КҮН ШУАҒЫ ТӨГІЛГЕН КҮН

DSC_0087

Әр атқан жарық күнімізге тәуба – деген адамзат баласының қайсысы болмасын бұл фәнидің қызығы мен жақсылығын көріп, бақытты өмірдің базарында жасағысы келеді. Ол әрбіріміздің ортақ аңсарымыз, бәріміздің арман-қиялымыздың шырқар шегі.

Әлихан  Атыханұлы,  (сурет автордікі), «Меркі тынысы».

Десек те, Жаратушының жарлығы һәм сүйген құлына деген сынағы болар, кейде көпшіліктен сәл өзгерек туғанымен, басқалармен тең құқылы бейкүнә жандар да арамызда жүреді. Солардың бірегейі – Даун синдромы сергелдеңімен еріксіз серік болып, онымен күнделікті бірге жасаушылар.
21 наурыз – Халықаралық Даун синдромы бар адамдар күніне орай, құрылғанына 1 жыл толған Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының «Меркі ауданының ведомствоаралық психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациясы» коммуналдық-мемлекеттік мекемесінің басшысы Жұбаева Мираш Еңбекқызының ұйытқы болып, ұйымдастыруымен «Әр балада күн шуағы» атты іс-шара өткізілді (суретте).
«ММ Меркі» сауда және ойын-сауық орталығында өткен сауапты кешке өз ауданымыздан, сонымен қатар, көршілес Т.Рысқұлов ауданынан барлығы 22 «Күн баласы» өз ата-аналарымен қатысты.
Егер, оқырманға түсінікті болу жағын ойласақ, Даун синдромының символдық белгісі, адамның 21-хромосомасы үш көшірмеде болады. «Күнтізбе тіліне» аударғанда үшінші айдың немесе наурыздың 21-і болып шығады. Сондықтан, 2006 жылы VI Халықаралық симпозиумға қатысушылар осы датаны Халықаралық Даун синдромы бар адамдардың күні – деп белгілеген.DSC_0087
Сонымен, кешті жүргізушілер, аталған мекеменің қызметкерлері, сурдопедагог Жансая Шойбекова мен дефектолог-маман Зейнеш Асанова жер бетіндегі бар жақсылық балаларға қатысты болуы керектігін әсем қара сөзбен, әрине, сыр тұнған өлең жолдарымен тамаша келтірген соң, алғашқы сөз кезегін ұжым басшысы М.Жұбаеваға ұсынды. Басқалардан ауытқушылығы бар балалармен жұмыс істеуде оларды тек жақсы көру аз, олармен біте-қайнасып, өмірінің ажырамас бір бөлшегіне айналу керектігін баса айтқан Мираш Еңбекқызы:
– Жер-жаһандағы бар байлықтың құны әр балақайдың бір қуанып, жүзіне күлкі үйірілгенінен артық емес. Бұл шындық. Осы ретте, бүгінгі іс-шараның мән-мағынасын жете түсініп, өзінің ойын-сауық орталығын тегін ұсынған Болат Рахымбаев, осы орталықтағы «City food» кафесінің иесі Рано Раимбаева, музыкалық аспаптарын әкеліп, көңіл ошағын маздата, ән-би ұсынған әзірбайжан этномәдени орталығының көркемдік жетекшісі Адыш Джамалов, жас кәсіпкер Ермек Сейдахмет пен Атымтай жомарт аудан тұрғыны Ермек Қарғабековтарға мың алғыс – дей отырып, Болат Тоқтағанұлы ағамызға сөз берді.
Көпшілікке белгілі тұлға, кәсіпкер Болат Рахымбаев бұл нысанды салудағы негізгі ойы – біздің меркілік немесе ауылдық балалар қалалықтардан кем қалмай, жастайларынан өркениет жетістіктерінен қашықтамай өсулерін қалағанын айтып, бүгінгі той арнайы шақырылған, ерекше балалар үшін екенін жеткізді.
Міне, 2-қабатқа көтерілген барлық бала өздеріне ұнаған ойындар мен түрлі техникаларды бағындыруға тырысып, мәз-мейрам болысты. Ойталдық 5 балалы ана Гүлмира Нүсібәлиева 7 жасар қызы Жансаяның бір қуанғаны үшін осы іс-шараны ұйымдастырушылар мен демеуші азаматтарға аналық алғысын айтса, көрші аудан – Т.Рысқұловтан келген 5 жасар Аяжанның ата-анасы Оразбек Байымбетов пен Жанат Дәулеталиевалар өздерінің 15 жыл Ақтауда тұрып, сонда осындай Даун синдромы бар балаларға арнап, арнайы қоғамдық қор мен бөлме ашқандарын, енді өз туған жерлеріне келіп, мүмкіндік болса «Күн балаларының» ортақ қуанышы үшін біраз тірліктердің жасалуына мұрындық болмақтарын жеткізді. Ақыртөбелік 7 жасар Тұрар-Әлішердің анасы Балжан Жаманқұлованың да бүгінгі кеш үшін айтар алғысы көптігін осы шарада байқадық.
Кеш соңында тәтті тағамдар мен сусындарға бас қойған балалар өздерінің ән-биден де құралақан еместіктерін іс жүзінде дәлелдеген соң, сыртқа шығып, осынау қуанышты күннің құрметіне аспан көгіне алқызыл шарларды ұшыру рәсімін де жасады.
Иә, көгілдір ашық аспан төріне самғаған шарларға қарап, «балалардың көңілі де осылайша биіктерге көтеріле бергей!» – деген ой қанатымен серпіліп, сүйкімді балақайлармен «Келесі кездескенше!» – деп, біз де қош айтыстық.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *