Бірлік бар жерде, тірлік бар

DSC_1816

Осы аптаның сейсенбісінде, аудан әкімі М.Өмірбековтың аудан тұрғындары алдындағы «2017 жылғы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және 2018 жылға арналған міндеттері» бойынша есебі Ақтоған ауылдық округінің әкімі О.Қосубаевтың жылдық есебімен бірлесе отырып, Ақтоған ауылдық округінің ғимаратында болып өтті.

Әтіркүл  ИСАЕВА, Расул МАЛЛАБАЕВ (сурет) «Меркі тынысы»

Есепті жиын басталмас бұрын, ауыл тұрғындары үлкен экраннан ауданда өткен жылы атқарылған жұмыстар мен жыл қорытындысы бойынша жасалған мәліметтерді көріп, тыңдады. Содан соң Ақтоған ауылдық округінің әкімі О.Қосубаев есепті жиынды ашық деп жариялап, баяндама жасады.
Баяндамада өткен жылы жоспарланған жұмыстардың орындалуы және тұрғындардың сұраныстарынан туындаған мәселелердің жүзеге асырылуы бойынша нақты мәліметтер келтірілді.
Одан әрі, ауыл әкімі, ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы, білім мен мәдениет салаларында атқарылған жұмыстар, мемлекеттік балалар жәрдемақысы бағдарламасының орындалуы, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасының барысы, көшелердің жарықтандырылуы, елді-мекендерді абаттандыру және т.б. бойынша кең көлемде баяндады.
Есеп беру үшін мінбеге көтерілген аудан әкімі М.Өмірбеков арнайы дайындалған слайд арқылы, 2017 жылы атқарылған жұмыстарды саралап, нақты фактілерді мысалға келтіре отырып, сөйледі. Ауданның жақсы көрсеткіштерін көрсетіп, кемшін тұстарының себептеріне де тоқталды.
– Ауданымыз 2017 жылды жалпы жақсы көрсеткіштермен аяқтады. Тек өнеркәсіп саласының көрсеткіштері төмен болды, 57,7 пайыз. Өнеркәсіп өнімдерінің төмен болуы, басты өнеркәсіп өнімін беріп отырған қант зауытында, есепті жылдың ақпан-маусым айларында, жалпы құны 1 млрд. 14 млн. теңгеге жаңғырту жұмыстарының жүргізілуі болды. Арғы жылы 140 мың тонна өнім өндірсе, есепті кезеңде 73837 тонна құмшекер өндірді. Ал, 2018 жыл 140 мың тонна өнім өндіреміз деп жоспарлап отыр. Андас батыр ауылдық округінде Е.Ниязбеков деген азамат балық зауытын іске қосты, осы жылы бұл кәсіпорын 1 млрд. теңгенің өнімін өндірмек. Сонымен бірге, «СА-БА-ЛТД» мұнай өңдейтін шағын зауыты іске қосылады деп отырмыз, ол биыл 40 мың тонна өнім береді, ол шамамен 5-6 млрд. теңге болады деп күтілуде. Сонда ауданымызда 2018 жылы өнеркәсіп өнімдері бойынша жақсы көрсеткіштерге қол жеткіземіз, – деді Мейірхан Азатұлы.
Ауданның кірісі мен шығысының көрсеткіштеріне тоқталған аудан басшысы, одан әрі егін және мал шаруашылығын кооперативтендіру, кооперативтерге несие беру жолдары, тыңайтқыштарды пайдалану жайы, фермерлік жылы жайды қолға алу, ет және сүт бағытындағы малдарды асылдандыру, ветеринария жұмыстары туралы ауқымды әңгімелеп, негізгі мақсаттарға қол жеткізудің «кілтінің» қайда екенін түсіндірді. Сонымен қатар, есепті кезеңдегі білім саласындағы жұмыстар, білім сапасының деңгейі, жаңа мектеп пен балабақшалардың пайдалануға берілуі, күрделі жөндеу жұмыстары, сондай-ақ, мәдениет пен спорттың барысы туралы да сөз қозғады. Жиын соңында сұрақ-жауапқа кезек беріліп, ауыл азаматы Ғалым Отарбаев жеңілдетілген тыңайтқыш ала алмай жүргенін, Достай Төлендиев газ қондырғыларында орын алған қауіпті ахуал туралы сөз қозғаса, аудандық мәслихаттың депутаты Нұрлан Сейсенбаев балалар үшін домбыра үйірмесін ашуға ықпал етуді ұсынды.Барлық сауалдарға аудан әкімі М.Өмірбеков нақты жауаптарын берді.
Жиынға облыстық мәслихаттың депутаттары Б.Сауранбаев және Г.Тілеубердиева қатысты.
Ауыл тұрғындары аудан әкімі мен ауыл әкімінің жылдық есептеріне қанағаттанарлық деген баға берді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *