ЖАНЫМА ЖАҚЫН ҚАДАМ

«Қазақтың іздейтін жоғы көп» – деген Алаштың біртуар арысының бірі – Ахмет Байтұрсынов сонау өткен ғасырдың басында-ақ барымызды сақтап, жоғалған құндылықтарымызды қайтару ісіне біркісідей атсалысқаны белгілі.

Алайда, тоталитарлық, әміршіл жүйенің көздегені кереғар тірлік болатын. Сондықтан болар, ол кезеңде қазақтың бетіне шығар қаймағын сылып, «айттым – бітті, кестім – үзілді» қағидасын мықтап бекітіп, халықты тобырға айналдыра жаздағаны ащы шындықтың бірі еді. Бірақ, жауыннан кейін күн шығатынындай, еліміз бабалар күткен Тәуелсіздікке жақындап, ақырында оған да қол жеткізе білді.
Міне, осы тұстан қазақ баласының кім екенін бүкіл жаһан таныды. Жеткен жетістіктерге таңдай қаққан өркөкірек батыс та, ә дегенде, көп нәрседен дәмесі зор болғанымен, айбарымызды көріп, айылын дер кезінде жиған көзі қысық аспан асты, күншығыс елі де, «Біз болмасақ қазақ қараң қалады» – деп, қайта айналып, иілуімізді күткен, кезінде айбалтаңды әзір ұстауға да «үйреткен» солтүстік көрші де аттан түсіп, амандасар күйге жеттік.
Міне, осындай, көңілім хош кездерде толағай жетістіктерді игеруге ұйытқы болған көшбасшымыз, ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін ерекше атауға құлшынысым артады. Осы, соңғы кездегі, әлемдік деңгейде шоқтығы биік тұлғаның көктемнің алғашқы жылымығымен ала келген «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа арнаған үндеуінің өзі не тұрады! Жоғарыдағы сөзіміздің жалғасындай «Қазақтың жоғын жоқтады, бабалар аңсаған: «қайтсек бақуат тірлік кешеміз?» – деген іске нүкте қойылды – деп айтпасқа тағы лажың жоқ! Онда көрсетілген әрбір отбасының баспаналы болуы, жалақың төмен болса, салықтық жүктемені азайтуға мүмкіншілігіңнің артуы, жоғары білім алу үрдісі бақыт емес, қажеттілік саналып, тірлігіңді тербей түсу үшін шағын несие берудің тетіктері көбеюі мен көгілдір отынның қолжетімді болуы утопиялық арман емес, әр қазақстандықтың ажырамас бөлігіндей, өміріне біте қайнасатын дүниелер болып қалыптаспақ.
Осы үндеудің соңында айтылған «Біз әлеуметтік мемлекет пен ұлттық өркендеудің шынайы, әрі сындарлы қазақстандық моделін міндетті түрде бірге жасайтынымызға сенімдімін…Жаһандық көштің басында жүретін мерейлі ел болу үшін бірлік пен ынтымақ алдымен өзімізге, қазаққа керек» – деген Елбасы Н.Назарбаевтың маңызы зор сөзін алға қойып, еліміздің гүлдене түсуіне үлес қосқанымыз жөн – деп білемін.
Мен мерейлі Меркіде туып-өстім. Сондағы ауыл мектебінде білім алдым, алғашқы еңбек жолым да сол туған өлкемде басталды. Сондықтан, Елбасы Н.Назарбаевтың жанға жақын қолдауларын жерлестерімнің де барынша сезініп жатуы мен үшін зор ғанибет – дер едім.
Гүлнар Күленова,
кәсіпкер, Алматы қаласы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *