ЖАҢА САЛЫҚ КОДЕКСІНІҢ ЖАҒЫМДЫ ТҰСТАРЫ

Жуырда аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында, аудан әкімінің орынбасары Мейіржан Сүлейменовтың төрағалық етуімен биылғы жылдан бастап кезең-кезеңімен қолданысқа енгізілетін жаңа Салық кодексінің маңызды қырларын түсіндіруге арналған жиын болып өтті.

Әлихан Атыханұлы, «Меркі тынысы».

Меркі ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Алтайбек Серікбаев, Жамбыл облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басқарма басшысының міндетін атқарушы Өмірзақ Қоспанов және басқа да облыстық, аудандық лауазымды тұлғалар, ауданымыздағы ұйым-мекемелердің басшылары, мамандары мен есепшілері, ауылдық округтердің әкімдері және маман-бухгалтерлері қатысқан жиынды ашқан Мейіржан Шақманұлы жалпы мемлекеттік кіріс қызметі, бюджеттің бұлағы саналатын – салық тәртіптері туралы өз ой-пікірлерін айтқан соң, облыстық қонақ Ө.Қоспановқа сөз кезегін ұсынды.
«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен Ұлттық экономика министрлігі және салалық министрліктер бизнес қауымдастықтарымен біріге отырып, дайындаған жаңа Салық кодексінің жобасы жайлы түсіндірген Ө.Қоспанов:
– Жаңа жобада салық идеологиясы өзгеріп қана қоймай, заңды сыйлайтын, адал салық төлеушілерді ынталандыру шараларын дамыту да қарастырылған. Осы ретте, төлемдерді өз еркімен төлеу уәждемесіне тіреу болатын жеңілдетілген салықтық әкімшілендіру ұсынылды. Шағын және орта бизнес пен ауылшаруашылық өнеркәсібі кешені субъектілеріне арналған жеңілдетілген, пайдалы, әрі баламалы жағдайлар қосымша жасалатын болады. Сонымен қатар, жаңа кодексте жер қойнауын пайдаланушыларды ынталандыратын жеңілдіктер мен жаңашылдықтар ұсынылғанын айта кеткен жөн. Салықтық идеология бойынша мемлекеттік кірістер органдарының түсіндірмесіне сәйкес пікірі өзгеріп, әрекет еткен салық төлеушіге ешқандай айыппұл мен өсімпұл салынбайтын болды. Бизнес саласындағы өзгерістер мен толықтыруларға түскен заңнамаларды меңгеруге де уақыт беріледі – деді.
Әрі қарай, салық төлеушілердің адалдығы қағидаты, шағын және орта бизнес пен ауылшаруашылық өнеркәсіп кешендеріне арналған тәртіптер туралы кең ақпар берген Ө.Қоспанов, әр өзгеріс жайында нақты цифрларға тоқталды. Одан кейін тіркелген шегерім пайдаланылатын арнаулы салық режімі туралы сөз де терең қозғалды.
Келесі жиын мінберіне көтерілген жоғарыда аталған облыстық департаменттің бас мамандары: Ж.Ибраев «Әлеуметтік салық, әлеуметтік аударымдар, жеке табыс салығы», Қ.Мамасеріков «Жанама салықтар, электрондық шот-фактуралар, Кеден Одағы елдерінен тауарларға салық салу тәртібі», Л.Смағұлова «Тіркеу есебіне қою, бақылау-кассалық аппараттар, электронды сауда, арнаулы салық режімдері, қосылған құн салығы, салықтық тіркеу, лицензиялық алымдар», Г.Наренова «Жер қойнауын пайдаланушыларға салық салу тәртібі», ал, Ү.Есенаманова «Ауыл шаруашылығы саласындағы салық төлеушілерге қатысты өзгерістер және қосымшалар, жергілікті салықтарды әкімшіліктендіру» тақырыптарында мәнді баяндамалар жасады.
Жарыссөз кезінде сөз алған Фермерлер Одағы аудандық филиалының төрағасы Совет Қалманбетов және т.б. өздері мен шаруаларды қызықтырған бірқатар өзекті сұрақтарына тұщымды жауап алып, келелі де пайдалы кездесу үшін облыстық қонақтарға алғыс айтты.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *