Өнерге әркімнің де бар таласы

Өткен бейсенбі күні, аудандық Мәдениет үйінде, Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы негізінде қолға алынған республикалық «Бір өлең, бір әуен» айдарындағы әдеби-музыкалық жобасының алғашқы тұсаукесер кеші болып өтті.

Әлихан  НҰРАЛИЕВ,  (суреттер  автордікі),  «Меркі тынысы».

Ел Президентінің мәдениет саласына ерекше көңіл аударып, оның ішінде, ел ішіндегі тума таланттарды танып, дарынды тұлғаларды анықтау мен оларды халық арасында кеңінен насихаттау туралы ой-пікірлері аясында дүниеге келген жаңа жобаның Меркі жерінде бастау алуы да кездейсоқтық емес. Себебі, кешегі өткен жерлестеріміз Өмірбек Қабылов, Сөлке Оспанова, Жамал Әзімханқызының шығармашылықтары бір төбе болса, бүгінгі мерейлі Меркі өңірі елімізге аса танымал Алтынбек Қоразбаевтай әнші-композитор, Шәбден Омаралиев сынды өнерлі тұлғасымен, Шырын Мамасеріковадай ақынымен, Бейбіт Шошабаев сияқты жыршы-термешісімен, сонымен қатар, аудан жұртшылығы, қала берді облыс, республикамыздың өнерсүйер жұртының жүрегіне жақын әдеби туындылары жетерлік Алтынбек Қарабаев, Бектай Әлімбай, Термекүл Күлшебаева, Тайбек Шынықов секілді жыр саңлақтарынан да еш кенде емес. Сондықтан болар, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, белгілі ақын, аталмыш жобаның авторы Ғалым Қалибекұлы мен ҚР Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті ақын Маралтай Райымбекұлы жоба жұмысын осы өңірден бастап отыр.DSC_0028 DSC_0070
Кешті жүргізуші М.Шалабаев пен А.Мырзахан өнерге жақын меркілік қауым алдына бүгінгі кеш қонақтарын сахна төріне шақырды.
Алғашқы сөз кезегін алған қазақтың ақиық ақыны Маралтай Меркі жұртшылығымен жылы амандасып, көпшілікке жақсы көңіл-күй сыйлайтын бүгінгі кештің ұйымдастырушылары аудандық Мәдениет үйінің басшылығына және басқаларға алғысын айтты. Одан кейін Шырындай шайыр ақыны бар, Бейбіттей төкпе жыршысы бар өлкенің рухани жаңғыруы турасында әңгіме өрбітіп:
– Қазақтың әр өлкесінің қойнауы тұнған тарих, әр ауылының саңлағы өзінше салмақты келеді. Ал, Қарасудың тумасы Асанбай Асқаров күллі қазақтың алыбы ғана емес, түркілердің арқа сүйер азаматы екенін тірісінде дәлелдеген. Осында келе жатып, өзі аттас орталық стадионның алдына қойылған осы тұлғаның ескерткішіне аялдап, тәу еттім, еске алып, бар білетін дұғамды да оқыдым, – деген М.Райымбекұлы Асқаровқа арнаған «Ақиық» атты өлеңін оқып берді.
Келесі сөз алған Ғалым Қалибекұлы жүйелі, әділ сөз арзандап, жалғанды жағымпаздық жағалаған кезеңде нағыз шындықты естуі тиіс құлақты, тіпті, даңғаза музыка да өз тасасында қалдырмақ тұстағы ұлттық өнер, салт-дәстүр жайлы ой өрбітіп, қазіргі таңда қазаққа қара өлеңді тыңдатқан әлдеқайда қымбат дүние екеніне тоқталды. Әрі қарай, көпшілікке ұсынған «Үркер ауып барады» өлеңі де өнерсүйер қауымның қол соғуына негіз болды.
Кештің келесі сәті меркілік көркемөнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты. Ең алдымен, «Меркі әуендері» ұлт-аспаптар ансамблі Ж.Сексеновтың күйі «Мерекені» орындаса, Сүгірбек Ұлмекен А.Асқаровтың «Ел дегенде» өлеңін, ал, аудандық көркемсөз оқулары байқауының жүлдегері Мұхамед Данияр (суретте) осы ұлы тұлғаға арналған шығармаларды сәтті оқып берді. Мәдениет үйінің күміс көмей әншісі Досымбек Андабаев А.Қоразбаевтың «Туған жеріне» салғанда тебіренбеген жан қалмағанын да байқадық.
Сонымен, бүгінгі кештің келелі кезеңі де басталды. Алдымен сахна төріне меркілік ақындардың топ жарушысы, «бүгін біздің емес, ана тіліміздің тойы!» – деп, жарқ еткен жасындай болып, Шырын Мамасерікова шықты. Осы ақын апамыздың өлеңіне жазылған Т.Базарқұловтың «Ақ жеңешем» әнін Гүлнұр Құрамаева орындаған соң көркем сөз оқуының шеберлері, оқушылар Аружан Молдазова мен Айдарбек Арнат ақын өлеңдерін оқыса, Шырын шешеміз Маралтай ақынға арнаған жаңа шығармасының тұсауын ел алдында кесті.
Міне, сахнаға қостоғандық еңбек ардагері, жергілікті ақын, абыз қария Алтынбек Қарабаев шықты. Бар ғұмырын мал дәрігерлік еңбекке арнағанымен, жемісті тірлігін шығармашылдықпен қатар өргізген Алтекеңнің сыр тұнған өлеңдерін жергілікті баспасөз бетінен іздеп жүріп оқитындар бар екені белгілі. Бүгін Алтынбек қария өлең оқыса, киелі сахнаға бірге шыққан немересі Жанэля көпке жағымды бір шығарманы жатқа айтты. Сахнаға көтерілген Алтекеңнің қосағы, ардагер-ұстаз, Жамбыл облысының Құрметті ардагері Қайнаркүл Татықұлованың жұбайының үстіне шапан жауып, немересіне гүл сыйлауын тектілік пен ізгіліктің ұрығы молынан шашылып, өзгелерге үлгі болғаны – деп ұқтық.
Мәдениет үйінің әншілері М.Шалабаев пен А.Мырзахан орындаған «Думанды Меркі» әнінен соң ауданға белгілі ұстаз болып, өлең жазуды 50 жасында бастағанымен, өнер өлкесінде өркені ашылып, көпке танымал болған ойталдық ақын Термекүл Күлшебаева сахна төріне беттеді. «Абайға тағзым» өлеңін оқыған осы талант иесі сыншыл қауымның көңілінен шыққан А.Асқаровқа арнаған толғауын да осы кеште төгілтті.
Келесі сахнаға шақырылған көпке белгілі Сейсен Қожекенің атағы да бір төбе. Оны көзі қарақты оқырман біледі, сондықтан қайталап айтудың да қажеті шамалы шығар. Міне, осы өнерлі жанның «Киелі менің Құланым» атты әнін М.Өзбеков атындағы Рысқұлов аудандық Мәдениет үйінің фольклорлық-этнографиялық тобы орындаған соң, Сейсен ағамыз өзінің желтоқсан оқиғасы жайлы туындысын оқыды.
Тарихи әңгімелері мен зерттеулері, мақала мен өлеңдері аудандық қана емес, республикалық басылымдарда уақыт оздырмай басылатын, қаламы ұшталған, құс қанат ұшқыр ойы бар Бектай Әлімбайды кім білмейді!? Д.Андабаев осы шығармашыл тұлғаның «Әз-Наурыз» әнін төгілте шырқаған соң, Бектай Күзембайұлы ғасырымызда жиілеп кеткен аждаһа – табиғи апаттар туралы толғау-өлеңін, сонымен қатар, «Зағираның соңғы әні» атты қимас жұбайына арнаған сағынышын да осы сәтте паш етті…
Одан кейін ақындықты өмірлеріне серік еткен кәсіпкерлер: ақтоғандық ақын Тайбек Шынықов пен ақермендік Розакүл Жұматайқызы көпшіліктің көңіліне ұялаған өлеңдерін сыйласа, Мейіркүл Қалдыбекова да өз шығармаларынан тарту жасады.
Сахна төріне белгілі жыршы-термеші Бейбіт Шошабаев шығып, қырғыздың «Гүзәл қыз» әнін домбырада орындаған соң шәкірті Әділет Көшеров Рысқұловтың құдіретін көз алдыңа келтіретін Бейбіт ақынның «Тұрар толғауын» көрерменге арнады.
Кеш соңында аудан әкімінің орынбасары Мейіржан Сүлейменов жоба авторына, жалпы қонақтарға алғыс айтып, қатысушы жергілікті ақындарға М.Райымбекұлының өлеңдер жинағы енген кітабы мен аудандық Мәдениет үйі дайындаған бағалы сыйлықтарды табыс етті (жоғарғы суретте).

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *