Дауылда туған дарын

WhatsApp Image 2018-02-22 at 11.56.58 копия

Бұл жалғанда биікке көтерілгенімен, халықтан аласа болу пәлсапасын әсте ұмытпай, мемлекет мүддесін жоғары қойып, қиын кезеңдерде ұлтының ұрты майлануына да ұйытқы болған ел ағалары аз болмаған.

Әлихан  Нұралиев, (суреттер  автордікі), «Меркі   тынысы».

Арғы тарих та көпке мәлім, бірақ, оны қазбаламай, бертіндегі, Маркстің тілімен айтсақ, «Капиталдағы» жаһанның жартысын «коммунизм елесі кезіп жүрген», қазір алыста болғанымен, көз көріп, құлақ естіген кешегі социалистік дәуірден бері ғана зерделеп көрейікші. Онда алты Алаш қазақ даласының елі мен жерінің тағдырына алаңдаған, біртуар, тарих мойындаған оғландарымыздың біразын санауға болады. Оның ішінде, тек туған жері – Меркісіне ғана емес, иісі түркі әлеміне ортақ, халқының келешегіне көңіл бөлген қазақтың қайсар ұлдарының бірегейі, мемлекет қайраткері Қабылбек Сарымолдаевтың алар орны тым ерекше көрінеді, ол биік.
Иә, кімге сеніп, неге арқа сүйерін білмеген алмағайып кезеңде «жүйелі сөз шықса осыдан шығады-ау» – деген, көп жағдайда олардың да көзқарастары кереғар келіп жататын әлдекімдердің аузына қарап, болашақты топшылаған күндер болған. Осындай шарасыздықтан туындаған «түске дейін бие, түстен кейін түйе» дейтіндей сұм заманда түсінбеушілік кейіпіне енген халық арасында әкенің балаға, баланың туғанына сенбеушілігі орнаған қиын тұсында ел басқару оңай ма!? Ол аз ба, жер бетін ақ пен қызыл, большевик пен меньшевик, қала берді қит етсең, «троцкийшіл тіміскілеушісің», «жапондық жандайшапсың», «ағылшындық агентсің» мен «германдық гер фюрердің «флюгеріндей» фашистік батысқа көп алаңдайсың» – деген сияқты жаласы көп, сайқал саясаттың белең алған тұсында халқың үшін емес, қара басыңа ие болудың өзі неғайбыл еді, ол оңай соқпайтын-ды…WhatsApp Image 2018-02-22 at 11.56.58 копия
Біз, әрине, сәл арыдан бастадық, оның өзіндік себебі де жоқ емес. Жоғарыда айтылған ақиқаттар арқылы Қабылбек ағамыздың өмір сүріп, қызмет еткен жылдарының жылнамасы көрінеді. Осындай жағымсыз әрекеттердің қара күйе болып, ойламаған жерден кез келген сәтте желімдей жабыса қалуының өзі сол уақыттың озбырлығын дәл көрсете алса екен – деген бір ой санадан сығалағаны рас.
Сонымен, 1898 жылдың 25 ақпанында сол кездегі 5-ауылда, бұл күнде өзіндей арыстардың дүниеге көптеп келуімен феномендік құт мекенге айналған қазіргі оймақтай ғана Ойталдан шыққан қоғам қайраткері Қабылбек Сарымолдаев кім? 120 жылдық торқалы тойын «Дауылда туған дарын» деген айдар тағып, ауыл болып, еске алып өткізген тұлғаның ел есінде қалуының құпиясы неде?
Бұлай сұрақ қоюымызды белгілі тұлғаны одан әрі әспеттеуге құлшынған журналистік жүріс, азаматтық стиль – деп ұққанымыз жөн. Әйтпесе, қазақтың Тұрардай дарабозына сыңар болған Қабылбекті кім білмейді. 20 жасында-ақ, С.Сейфуллиннің сезім пернелерін дөп тауып, айтулы, алғыр тұлға ретінде «Тар жол, тайғақ кешу» романынан өзінің жағымды орнын тауып, тарих төріне көтерілгенінің өзі көп нәрсені аңғартса керек-ті. Жастайынан елгезектігімен танылып, қатарластарынан оқ бойы алда жүрген Қабылбектің Әулиеатадағы училищені тәмамдап, Меркідегі пошта-телеграф мекемесінде қызмет етуі 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске дөп келді. Сол кезде небары 18-дегі балаң жігіт болғанымен, осы қозғалыстың идеялық дем берушісі ретінде көзге түсті. Сондықтан, 1917 жылы Т.Рысқұлов ұйымдастырған «Қазақ-қырғыз жастары революцияшыл Одағына» белді мүше болып, Қазан төңкерісі өте салысымен Меркі болыстық атқару комитетінің хатшысы қызметіне тағайындалды. Бұл қызмет – Қабылбектің аз ғана уақыт ішінде мемлекетті нығайтуға, әрі ұлты үшін атқарған бірқатар жауапты жұмыстарының бастамасы болатын. Түркістан Республикасы Орталық Атқару Комитетінің мүшесі, Азық-түлік Халық Комиссарының орынбасары, 22 жасында Әулиеата уездік партия және әскери-революциялық комитеттерінің төрағасы, 23 жасында Қазақ АССР-і ішкі істер халық комиссарының орынбасары, Қазақстан халық шаруашылығы орталық кеңесінің төрағасы болды. Бұл қызметтер Қ.Сарымолдаев қолының табы қалған ұшан-теңіз еңбектердің толық жиынтығы емес, тек бастылары ғана. Қабылбек ағамызды революционер, мемлекет қайраткері, дипломат, экономист, публицист және ұлт қамқоры ретінде жеке-жеке қарастырып, зерттесек, ол бірнеше том мен монографиялық еңбектерге арқау болатын тау тұлға. Сондықтан, біз бүгінгі торқалы той барысында қошемет иесінің еңбектеріне осылайша сәл ғана тоқталғанды жөн санадық.
Қазақ үшін қасиетті саналатын – жұма, 23-ақпан күні Қабылбек Сарымолдаевтың туған мекені – Ойталдағы өз атындағы №12 жалпы білім беретін мектептің есігі көпшілік үшін айқара ашылды. Дара тұлғаның туылғанына 120 жыл толуына орай кеш ұйымдастырған Қабылбек ағамыздың тікелей ағайын-ұрпақтары мен Ілияс Әлімғожин басшылық жасайтын мектеп ұжымы, оның ішінде, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Шынар Аралбаевалар Қ.Сарымолдаев турасында айтары бар бірқатар азаматтарды қонақ ретінде шақырыпты. Олардың қатарынан «Мирас» баспасының директоры Мадет Қожакеев, «Дулати» қорының директоры, белгілі тарихтанушы Мұхтар Қазыбек, академик, профессор, жазушы, «Алаш» сыйлығының иегері Нағашыбек Қапалбекұлы, меркілік тарихи тұлға М.Жылысбаевтың ұрпағы, еңбек ардагері Байсейіт Жылысбаев, ардагер-ұстаздар Елеусін Қошқарбаев пен Шәкизат Бегімқұлова, Сарымолдаев ауылдық округі әкімінің орынбасары Талғат Садықбеков, аудандық «Меркі тынысы» газетінің Бас редакторы Әтіркүл Исаева және басқалар, сонымен қатар, ауыл тұрғындары мен өткен тарихқа қызығушылық танытқан оқушы-жастарды көрдік.DSC_0042 копия
Ең алдымен, мектеп фойесіне қойылған Қ.Сарымолдаевтың өмір жолын суреттейтін «Өнерлінің – өрісі кең» атты стендтер мен кітап көрмесін тамашалаған соң мерей иесінің мектеп алдындағы ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімі өткізілді. Әрі қарай, «Дауылда туған дарын» тақырыбындағы әдеби кешті ашқан мектеп директоры І.Әлімғожин алғыр ұлымен мақтана алатын Алаш баласына ортақ Қ.Сарымолдаев жайлы тоқталып, алғашқы сөз кезегін Н.Қапалбекұлына берді. Нар тұлғаның құрметі үшін осы кешті ұйымдастырушыларға үлкен алғысын білдірген Нағашыбек ағамыз Қабекеңнің мәртебесі одан аласарып қалмаса да, бір кем дүние – Елбасының рухани жаңғыру бағдарламасы аясында тек мектеп базасында емес, аудан, облыс көлемінде Қ.Сарымолдаевқа арналған үлкен ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізілсе де артық болмас қынжылысын айтып өткен соң, мектептің кітап қорына өзінің және басқа да жазушылардың шығармаларын сыйға тартты. Келесі сөз алған М.Қазыбек Т.Қожакеевтің «Үркіншілік» атты повесі арқылы көпке танылған Қ.Сарымолдаевтың өмір тарихын одан әрі зерттеу керектігіне және қолда бар алтынның қадірін жоғалтпай тұрып бағалау мақсатында, кезінде Т.Рысқұлов, Қ.Сарымолдаевтар дәріс алған ескі нысан, тарихи мектептің өз дәрежесіне лайық емес, күтімсіз аянышты күйіне қарап күйзелетінін жеткізді.
Сөз алған Байсейіт ағамыз 1970 жылдың қоңыр күзінде М.Жылысбаевтың жары, өзінің апасы Әлпиямен бірге Алматыға сапар шегіп, Т.Рысқұловтың жұбайы Әзиза мен Қ.Сарымолдаевтың өмірлік серігі Майнұр шешелерімізбен кездескен тарихи сәттерін еске алса, М.Қожакеев Қабылбек ағамыздың портретін жасатып, мектепке сыйға тартатынын айтты. Кейінірек сөз алған асылдың ұрпағы Гауһар Сарымолдаева күллі қазаққа ортақ атасының мектептегі музейі жайлы, ардагер-ұстаздар Е.Қошқарбаев пен Т.Күлшебаева дара туған жерлестерін жас ұрпаққа насихаттау арқылы отансүйгіштік рухымыз көтерілетініне тоқталған соң Термекүл әкпеміз өзінің жыр жолдарынан шашу жасады.
Кештің бағдарламасына сәйкес, келесі кезеңде бейнебаян арқылы мектеп түлектерінің құттықтаулары тыңдалып, оқушылардың Қабылбек аталарына арнаған сценалық көрініс пен концерттік бағдарламасына ұласқан соң, Н.Қапалбекұлы осы өнер иелеріне грамоталар мен арнайы сыйлықтар табыстап, насихаттық еңбегі үшін кітапханашы Ә.Әшімоваға қазақы салт бойынша камзол жапты. Кеш соңында Қ.Сарымолдаевтың ұрпақтары, оның ішінде, Үрмет, Бақтияр Сарымолдаевтар және басқалардың ата рухына бағышталған кең дастарханында құран оқылып, ас берілді. DSC_0115 копия
Келесі, сенбі күні, Үрмет Сарымолдаевтың ұйымдастырып, демеушілік жасауымен ауданымыздың Қостоған, Екпінді, Ақтоған, Қазақ диқан, Интернационал және Ойтал ауылдарының көкпаршы командалары Қ.Сарымолдаевтың құрметіне көкпар додасын өткізіп, «елім» – деп еңбек етіп, небары 40 жасында сталиндік репрессияның құрбанына айналған есіл ерді осылайша еске алысты.
Осы тұста айта кетерлік бір қуанышты жайт, ол №12 мектепте биылдан бастап Қ.Сарымолдаевтың құрметіне арналған аудандық спорт жарыстары апталығының өтуі еді, енді бұл спорттық бәсекені өткізу үрдісі жылда дәстүрге айналмақ екен.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *