белгіленген кедейшілік деңгейінен аспайтын отбасыларына шартсыз және шартты ақшалай көмек түрінде беріледі екен.
Міне, осы және басқа да заңнамалық тәртіптер кеңінен түсіндіріліп, керек жағдайда арнайы мекемелердегі мамандардан қосымша кеңес алу керектігі ұсынылған жиын кезінде бірқатар тұрғындар облыстық қонақтар тарапынан өздерін мазалаған, алайда, өзгелерге де қажетті сұрақ-сауалдарына тұщымды жауаптар алып, тарқасты.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *