Ақындар шықты сайысқа

DSC_0142

Сәуірдің соңында аудандық Мәдениет үйінде «Текті сөздің төресі» атты ақындар айтысы мен жыршы-термешілер байқауы болып өтті. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласына орайластырып ұйымдастырылған бұл сайысқа айтыс өнерін өздеріне серік еткен 4 жұп айтыскер ақын мен 8 жыршы-термеші қатысты.

Әтіркүл Исаева,
Әлихан НҰРАЛИЕВ (суреттер),
«Меркі тынысы».

– Биылғы жыл айтулы мерекелерге толы жыл. Осы мерекелердің шоқтығы – Елордамыз Астананың 20 жылдығы мен киелі туған жеріміз – Меркі ауданының құрылғанына 90 жыл болып отыр. Бүгінгі өткелі отырған аудандық «Текті сөздің төресі» атты ақындар айтысы мен жыршы-термешілер байқауы, міне, осы даталарға арналмақ, – деген жүргізуші Т.Ахметжанов сахна төріне ақындар мен жыршы-термешілерді шақырып, көпшілікке таныстырып өтті.
Осынау іс-шараны, соңғы кездері өзіне тән шабысымен, көңіл нүктелерін дөп басып жататын жырларымен тыңдармандарын қуантып жүрген жас ақын Мұқағали Балтабай «Арнау» жырымен ашып берді.
Қасиетті сахна төріне алғашқы жұп шақырылды, олар: Рүстем Қадірбеков пен Роза Жұманова еді. Ә, дегеннен-ақ, қара домбыраны қолға алып, әуелете жөнелген Рүстемнің үні айтысқа сусаған көрерменді елең еткізді. Өйткені, әуені әсем, әуезі жайлы қоңыр дауыс қос ішекпен үндесіп, көңіл нүктелерін дөп басып жатты… DSC_0153
Қыздарыңның қылығын көз көрді ғой,
Орманыңа өрт қойып жіберем деп,
Қыздарың аяқ асты өзгерді ғой.
Өртейтін бір қызыңнан құтылып ем,
Роза жеңгеміздей өрт ақынға кез болдым ғой, – деп бастаған Рүстем жеңгесіне назды үнмен тіл қатып, таныса отырып, айтысуға шақырды. Жеңгесі де «аппақ қайным» – дей отырып, «Көңілімнің сарайын ашайыншы, айдай…» – деп айтысқа деген пейілін жеткізді.
Айтыс өнерінде біраз төселіп қалғанын байқатқан Рүстемнің сөз саптауы, жеңгесіне сөз сайысында әдемі өрнекті ойларымен кезек беруі – жағымды әсерін қалдырды.
Ендеше, көңілдірік, көңілдірік,
Жарасар көк дөненге өмілдірік.
Осындай бірге-бірге кездескенде,
Айта бер, өлеңіңді төгілдіріп…
Осылайша жалғасқан қайын мен жеңге айтысы көңілдерге қонып-ақ жатты. Роза жеңгесінің де «шабысы ұлғая түсіп», соңына қарай екпінін үдеткенде, «орта жасты еңсерген Розаны баптай түссе, нәтижесі жақсы болар-ау» – дегендей үміт отын жарқ еткізді.
Екінші жұп: Мұқағали Балтабай мен Мейіржан Жекебаев. Бұл жұптың сайысын Мейіржан бастап, бала Мұқағали қоштады. Екеуі де халқымыздың ерлігін, еліміздің жетістігін, Астананың торқалы тойын, Меркіміздің 90 жылдығын жырға қосып, әдемі айтысты сыйға тартты.
Үшінші жұп – Жанқуат Керамедин мен Сәуле Ахмедова, ал төртінші болып Рахишев Ғабит пен Бұлбұл Солтанаева сөз сайыстырды. Жанқуат: «Неге осындай сұлу қыздар біздің сыныпта болмайды екен» – деп, немесе, «Сәулежан әр сөзімді саралайды, Махаббат деген жасқа қарамайды» – деп әзілдей отырып, келесі кезектерінде «Тәуелсіздік символы – бұл Астана!» – деп, тақырыпты да қамтып өтуді естен шығармапты. Ал, қарсыласының дауысы мен салған әуені басымдырақ естілгенімен ұйқас жағы жетіспегені аңғарылып тұрды.
Әрбір жұп айтысынан соң, арасында, жыршы-термешілердің өнер көрсетуіне кезек беріліп отырды.Олардың арасында Әзжәнібек Мөңкебаев жерлесіміз А.Қоразбаевтың «Туған жерін» бабына келтіре төгілтсе, қазағымның қара қобызымен Майлықожаның «Ғибрат» атты термесін орындаған Тәшенов Нұрмат, сондай-ақ, Майлықожаның тағы бір термесін нақышына келтіре әуелеткен Марат Нұраханов көрермендеріне қол соқтырып, ықыласына бөленді.
Сонымен, «Текті сөздің төресі» атты ақындар айтысы мен жыршы-термешілер байқауы өз мәресіне келіп, кезек марапаттау сәтіне берілді.
Айтыскерлер арасынан бас жүлдені, әділқазылар алқасының ұйғарымымен, Мейіржан Жекебаев (жоғарғы суретте) иемденді. Берілген балдарының тең болуына сәйкес, бірінші орын екі үміткерге тиесілі болды, олар: Мұқағали Балтабай мен Роза Жұманова. Ал, екінші орынға Рүстем Қадірбеков пен Жанқуат Керамедин жайғасса, Ғабит Рахишев пен Бұлбұл Солтанаева үшінші орындарды бөлісті.
Жыршы-термешілер арасынан Бас жүлдеге Әзжәнібек Мөңкебаев ие болды. Нұрмат Тәшенов пен Марат Нұраханов І орынды, Әділет Көшеров пен Гүлнұр Бөлекбаева ІІ орынды, Балым Бимұрат пен Айнұр Жылқыбаева ІІІ орынды бөлісті.
Жүлделі орындарына қарай, барлық қатысушыларға аудандық Мәдениет үйінің тарапынан бағалы сыйлықтар ұсынылды.
Жалпы, «Текті сөздің төресі» атты ақындар айтысы мен жыршы-термешілер байқауы екінші рет ұйымдастырылып отыр. Оның басты себебі, ауданішілік осындай сайыстар арқылы жас ақындарымызды баптап, жани түсу, түрлендіре айтар болсақ, өзімізше «суытып алу». Мұның өзі облысқа, одан басқа да деңгейдегі сайыстарға даярлау болып табылады.
Ендеше, ұзағынан сүйіндірсін!
Қадамдарыңыз табысты да
шабысты болғай!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *