Биіктерге қол созған

Ауданымыздағы №1 жалпы білім беретін орта мектебінің базасында, аудандағы өнерлі жастар үшін осыдан 18 жыл бұрын есігі ашылған белгілі өнер адамы Б.Шошабаев жетекшілік ететін ақын-жыршылар мектебінен кезекті жағымды жаңалық келіп жетті.

Әлихан  АТЫХАНҰЛЫ,  (сурет  автордікі)   «Меркі тынысы»

Осы өнер мектебінде дәріс алушы, №1 мектебінің 7 «а» сынып оқушысы Әділет Көшеров жуырда Тараз қаласында өткен облыстық «Атадан қалған мұрамыз» – атты жыр мен терме және күй орындаушылардың байқауына қатысып, жүлделі 3-орын алғаны үшін облыс әкімдігі білім басқармасының мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шаралар өткізетін облыстық орталығы атынан арнайы медальмен және Диплом қағазымен марапатталса, №9 Савва атындағы мектептің 9 «ә» сынып оқушысы Жанқуат Керемадин 29 наурыз күні Шу ауданы, Төле би ауылында, Төле би бабамыздың туғанына 355 жыл толуына орай шешендік шеберлік пен айтыс өнерін насихаттауда, әдемі сөзбен өрнек жасау, сондай-ақ, патриоттық және ұлттық-рухани тәрбиеге баулу мақсатындағы мектеп оқушылары арасында өткізілген «Бабалар салған сара жол» атты облыстық ақындар айтысында 2-орынды жеңіп алғаны үшін арнайы Мадақтамаға ие болыпты (суретте). Аталған екі баламыздың аудан мерейін әлденеше рет тасытқанынан, әрине, бір кісідей құлағдармыз, алайда, дәріс беруші ұстаздары – еңбегіне қарай атағын тізе берсек, қалам ұшы көтергенімен, уақыт тапшы – деген уәжге тоқтар едік. Немесе кешіміз ерте ұясына батып, таңымыз әтештен бұрын атар болғандықтан, барын қысқа қайырғанда, Қазақ Ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүр Академиясының профессоры, ҚР Мәдениет қайраткері, ақын-жыршы әрі сазгер, «Ұлт қайраткері» медалінің иегері Бейбіт Шошабаевтың елегінен өткен «сен тұр, мен атайынның» өздері – десек, дөп тапқанымыз болатыны анық. DSC_1072
Осы жеңісті пайдаланып, аталмыш ақын-жыршылардың мектебі жайлы айта кетсек. Сонымен, білім ордаларының ішінен іріктеле, ұзатылып, бой түзеп, бір шаңыраққа топтасқан өнерсүйер қауымының №1 мектептің төрінен орын тапқанына да аттай 18 жыл өтіпті. Сол өнердің бір қарашаңырағы – жоғарыда аталған ақын-жыршылардың немесе Бейбіттің өзіндік тәжірибесі қалыптасқан мектебінен бүгінде түлеп ұшқан аудандық, облыстық ақындар айтысының Бас жүлдегері Рауза Өкен, жыршылар байқауында облыста топ жарып 2-орын алған Аққу Мүсілім, күйшілерді күлдіріп, жыршыларды жылата біліп, «Ертарғын» мен «Көрден шыққан Көроғлы» дастандарын жатқа айта, елді тамсандырған, біліктілік байқалар байқауда Бас жүлдені «жұлып» алған Қуаныш Мақсұт, аудандық, облыстық ақындар айтысында өзгелерге дес бермей, Бас жүлдені басына жастанған аруымыз Ару Қаржаубай мен ел білер Мұқағали Балтабайларды атасақ, сыныққа сылтау іздеген небір сыншыл қауымның сағы сынып, арыны қайтатын сыңайлы. Қазір дарындылар баптала түсіп, шын таланттар тотыдайын таранған, Бейбіт Сейтімбетұлы басқаратын өнер мектебінде бар болмысы ұлттық, яғни, қазақы дәстүрлермен қатар өрілген, көпшілікке айтары мол, рухани өнерде тайталас таласы бар 20 шәкірт тәрбие алуда. Әрине, бойыңдағы құлшынысың артып, бар біліміңді қанша жұмсағаныңмен, жергілікті билік, оның ішінде, аудан әкімі мен аудан әкімдігінің білім бөлімі басшыларының қолдауы болмаса, қандай болмасын істің құрдымға кетері тағы анық. Бұл ретте де ауданымыздың бағы жанған өнер қуған жастарының жоғарыға артар өкпесі, айналаға айтар уәжі жоқ. Бәрі де келер кезегімен жылжуда.
Біз де өз тарапымыздан жоғарыда аталған, мыңнан озған қос тұлпарымыздың алдағы күндерде де тұяқтары қатайып, өнер айдынындағы желкендеріне оң бағыттан жел ескенін тілейміз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *