МІНДЕТТЕР ТІКЕЛЕЙ БИЗНЕСКЕ ҚАТЫСТЫ

Елбасымыз биылғы Қазақстан халқына жолдаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында цифрлық заманға бейімделудегі негізгі 10 міндетті анықтап берді.

Төртінші өнеркәсіптік революция – әлемдік деңгейде өтіп жатқан процесс және де әлем елдерінің барлығы бұл жүйені үздіксіз енгізуде.
Ең алдымен, еңбек нарығы, саяси жүйелер, күн көріс ортасы, экономика салаларын өзгерістер күтіп тұр. Мұның барлығы адам өмірінің сапасын жақсартуға бағытталған. Қазақстан аталған үрдістерге лайықты болуы керек, Мемлекет басшысының да көздегені осы деп санаймыз.
Жолдаудың «Индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс» және «ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі» атты бөлімдерін ең өзекті міндеттердің қатарына жатқызуға болады. Бұл бөлімдердің тікелей «бизнес» әлеміне қатысы бар. Яғни, тіршілік әрекетінің барлық шеңбері, зауыттардан бастап, ауыл шаруашылығы өндірісіне дейін «ақылды» болуы тиіс.
Сондай-ақ, мемлекеттік әкімшілендіру кезінде кәсіпкерлер мен тұрғындардың шығындарын қысқартуға байланысты жұмыстарды жалғастыру қажет, осыған орай бизнесті реттеуге қатысуды әрі қарай азайтуға бағытталған заң қабылдауды жылдамдату керек, – деп тапсырған Елбасының сөздерін толықтай қолдаймыз. Президент осыған дейін де бизнеске жан-жақты қолдау көрсету керектігін сан мәрте тілге тиек еткен болатын. Мемлекет басшысының арқасында кәсіпкерлердің кәсібін жүргізуде оң септігін тигізген жаңартылған Салық кодексі пайда болды, бұған өзгертулер Кәсіпкерлер палатасының ат салысуымен енгізілді. Сонымен қатар, бизнес-құрылымның өтінімдері бойынша оларға бизнесін дамытуға кедергі жасаған, мазалаған проблемаларының көпшілігі оң шешілді. Нәтижесінде, Атамекеннің жұмысын Мемлекет басшысы жоғары бағалады. Өз Жолдауында: «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының бизнесті үйрету жөніндегі жұмыстары қолдауға тұрарлық» – деп атап өтті.
Сондай-ақ, Жолдауда айтылғандай, Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының құралдарын нығайта отырып, халықтың осы санаттарын кеңінен тарту қажет, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды тіркеу жұмысын мейлінше жеңілдетіп, оларға мемлекет алдындағы міндеттерін адал атқару тиімді болатындай жағдай жасау қажет. Президент «Қазақстандықтардың жаңа жұмыс орнын салыстырмалы түрде тезірек иеленуге, оның ішінде, еліміздің басқа да елді мекендерінен жұмыс табуға мүмкіндігі болуға тиіс», – деп атап өтті.
Өздеріңізге белгілі, 2017 жылдан бастап «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту 2017-2021 жж» бағдарламасының екінші бағыты бойынша «Бастау бизнес» жобасын іске асырушы операторы болып табылады. Біз өз тарапымыздан бүгінде Елбасының қойған талап-тапсырмаларын орындау мақсатында бірқатар жұмыстарды іске асырудамыз.
Нәтижесінде, Жамбыл облысының халқы бизнес негіздерін оқып, несие алып, өз кәсібін ашуға деген құлшыныстарының зор екенін білдірді. Өткен жылы «Бастау Бизнес» жобасы аясында Меркі ауданында 187 адам оқытылып, оның ішінде, 39 адам өз ісін ашу үшін шағын несиелерге қол жеткізді. Биылғы жылы оқытылатын адамдардың саны екі есеге артпақ.
Қорыта айтқанда, бизнесін ашуға, оқып, дамуға арналған қажетті бағдарламалардың барлығы елімізде бар. Мақсат айқын. Жаңа Жолдау ел экономикасының жаңа қозғаушы күшіне айналып, бизнес, өндіріс пен сан-саланың барлығы заманауи технологиялармен қамтылып, мемлекеттік стандарттарға сай болатынына сенім бар.
Лиза Азизбекова,
аудандық Кәсіпкерлер палатасының төрайымы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *