Білім саласындағы кейбір реформалық өзгерістер мен түрлі бағыттағы тың қолдау, мүмкіншіліктерге түсінбей немесе атүсті қарайтын пендешілік көзқарастарымыз баршылық, ол жеткілікті. Сол жайбасарлықтың арқасында, әлгі қолданысқа дейін түрлі електен өтіп, сүзгіден шыққан істің байыбы мен қадіріне енді жеткен соң ғана «сәл ертерек қолға алғанымыз жөн болар еді-ау» – деген өкініш пен қолды кеш сермеудің «әттеген-ай» атты ауылына жаяу барып қайтатынымыз тағы бар.
Әлихан НҰРАЛИЕВ, (сурет автордікі), «Меркі тынысы».
Иә, ұстаздықтың жолы түзу емес, оның бұралаңы көп, бірақ өте сауапты. Сондықтан болар, кезінде ұлтымыздың білімді болуын көксеген арда қазақтың бір ұлы М.Жұмабаевтың: «Егер алты Алаштың баласы бір жерге топталса, төр ұстаздікі» – деп, бізге жеткен қанатты, әділ айтқан сөзі бар. Бүгінгі әңгіме де осы ұлағатты кәсіптің иелері төңірегінде өрбімек.
Санасы ояу, талғампаз оқырманның қолына тигеніне ондаған жылдардың жүзі болмаса да, көптің жүрегінен өз жылы орнын тапқан республикалық ғылыми-танымдық «Білім айнасы» газеті бар. Ұстаздарға ұстаз болып үлгерген осы басылым өзінің негізгі ісіне қосымша болатын – мұғалімдердің кәсіби біліктіліктерін арттырып, шығармашылық дағдыларын дамыту ісіндегі бар тәжірибесімен бөлісіп, бүкіл еліміздің ұстаздарын «жаулап» алған жайы бар екені белгілі.
Осы газеттің Жамбыл облысы бойынша меншікті тілшісі Жансая Құрманғалиқызы ауданымызда әлденеше рет болып, соның бірінде, білікті педагог Бауыржан Бектұрғанов басқаратын ауданымыздағы білімнің қара шаңырағы, А.Қосанов атындағы жалпы білім беретін тірек мектебінің базасында «Жаңғыру мен жаһандануға апарар жол – білім жолы» тақырыбында, 17 мұғалім қатысқан «Педагогтардың шығармашылық дағдыларын дамыту» атты ақылы семинар-тренинг өткізген болатын. Бұл оқытудың нәтижесінде педагогтар БАҚ және әлеуметтік желілермен жұмыс жасаудың тың тәсілдерін меңгеріп, публицистика жанрында мақалалар жазуды үйренген-ді. Содан дәріс алған мұғалімдер жаңартылған білім беру мазмұны бойынша өткізілген ашық сабақтарын газет және оның сайтында тұрақты жариялап келеді. Міне, осы іс-шараның өтуіне елеулі үлес қосып қана қоймай, білім беру ісіндегі өзіндік бай тәжірибесімен бөлісіп, арнайы сұхбат берген мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Шәймерденова Гүлфиза Сатылғанқызы туралы материалдар топтамасы аталған газеттің сайтында да жарияланған еді.
Міне, сол ерен еңбектің егесі Гүлфиза Сатылғанқызын ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев «Білім айнасы» газеті арқылы өз назарынан сырт қалдырмай, білім мен ғылымды ұштастыра жүргізген еңбегі үшін арнайы Алғыс хатымен марапаттады (суретте). Жоғары марапатты республикалық «Білім айнасы» газетінің өкілі Жансая Құрманғалиқызы ұжым алдында тапсырып, министрдің еңбек адамына деген игі-тілегін жеткізді.
Бүгінгі жиын барысында мектептің информатика пәнінің мұғалімі Айдай Мергенбаеваның еңбегі де аталып өтті. Шәкірттер алдындағы мәнді де мағыналы ашық сабақ өткізген аталмыш ұстаздың сол еңбегі «Білім айнасы» газетінің қосымша журналында жарық көріп, республика педагогтарына танымдық-ақпараттық құрал ретінде тарағаны үшін бұл ұстаз да өзіндік марапатқа ие болды.
Сонымен, білім бәйгесінде зияткерлік қабілеттілігін шыңдап, жан-жақты педагогикалық кәсібилігімен ерекшеленуіне ұйытқы болар, сондықтан, осы басылыммен берік әріптестік қарым-қатынас орнатқан әр педагогтың ажырамас бөлігіне айналған «Білім айнасы» газетінің ауданымыздағы бір ашық бейнесі осылай көрінді.