Облысымызда арнайы іс-сапармен жүрген ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының киелі Меркі жеріне аяқ басуы халқымыз үшін қасиетті саналар сәрсенбінің сәтті күніне дөп келіпті.
Әлихан Нұралиев, (сурет автордікі), «Меркі тынысы».
Тап осы күні құрамында Әбдіманап Бектұрғанов, Байділдә Жылқышиев, Марат Бопазов пен Жанат Омарбекова (суретте) сынды халық қалаулылары топтасқан парламенттік жұмыс тобының мүшелері соңғы жылдардың түпкі нәтижелері бойынша облыста озық шыққан меркіліктердің мерейі өсуіне ұйытқы болар негіз-шарттарды жергілікті жерде көріп, танысу мақсатымен ауданымыздың бірқатар өндіріс орындарында болды.
Осындай басқосуларды тиімді пайдалана отырып, халық алдында Елбасы Н.Назарбаевтың қазақстандықтарға арнаған, өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу мен жетістікке жету жолын табу үшін не істеу қажеттігін айқындайтын «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа жақын Жолдауы мен «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа арнаған Үндеуін барынша насихаттауға құлшыныс танытқан аталмыш топты аудан әкімі Мейірхан Өмірбеков, әкімнің ауылшаруашылығы бойынша орынбасары Бақытхан Әбжапаров, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының орынбасары Мұратбек Көкірекбаев және т.б. лауазымды тұлғалар қарсы алды.
Ауданымыздағы әр іске қызығушылық танытқан қонақтар алдында ескі жылдың есебі, жаңа жылдың жоспары жайында жүйелі әңгімелеген Мейірхан Азатұлы барлық жетістіктерді жіпке тізіп, бірқатар кемшін тұстарымызды да жайып салды. Мысалы, «сен тұр, мен атайын» – дейтіндей қауқары бар шаруаның жолын бөгеп, қолын қағатын басты кедергі – егістікті суландыратын ағын су мәселесі мәжілісмендердің назарына тағы бір мәрте ілікті. Ауданның өнеркәсіп саласындағы кәсіпорындарының 2017 жылғы өнімі мен көрсетілген қызмет көлемі 16 млрд. 889,6 млн. теңгені құрағаны, өткен жылы 2334 га. қант қызылшасы егіліп, одан 39276 тн. балтамыр жиналғаны да айтылды. Дегенмен, тәуелсіз еліміздің күн тәртібінде тұрған өндіріс ошақтары, оның ішінде, өңдеуші статусы бар кәсіпорындардың әлеуеті, олар өндірген дайын, сапалы қазақстандық бренд тауарлардың алыс-жақын шетелдердің нарқына шығуы туралы әңгіме кеңінен өрбігені сол екен, аудан басшысы «біздерде анадай бар, мынадай барды!» өз жерінде анықтап көрсетпек ниетпен «Меркі ірімшік зауыты» мен «Меркі қант зауытына» қарай жол бастады.
Ірімшік зауытында болған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары М.Бопазов пен Ж.Омарбекованы қарсы алған зауыт директоры Дастан Айтөленов өндіріс ошағының кешегісі мен бүгінін тәптіштеп түсіндіріп, талай отандық, шетелдік көрмелерде озық – деп танылған сапалы өнімдерді шығарушы зауыттың цехтарын аралатып, жұмыс процесін көрсетті. Сонымен қатар, қазіргі таңның өзекті мәселесі, азық-түлік қауіпсіздігінің негізі – ауылшаруашылығы болғандықтан, осы бағытта құрылып жатқан кооперативтер жұмысы жайлы да сөз болып, Д.Айтөленов өзі төрағалық ететін, 2016 жылы құрылған «Меркі өнімдері» а/ш кооперативінің аяқ алысы туралы ақпарат берді.
595 адам жұмыс жасайтын қант зауытында болған мәжілісмендер Ә.Бектұрғанов пен Б.Жылқышиевты өткен жылы қайта жаңғырту жұмыстарына 1 млрд. 14 млн. теңге қаржы жұмсалған цехтарын аралатып, көрсеткен зауыт басшысы Н.Қарғабаев 2017 жылы 14 млрд. 654 млн. теңгенің өнімі немесе 73 мың 837 тонна қант өндірілгенін айтты. Ал, 140 мың тонна өнім шығаруды жоспарлап отырған зауыттың биылғы мүмкіншілігі тіпті, зор екен.
Мәжіліс депутаттарының ендігі жол сапары асыл тұқымды сиырлары Ресейден әкелініп, рекордтық болмаса да соған жақын сүт бұлағын ағызып отырған Андас батырдағы «Бахор» ш/қ болатын. Қожалық басшысы Б.Хасанбаев қонақтарды қызықтырған сауалдарға жауап бере отырып, өз жұмысымен таныстырды.
Әрине, Меркі жері тек зауыттар мен егіске ғана тәуелді емес, сонымен қатар, төрт түлікті өрбітіп, көптеп өсіруге де ыңғайлы, жер жәннаты болғандықтан, осы мал шаруашылығы саласы жөнінде аудан әкімі М.Өмірбековке де қойылар сауалдар көп болды. Оның кейбірі күтпеген, тосын болғанымен, білікті басшының оның барлығына еш мүдірмей берген жауаптары өз нақтылығымен дараланды.
Сонымен, халық қалаулыларының ауданымызды аралап, негізінен, ел экономикасының өсіп, тұрғындардың әлеуметтік жайы көтерілуіне алғышарт болатын тұстарына баса назар аударып, алаңдаушылық танытулары бірқатар ой да салды. Сайып келгенде, «қойдың сирақ терісін сыпырып, тон ету, жұмыртқадан жүн қырқу» қағидалары қазіргі нарық заманында сараңдық емес, істің көзін ашып, нәсіп табудың дара жолы екенін ұқтық, қысқа қайырғанда, ертеңім ертегідей болсын – десең, тірлік жаса, ағайын!