«Қазпошта» АҚ-ы өзінің халық игілігі жолындағы биік белестерді бағындыра беру үстінде. Осы үрдістен ажырамаған «Қазпошта» АҚ-ы Жамбыл облыстық филиалының ауданымыздағы бөлімі де ерен еңбектің, сүбелі табыстардың ортасынан көрінгені қуантады.
Әлихан НұрАлиев, (сурет автордікі) «Меркі тынысы»
Сөзіміз дәлелді болуы үшін мысал келтірсек, қолымыздағы құжатқа жүгінейік. Міне, «Қазпошта» АҚ ЖОФ директоры Б.Пірәлі қол қойып, мөрін басқан Құрмет грамотасымен 2017 жылғы табыс жоспарын орындап, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін А.Рақышев басқарып отырған Меркі АПБТ ұжымы жыл қорытындысын нәтижелі орындағаны үшін 2-орын алуымен марапатталыпты. Бұл әрине, мақтанарлық жайт.
Ал, енді «Қазпоштаның» қазіргі тынысына келсек, оның рөлі жыл өткен сайын арта түсуде. Айталық, аудан орталығы болмаса, шеткері ауылдарда халыққа аса қажетті екінші деңгейлі банктар жоқ, ал, «Қазпоштаның» филиалдары барлық ауылда жұмыс жасайтыны белгілі. Сондықтан, олар халыққа деген көмек қолын созып, өзара келісім бойынша осы екінші банк деңгейіне көтерілді – десек артық айтқандық емес. Енді шаруалар өздеріне тиесілі субсидия және т.б. қаржыларды аудан, қалаға шабылмай-ақ, ауылдағы поштадан алуына болады. «Қазпошта» АҚ бөлімшелері арқылы барлық тұрғындарға зейнетақы мен жәрдемақы алуға және айлық жалақы алуға бірден берілетін ЭКСПРЕСС карточкаларын ашып және ол ақшаны кез келген пошта бөлімшесінен пост терминал арқылы қалалық, аудандық жерлерде орналасқан «Қазпошта» банкоматынан алуға мүмкіндіктері бар. Егер, жасы 80-нен асқан зейнеткер жеке есепшот ашса, онда ай сайынғы зейнетақы ақшасы үйге әкеліп беріледі. Тағы бір үлкен жетістік, ХҚК орталықтарының кассаларында жедел ЭКСПРЕСС карточкаларын ашып, хабарламасын бірден сол орталыққа өткізуіне ыңғай жасалды.
Сондай-ақ, пошталарда валюта айырбастау қызметі ашылады. Ауыл тұрғындары үшін теміржол және авиабилеттерін сатып алу да ауылдағы пошта арқылы қолжетімді болуы шындыққа айналмақ. Ай сайынғы коммуналдық төлемдер, несие төлемі, су мен электр энергиясы, газ үшін төлемдер де осында, ауыл поштасында қабылданып, олар 2 сағат көлемінде шоттарға түседі. Бұл мекемелерде заңды тұлғаларға, жеке кәсіпкерлерге және шаруа қожалықтарына керекті есепшоттар ашуға да мүмкіндіктер қарастырылған. Тағы бір жағымды жаңалық – «Қазпошта» ППБ-де «Альфа банк» және «Хоум кредит» банктері арқылы несие рәсімдеп, әрбір келуші өзінің бірінші несиелік қарызы туралы мәлімет ала алады. «Альфа банктен» 3000000 теңгеге дейін, ал «Хоум кредит» банкінен 2000000 теңгеге дейін жеңілдетілген несие рәсімдей аласыз.
«Қазпошта» бөлімшелерінде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» депозитін ашып, оны толықтырсаңыз да болады. Егер, жасыңыз 16-дан асса, пошта депозитін ашыңыз. Салымның ең төменгі сомасы – 1000 теңге, өз қаражатыңызды басқара білгеніңіз жөн. ҚР бойынша ең жоғарғысы – 14 пайыз мөлшерінде.
Қазіргі кезде барлық аудандық пошта бөлімдерінде посылка супермаркеттері ашылған. Интернет-магазиндерге берген тапсырыс-посылкаларыңызды ұялы телефоныңызға түскен хабарлама арқылы кедергісіз, уақытылы ала аласыздар.
Міне, жоғарыда айтылғандай, «Қазпоштаның» ауданымыздағы бөлімі, оның ішінде, ауылдардағы бөлімшелерінің атқарар тірліктері ұшан-теңіз. Оның бәрі де қарапайым ауыл жұртының игілігіне бағышталуы Тәуелсіз ел тірлігінің одан әрі тік тұруына мұрындық болмақ.