Қоғамдық кеңес алдындағы есеп

Өткен аптаның бейсенбісінде аудан әкімі М.Өмірбеков аудандық қоғамдық кеңес алдында 2017 жылы атқарылған жұмыстары туралы есеп берді.

Әтіркүл ТӘЖІБЕКҚЫЗЫ,   «Меркі тынысы».

Жиынды ашқан қоғамдық кеңес төрағасы С.Құралбай, құрамында 21 мүшесі бар қоғамдық кеңестің 15 мүшесінің қатысып отырғанын хабарлап, есепті жиынды өзара пікіралмасу немесе дөңгелек үстел ретінде өткізуді ұсынды.
– Менің баяндамаммен толық таныс болсаңыздар, өздеріңізді мазалаған, біздің тарапымыздан көңіл бөлінбей жатқан мәселелер болса, айта отырыңыздар, – деп бастады Мейірхан Азатұлы. –Халықтың алдындағы есепте жалпы 130-ға жуық мәселе көтерілді. Соның барлығын зерделеп, бітіп қалдық. Енді атқарылатын жұмыстарды жақын күндері жоспарлайтын боламыз. Есеп беру кезінде көтерілген жолдардың бәрін аралап, қарап шықтым, – деді ол.
Аудан басшысы жол жөндеу, оның ішінде Гранитогор жолы, ауыз су, ауыл шаруашылығы бойынша кооперативтер санының көбеюі, әлеуметтік салалардың жағдайы туралы сөз қозғап, басты мәселелердің қай ауылда екеніне және ең алдымен қайсысы қолға алынатыны, оның себептері туралы мазмұнды әңгімелеп берді.
Кездесуде қоғамдық кеңес мүшесі Е.Абашев Жеміс-жидек ауылындағы Мичурин, Мәнкеев және М.Құттыбекұлы көшелеріндегі ауыз су құбырларының жарамсыздығы, оларға жөндеудің қажеттігі, мектептерге оқушыларды қамтуда «мөлтек аудандық» шекаралардың сақталмайтындығы, соның әсерінен №1 орта мектебіндегі оқушылар санының жыл санап азайып, керісінше, №17 Трубицын және №39 Т.Қожакеев ОМГ-да олардың санының көбейіп отырғандығы, сонымен қатар, жас отбасыларына тұрғын үй салынбайтындығы туралы мәселелерді көтерді.
Қ.Татығұлова тұқымды апробациядан өткізудегі кедергілер мен олқылықтарды, Қызылсай мектебінде білім берудегі кемшіліктер мен ауылдық клубының жұмысындағы кадр мәселесін айтса, А.Алтынбаев ауылдық округте жер мәселелерін қадағалайтын маман болса деген өз ойын жеткізе отырып, жерлерін бірігіп пайдаланатын шаруа қожалықтарының салық төлеуде әділетсіздіктердің орын алып отырғандығын айтып, осы мәселені ретке келтіру қажеттігін алға тартты.
Қоғамдық кеңес мүшесі Е.Тірібосынов аудандағы екі газеттің бірін-бірі қайталап отырғандығын айтып, спорт пен мәдениетті насихаттайтын жастар басылымы болса дей келе, жастармен жұмыс, жастар алаңдарын дұрыс пайдалану, тойханаларда той өткізгенде барлық қаражатты тойхана иесіне беріп кетпей, салық төлету секілді мәселелерді ортаға салды.
Қ.Иманалиев ауданда бұрындары қозғалған канализация жүргізуді назарға алып, одан соң қорасында азын-аулақ малы бар азаматтарымызға жайылымның тапшылығын немесе жоқтың қасы екендігін, сонымен қатар, байытылған жем (комбикорм) жасайтын мекеменің қажеттігін тілге тиек етті. Содан кейін, қоқыстарға тасталатын целлофан мен баклашка мәселесін айта келіп, осыларды екінші рет қайта өңдеуді қолға алуды ұсынды және ондай қызметті жүзеге асыруға дайын азаматтардың бар екенін де жеткізді.
Облыстық мәслихаттың депутаты, кеңес мүшесі Б.Сауранбаев көтерілген мәселелердің бәрінің орынды екенін айтып, қосылатындығын жеткізді. Сондай-ақ, осы аудандық қоғамдық кеңес отырыстарын жүйелі, уақытын белгілеп өткізуді, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тиісті басшыларды да қатыстыруды ұсынды. Қоғамдық кеңес төрағасы С.Құралбаевқа қайырылып:
– Ауылдық округтерде өтетін жиындарға бізді, қоғамдық кеңес мүшелерін бөлсеңіз, барып қатысып, қордаланған мәселелерді шешуге көмектесер едік, келіп баяндар едік. Ел сезсін де, қоғамдық кеңестің не үшін құрылғанын, – деді Бақыт Оспанұлы.
Сөз алған Б.Мәжиев те жоғарыда айтылған спортты дамыту бойынша Андас батыр ауылдық округінде атқарылып жатқан жұмыстарынан хабардар етіп, Гранитогор ауылындағы мектептің спорт залына теннис столын қойып беруді сұранған ауыл тұрғынының өтінішін жеткізді.
Есепті кездесу кезінде аудан әкімі М.Өмірбеков көтерілген мәселелерге сол жерде-ақ тиісті жауаптарын берді, кейбіреулерінің жұмыс барысында назарға алынып, шешілетіндігін жеткізді.

РЕДАКЦИЯДАН: Аудан әкімінің аудандық қоғамдық кеңес алдындағы есебі нақты атқарылған шаруаларға толы, халық үшін маңызды мәселелерді алға тартқан, өзара түсіністік ахуалындағы жиын түрінде өтті. Аудан басшысының жыл ішінде атқарған жұмыстарының жақсы екені тұрғындар алдындағы есебі кезінде де лайықты бағасын алған болатын.
Алайда, халық пен атқарушы билік арасындағы «алтын көпір» болады деген ниетпен құрылған аудандық қоғамдық кеңестің аттай 2 жылдың ішінде (2016 жыл, ақпанында құрылған) маңызды не шаруа бітіргенінен, атқарушы билікке қандай мәселені шешуде қолдау көрсеткенінен хабардар бола алмағанымызға өкіндік. Осы жиын кезінде, оқырмандарымыз аракідік болса да айтып жүрген бір мәселенің анықтығына көзіміз тағы да жетті. Биылғы есепті жиындарда (14 ауылдық округте) және осы есеп беру кезінде атқарушы биліктің осы аудандық қоғамдық кеңеспен бірге «шештік» деген бірде-бер фактінің ауызға алынбауы бұған нақты дәлел бола алады. Бүгінге дейін аудандық қоғамдық кеңестің жұмысы көзге көрінбей отыр, ең бастысы, халық, оның ішінде, «Меркі тынысы» газетінің оқырмандары олардың не істеп отырғандығынан бейхабар.
Біздіңше, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы тарапынан ұйымдастырушылық белсенділік жоқ сияқты, оған бүгінгі жиын барысындағы кеңес мүшелерінің жұмыс істесек деп, жұмыс кестесін белгілеп, ауылдарға жіберуді, тасымалдайтын көлік мәселесін шешуді сұрануынан-ақ көріп, көз жеткізгендей болдық.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *