Елбасының жылдағы халыққа арнаған Жолдауларын тарихи, құнды құжат ретінде бағалап, танысқан соң, өз жеке мұрағатыма сақтап қоюды әдетке айналдырғанмын. Міне, сол сияқты, осыдан 10 жыл бұрынғы, елдің ертеңіне алаңдаушылығы басым «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» – атты жұртқа жақын Жолдауы да қолымда тұр.
Өткенді неге еске алып отырмын? Оған себеп біреу ғана. Жалпы, Елбасы Н.Назарбаевтың феномендік сипатқа ие қай Жолдауы, қайсы мақаласы, қайбір Үндеуі болмасын, бәрі де халқына жетіспейтін мәселелерді орындаудың алғышартындай болып, желі оңынан есуінде болып тұр. Оның тағы бір мысалы, жақында ғана жарқ еткен, көмек пен мейірімге мұқтаж жандардың жағдайына қарайласар – 5 наурыздағы Қазақстан Республикасы Президентінің ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысы кезіндегі қазақстандықтарға арнаған бес жаңа әлеуметтік бастамасы – дер едім.
«Бұл қадам талайдан бері менің көкейімде жүр. Бірақ, Қазақстан алдымен бойына күш, қазынасына қаржы жинап, қуатты елге айналуы керек еді. Міне, сол күн де туды!» – деп, ауқымды әлеуметтік жобалар арқылы жүзеге асырылатын бес бірдей бастамасын жайып салған Елбасының кемеңгерлігін сол бестіктің биік белестерінен байқаймыз.
Сонымен, «…бүгін айтылатын ұсыныстың бәрі – есеп-қисабы мұқият жасалған бағдарлама. Бұл – елдің игілігіне арналған ұтымды, сонымен қатар, оптимистік жоба» – дей келген ел Президентінің аталған бастамаларына жеке тоқталсақ. Ең алдыңғы орында, халық арасында «7-20-25» атымен әйгілі болған, бүкіл ел өте жылы қабылдаған бұл жеңілдікті «жіліктеп» таныстырудың немесе ол цифрлық формуланың мәнісін қайталап жатудың қажеттілігі шамалы да шығар. Бірінші кезекте, көптеген азаматтардың арманы ақиқатқа айналған, «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бастамасы болса, «Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту» бастамасының мақсаты – халықтың әлеуметтік осал тұстарының өмір сүру деңгейін көтеру болып табылады. Бастаманың аты айтқандай, 2019 жылдың 1 қаңтарынан олардың салық жүктемесін 10 есеге азайтып, небары 1 процент қана салық салынуы қарапайым шаруа үшін жалғыз ешкісінің орнына бір мезетте түйе байланғандай қолдау кейпін аңғартады. Үшінші бастама: «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» да еліміздің жоғары оқу орындарында білім алып жатқан 530 мыңнан аса ел болашағы – ұрпақтарымыздың адымы арта түсетінін меңзейді. «Шағын несие беруді көбейту» – деп аталған келесі, өзін-өзі еңбекпен қамтыған және жұмыссыз тұрғындардың арасында жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін жеңілдетілген шағын несие беруді көздеген бастама көптеген азаматтарымыздың бағын аша түсетіні тағы бар. Ал, соңғы «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» – деп аталатын бастамада, аты айтқандай, орталық және солтүстік өңірлерге газ құбырларын тарту міндеті тұр.
Иә, бұл жоғары міндеттерді іске асыру «әлеуметтік мемлекет» туралы конституциялық норманы жаңа, нақты мазмұнмен байыта түспегі белгілі. Осы бүкіл ел азаматтарының айтарлықтай қолдау көріп, тірліктеріне игі әсерін тигізер тарихи бес әлеуметтік бастама аясында ертеңгі келешектің баянды екендігіне тағы бір мәрте көз жеткізгендейміз. Халықтың көзайымына айналар қуанышты күндер көбейсін, ағайын!
Ұлзада Молдабекова,
еңбек ардагері, Ақарал ауылы