Сұлулар шықты сахнаға

Сәрсенбінің  сәтінде, аудандық Мәдениет үйінің іші көрерменге толып, жүздері  балбұл жанған, түрлі  ұлттық  киім киген ару қыздармен жарқырап, ерекше күйге енген. Бүгін мұнда «Меркі аруы – 2018» байқауы өтпекші.

Әтіркүл ТӘЖІБЕКҚЫЗЫ,   Расул МАЛЛАБАЕВ  (суреттер),  «Меркі тынысы».

Фан-фар беріліп, ортаға шыққан жүргізуші Тантай Ахметжановтың таныс үні ашық шықты. Сөз кезегінде:
«Қыз емес, қыздың аты қызыл алтын,
Көрінер толған айдай жүзі жарқын,
Үлкеннің алдын орап, сөз сөйлемес,
Халқының сақтай білген ізгі салтын» – дегендей, қыздарымыз ата-бабаларымыздың ықылым заманнан келе жатқан салт-дәстүрін, әдет-ғұрыпын сөндірмей жалғастыратын өнерлі де, ибалы боп өссе дейміз, – дей келе, «Меркі аруы – 2018» байқауын ашық деп жариялады.
Басты мақсаты – Ару қыздарды халқымыздың ізгі қасиеттері, имандылық, инабаттылық, ізеттілік негізінде тәрбиелеу. Әр қыз баланы парасатты, жан-жақты білімді болуға, әсемдік, сұлулық әлемін түсінуге бағыттау. Табиғат сыйлаған қасиеттерінің ашылуына көмектесу болып табылатын сайыстың әділқазы алқасының төрайымы «Меркі тынысы» газетінің бас редакторы Әтіркүл Исаева, әділқазы алқасының мүшелері аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Дамира Жамбаева және аудандық Мәдениет үйінің «Меркі» халық театрының актрисасы, әнші Гүлнұр Нұрлыбаева екендігі де көпшілікке таныстырылды.DSC_0067
Талапқа сәйкес, сайыстың шарттары оқылып, байқауға қатысушы 8 ару ортаға шақырылды. Ең алдымен, қыздардың сахналық мәдениеті мен сахнада жүріп тұруы назарға алынды. Одан соң «Мен қазақтың қызымын» атты таныстыру; «Зерделінің ойы озық» атты сұрақ-жауап; «Өнер» сайысы (ән айту, би билеу, күй тарту, көркем сөз оқу); «Сұлулық сыры» (музыка ырғағымен сәндік киім және шаш үлгісін көрсету) кезеңдері рет-ретімен өткізілді.
Түрлі ашық түсті ұлттық киімдерімен бұрала басып, ортаға шыққан 8 аруымызға көрермен қол соғып, сәттілік тіледі. Ал, әрбір қимылдарын қалт жібермей, баса назарға алған әділқазы мүшелері де өз міндеттеріне кіріскен.
«Мен қазақтың қызымын» атты кезеңінде өздерін таныстырған арулардың ішінен Жамбыл ауылынан келген №2 Аружан Әзімбек, ақаралдық №4 Ұлмекен Сүгірбек және тәттілік қыз Айдана Нышан жанға жағымды үндерімен өздерін таныстыра тұрып, ұтқыр сөз саптауларымен және нәзік қимылдарымен көзге түсті.
«Зерделінің ойы озық» атты сұрақ-жауап бөлімінде, әділқазылар тарапынан, байқауға қатысушы қыздарға, ұлттық салт-дәстүрлерімізге, сусындарымыз бен ұлт аспаптарына, қазақтың ою-өрнектері мен зергерлік әшекейлеріне және т.б. қатысты сауалдар беріліп, тиісті жауаптары алынды. Бұл тұста №4 Ұлмекен Сүгірбек, №1 Ерке-Айғаным Балтаева, №7 Айдана Нышан толық, нақты жауаптарымен қуантты.
Кезек «Өнер сайысына» да келіп жетті. Мұнда «Өзбек биін» ұсынған аспаралық №3 Диана Әбіжан тамаша орындаушылық шеберлігімен көрерменді бір серпілтіп тастады. Тақырыпқа сәйкес тігілген қонымды киімі де, ойнақы қимылдары да көпшіліктің көңілінен шықты. «Аққу биін» қоңыр үнімен монолог оқып ашқан №4 Ұлмекен Сүгірбек мың бұрала билесе, кеңестік №6 Іңкәр Сейсебай «Айша бибі» биі арқылы аты аңызға айналған Айшаның бейнесін көрермен алдына әкеліп, арманда кеткен арудың өмірінің соңғы сәттерін сомдап шықты. Ал, тәттілік қызымыз №7 Айдана Нышан Ш.Мұртазаның «41 жылғы келіншек» атты шығармасынан үзінді оқып, майдангердің жесірі ретіндегі образды тамаша бейнелей алуымен өзін ерекше қырынан танытты.
«Сұлулық сыры». Байқаудың соңғы кезеңі осылай аталыпты. Мұнда қатысушылар музыка ырғағымен жүріп, сәндік киім мен шаш үлгісін көрсетуі керек-ті… Аздаған дайындықтан соң, қыздарымыз көктемнің алқызыл гүлдеріндей кейіпте, бар ықыластарымен дайындаған сәнді көйлектерімен және түрлі шаш үлгілерімен ортаға шықты. Осы ретте, аруларымыздың әсем көмкерілген көйлектері мен шаш үлгілерінің, тіптен, аяқ киімдерінің де сәйкес келуі, және т.б. назарға алынды.
Осылайша бәйге өз мәресіне жетті. Барлық қатысушыларға қойылған бағалар есептеліп (баға 3 – 5 балл аралығында қойылған), оза шыққандар да анықталды. Дәлірек айтқанда, Бас жүлде ақаралдық №4 Ұлмекен Сүгірбекке (72 балл) бұйырса (жоғарғы суретте ортада), І орынды тәттілік №7 Айдана Нышан (70 балл) иемденді. ІІ орын екеу, оларды аспаралық №3 Диана Әбіжан (69 балл) мен кеңестік №6 Іңкәр Сейсебай (66 балл) бөлісті. Ал, ІІІ орынға ақаралдық №1 Ерке-Айғаным Балтаева (65 балл) және ақермендік №8 Жансая Несіпхан (65 балл) ие болды. Сондай-ақ, сарымолдаевтық №5 Алина Рашпекова «Парасатты ару» номинациясын, жамбылдық №2 Аружан Әзімбек «Көрермен көзайымы» номинациясын иемденді. Барлық қатысушы қыздарға бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *