Кооперация – табыс кепілі

DSC_0031

Өткен аптада аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында «Ауылшаруашылық кооперативтерінің құрылуы мен мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау туралы» атты бүгінгі күннің басты тақырыбын қамтыған кеңейтілген жиын болып өтті.

Әлихан  НҰРАЛИЕВ,  (суреттер  автордікі),  «Меркі тынысы».

Аудан әкімі Мейірхан Өмірбеков төрағалық еткен жиынға аудан әкімінің орынбасары Бақытхан Әбжапаров, облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының инновациялық және ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бөлімінің басшысы Серікхан Пернеш (суретте), аудан әкімдігінің ауылшаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Болатхан Тәнекей мен басқа да қызметкерлері, ауылдық округтердің әкімдері, «Меркі өнімдері» ауылшаруашылық кооперативінің мүшелері, шаруа қожалықтарының басшылары, сондай-ақ, кооперация саласына қызығушылық танытқан аудан тұрғындары (суретте) қатысты.
Агроөндірісті өзіндік даму сатысымен жоғары бастайтын, бұл үрдіс бойынша биік межелерге қол жеткізген өзге елдердің бай тәжірибесі – ауылшаруашылығын кооперацияландыру бойынша аудан шаруаларының қатысуымен тиісінше ақпараттық-насихаттық жиындар, түрлі семинарлар өткізілгенімен, халық арасында бұл тың тірлікке білек түре кірісу тетігі өз дәрежесінде жұмыс жасамауы немесе ел арасында жаңалыққа тосырқай, қаймыға қарау қаракетсіздіктері факторы бары жасырын емес. Міне, ә дегеннен осы тұсқа тоқталған аудан басшысы Мейірхан Азатұлы кооперацияға бірігудің тиімділігі турасында мысал ретінде, мал өсіру жағына назар аударып, әр шаруаның әр бас малды бордақылап, санитарлық нормаларға сай арнайы мал сою алаңына әкеліп, оның сойылу құжаттарын рәсімдесе, үкімет тарапынан әр ірі қара үшін 20 мың, қой басы үшін 1500 теңге субсидиялық қаражат алмақ екенін жеткізді. Тек, мал бордақылаушылар дербес, шашыраңқы болмай, бірігіп, кооперативтік ұжымға жұмылуы – айналып өтпейтін, бірден бір шарт екенін де баса айтты. Мысалы, соңғы түгел емес есеп бойынша, тура осы таңда ауданымызда 137 тұлға өз қора-жайларында 2000-нан астам ірі қара малды бордақылап жатқанға ұқсайды. Олар оны сатқанымен, әр басқа қарастырылған үкіметтік 20 мың теңгеден немесе 2000 бастың әрқайсысынан алуға болатын 20 мың теңгеден, жалпы барлығы 40 млн. теңге ақшадан «ашық күнде адасып», қарап отырып қағылып жатқаны ортаға салынды.
Сөз кезегін алған облыстық қонақ Серікхан Пернеш жиын тақырыбына сай, нақты цифрларға негізделген ақпараттық баяндама жасады. Жоғарыда айтылған мемлекеттік қолдауларға қосымша кооператив мүшелері арнайы автокөлік, құстарға арналған тор, сүт сауу қондырғыларын сатып алу және азық цехын, мал сою алаңын жабдықтау, көкөністерді сұрыптау және дайындау пункттері және т.б. аса қажетті нысандардың керек-жарақтарына кеткен қаржылай шығынның 50 пайызы үкіметтік субсидиялау арқылы өтелетінін айтты.
Әрі қарай, түйіткілді мәселелері түгел шешілмеген осы кооперациялық қозғалыстың нық басып, алға адымдауы үшін өз пікірлерімен бөліскен аудан әкімдігі ауылшаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Болатхан Тәнекей, аудандық кәсіпкерлер палатасының төрайымы Лиза Азизбекова, «Қасапхана» шаруа қожалығының басшысы Нұрбол Шайхиев, белгілі кәсіпкер Дүйсехан Садыров және басқалардың кооперативтік көштің дұрыс бағытқа бет алып, түзелуі тұрғысындағы ой-ұсыныстары тыңдалды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *