ШАРУАНЫҢ КҮШІ – БІРЛІКТЕ

Жақында, Ақарал ауылының мәдениет үйінде Жамбыл облысы Фермерлер Одағының төрағасы Жигули Дайрабаев пен аталмыш Одақтың аудандық бөлімінің басшысы Совет Қалманбетовтың ұйымдастырып, аудан әкімдігінің ауылшаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Болатхан Тәнекейдің қатысуымен агросаланы қозғаушы механизм – шаруалардың жайын күйттеп, ел экономикасының негізін қалаушы олардың бүгіні мен ертеңіне алаңдау тақырыбын қамтыған келелі кеңес, жұмылған жиын болып өтті.

Әлихан  Нұралы,   «Меркі тынысы».

Сөз алған округ әкімі Оразбай Жантайбеков аталған тақырыптың өзектілігіне аса мән бергендіктен, округтегі түрлі агробағытты кәсіп еткен шаруа қожалықтарының басшылары мен мүшелерін, фермерлік іске қызығушылық танытқан тұрғындардың басын қосқанын, осы ретте, олардың көкейінде жүрген сан-алуан сауалдарға нақты жауап табылатын күннің келіп жеткенін айтты.
Көпшілік алдында ауылшаруашылық саласындағы заңдылықтар, ондағы жекелеген өзгерістер мен толықтырулар турасында ақпарат беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізе отырып, бірқатар сұрақтарға да нақты жауап берген Болатхан Тіленбайұлынан кейін жиын мінберіне Жигули Дайрабаев көтерілді. Жигули аға көсіле сөйлеген өз сөзінің әлқиссасын «Шаруаның күші – бірлікте» – деген ой түйінінің төңірегінен бастай келе, «қайтсек ілері басамыз?» – атты сұрақтың жауабы мен көкжиегін дәл анықтай отырып, түйін шешімін тоғыз жолдың торабы түйісетіндей жердің төркініне әдемі тоғыта білді. Осы әңгіменің арыны мен арнасын дәл сипаттау мақсатында оған да аз-кем тоқтала кеткеніміз жөн. Сонымен, ауыл халқы, оның ішінде, шаруаларға ыңғайлы, жатық тілмен әр ойын ашық әрі түсінікті жеткізе білген шешен облыстағы 153, аудандағы барлық 14 ауылдық округте малшы мен диқанға, бағбан мен балшыға, құс пен көкөніс өсірушіге деген қолдау қағаз жүзінде «қараң» қалып, жүйесі жоқ бос сөздер бұйдалыққа салынса, еңбек адамына барынша жағдай жасалмай, ол қай есіктің табалдырығын тоздырарын білмей, «жалтақ болып, сор жетімнің күйін кешсе», алар асу да күрт азаятынын сөз етті. Осы сәтте, «түк істемей, «терлеп» отырғандар жылы орнынан тыпыршып, тұрғысы келмесе де, жұртқа жан-жақты қызмет ету үшін еріксіз тік көтерілуге міндетті екендіктерін сезініп, құлықсыздықтың тізгінін тартар кезі келгенін ұғынса игі болар еді» – деген ой жетегіндегі халықтың ішкі сырын айтпай ұғып, дер кезінде үн қатқан Ж.Дайрабаев:
– Оның шешімі жалғыз, ол – біреу. Ауданда тіркелген 1567 шаруа қожалығы өз құқығын сақтап, тиесілі қолдау мен көмектерді «жалынбай» жүріп алуы және еліміздің экономикасын көркейтіп қана қоймай, өзі де ақталған еңбегінің дәмді жемісін көруі үшін Республикалық Фермерлер Одағына мүшелікке кіріп, бір шаңырақтың астына топтасуы қажет. «Бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шыққанда ғана дауысымыз естіліп, шаңымыз шығады. Айтайын дегенім, жергілікті билік шаруаларды қанша қолдағанымен, облыс, қала берді, тек республика деңгейінде ғана шешімі табылатын көптеген өзекті әрі көкейтесті мәселелер жеткілікті. Міне, осы тетіктің механизміне жан бітіріп, сең қозғалуына тікелей ықпал етуші күш – біздің Фермерлер Одағы екені даусыз. Апта сайын ауылшаруашылығы министрлігімен тікелей селекторлық кеңес өткізілетіндіктен, қордаланған бар мәселені облыстық Одақ атынан ашық жеткізіп жүрмін-ау, алайда, арттағы «армияның» аздығы (облыста небары 1000-ға тарта, ауданымызда 70-80 мүше ғана) түрлі әрекет етуге қолбайлау болып, күш қазандай қайнағанымен, біраз «ақсауға» әкеп соғатыны бар. Сондықтан, бірігуіміз қажет, – деді. Одан әрі:
– Диқанға тиімді әрі жұмыссыздар үшін алты ай жазғы нәпақасын табар қант қызылшасын өсіру ісіне де алаңдаулымыз. Оны өсіріп, тапсырудағы ауытқымалы бағалар, субсидиялар сергелдеңі оңай шағылар жаңғақ емес. Осы орайда, жан-жақты білімі мен тәжірибесі жетерлік, айтар сөзі бар, ірі шаруашылық иесі, сыпатайлық Шайхиев былтыр өткізген қант қызылшасына тиесілі 70 млн. теңгесін қант зауытынан осы күнге дейін ала алмай жүрген алмағайып кезеңде, адал еңбекақысын сұрай-сұрай, түбі дауысы қарлығып қалатын жеке адамдар мен ұсақ қожалықтардың жанайқайы туралы сөз қозғаудың өзі артық-ау. Соңғы 10 жылда 6 ауылшаруашылық министрі ауысты, ал жаңа келген әрқайсысы өз реформасын қоса ала келетіні тағы бар. Айналып келгенде, бұл жерде бір арнадан басқа арнаға ауысуға мәжбүр болатын шаруа ғана күйзеліс көретіні қақ, ол анық. Ал, біріксек біз бір жұдырық, алып күш боламыз – деді.
Сөз алған Совет Аманжанұлы да облыстық басшысы қозғаған шаруа жайына кеңінен тоқталды. Жақында ғана «Евразия 1» телеарнасынан аты айтқандай халықтың жанашыры – «Басты бағдарлама» айдарымен «Шаруалардың шағымы» атты ауыл еңбеккерлерінің тыныс-тіршілігі, оларды қынжылтып, толыққанды жұмыс жасауына тежеу болатын кедергілер турасында көлемді хабар таратылғаны бар. Міне, тап осы хабарда біздің әңгіменің басты кейіпкерлері Ж.Дайрабаев пен С.Қалманбетов тек меркіліктер, не болмаса, облыс емес, республика шаруаларына ортақ ішкі өксікті ашық жайып салғанына куә болдық. Осыдан-ақ ауыл еңбеккеріне барынша бүйрегі бұрылатын қос төрағаның айналасына топтасу қажеттігі орынды – деп айтуға әбден болады. Сонымен, шаруаға тиімді банктік несие, сапалы тұқым мәселесі, «Цифрлық Қазақстан» кешенді бағдарламасының ауылшаруашылығына қатысты тұстары, облыс бойынша тыңайтқыш қолдануда ең төменгі нәтиже көрсеткен ауданымыздағы «арқа қағуға» жарамас ахуал, сонымен қатар, егістікті сақтандыру жайы сараланып, түгел зерделенген жиын көпшіліктің «көп болып, топтасуымыз қажет екен-ау!» – деген кең желпінуімен аяқталды.
Бұл басқосудың соңы басқа да ауылдық округтердегідей, аудандық Фермерлер Одағының округтегі бөлімшесінің төрағасы мен мүшелерін сайлау рәсіміне берілді. Көпшіліктің ұсынып, қолдауымен төрағалық қызметке Жигули мен Совет ағаларымыз төрағалық талабын қойып, ағалық батасын берген «Бато» ш/қ мүшесі, сыпатайлық Батырхан Бақытжанұлы лайық – деп табылды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *