Жеңіс тойы – ерліктің тойы

1 001 (3) копия

Бүкіл дүниежүзі Ұлы Жеңістің 73 жылдығын биылғы 9-мамырда зор қуаныш сезіммен атап өтеді. Бұл күн – ерекше, қадірлі де қасиетті, мерейлі де, мерекелі күн. Жауды жеңген күн. Бұл күн – бүкілхалықтық қуаныш пен мерекенің, береке мен шаттық сезімнің, тұла бойымызды тебіренткен, теңдесі жоқ жақсылықтың, бейбіт те тыныштықтың күні де.

«Осы күнге жеткеніміз рас па, жоқ па» – деп қуанғаннан бір-бірімізді, көрші -қолаңды, ауылдастарымызды шын жүректен құттықтап, қуаныштың жасының тоқтамай, сорғалаған күні еді. Иә, ол күннің әр адамның бойын кернеген ыстық лебін, толғанысын айтып жеткізу мүмкін емес. Бұл – 1418 күн мен түн жаумен арпалысып, алысып, жан беріп, жан алып, жеңеміз бе, жеңілеміз бе деп, өмір мен өлім үшін жан аямай шайқасқан, от пен оқтың арасында жанталасқан күннің жемісі, әрі ірі жеңісі еді.
Иә, биыл жетпіс үшінші бейбіт көктем, жетпіс үшінші Жеңіс мерекесі. Жылда осы күнді тойлаймыз, атап өтеміз. Күні кеше ғана дархан тойдың қақ ортасында кеудесі орден-медальдарға толы, бірінің аяғы, бірінің қолы кем, тағы-тағы түрлі жарақат алса да мерекенің сәнін келтіріп, естелігін айтып көзіне жас алып, «біз көрген алапат соғысты сендерге Алла көрсетпесін» – деп ағынан жарылып, ақ тілегін айтып отыратын абыз ақсақалдарымызды, алтын құрсақты ақ кимешекті асыл аналарымызды еске алайықшы…
Балаң жігіттер… 17-18-ге жаңа ғана толғаны да, күні кеше ғана үйленгені де, одан бұрын отбасын құрып, екі-үш балалы болғаны да, иә, бәрі-бәрі – Отан үшін, елім мен жерім үшін деп майданға аттанды… қаншама боздақтар жанын пида етті десеңізші!.. Қаншама отбасы асыраушысынан айырылды, қаншама жас сәби әкесінен айырылды, жетім атанды, анасы жесір қалды.
Иә, бұл сұрапыл соғыс 20 миллионнан астам адамның өмірін жалмады, соның ішінде, біздің ауданнан 12 мыңға жуық меркілік соғысқа аттанса, оның 4 мыңдайы майдан даласында қалды. Иә, қалды дейміз-ау, тіптен, көпшілігінің қашан, қай жерде мерт болғаны да белгісіз… күні бүгінге дейін хабарсызы қаншама?.. Бұл аға ұрпақтың басынан өткен қайғысы мен қасіреті еді.1 001 (3) копия
Иә, кеше ғана әр елді мекенде бестен, оннан, тіптен, кейбірінде жиырмадан астам соғыс ардагері бар болатын, бізбен бірге той-думанды, мерекені тойлайтын-ды. Олардың бүгінде ортамызда тек он екісі ғана қалды. Олар, негізінен, Ақтоған, Меркі, Жамбыл, Ойтал, Ақарал, Сұрат, Жаңатоған елді мекендерінде аман-есен жүріп жатыр.
Олар: Ақтоғандағы соғыс және еңбек ардагері Медетбеков Өмірбек, Жамбыл ауылдық округіндегі Муралиев Акпар ақсақал, Меркі ауылдық округіндегі В.И.Баннов, Е.П.Сенюшова, И.Груничев, Н.А.Потыкун, Ақарал ауылдық округіндегі С.Қаныбетов, А.Жармұханбетов, Ойтал ауылдық округіндегі А.Калачев, Сұрат ауылдық округіндегі Көлбай Әнефияев, Қашқынбек Нұрланбеков, Жаңатоғандағы Балабек Гасанов болса, концлагер тұтқыны К.Мовчанюк және майдангердің жесірі А.Макаренко екеуі де Андас батыр ауылдық округінде тұрады. Осынау соғыс және еңбек ардагерлерін бүкіл ел-жұрт болып, ауданымыздың үлкені мен кішісі, бәріміз қадірлеп, қастерлеуіміз керек. Олардың естеліктерін тыңдап, бірге тарихи суретке түсіп, қолдан келген барлық жәрдемімізді де, қамқорлығымызды көрсете білуіміз қажет. Өскелең ұрпаққа олардың өмір жолын үлгі-өнеге ету, олармен түрлі тақырыпта кездесулер өткізу – бүгінгі ел тізгінін ұстап жүрген азаматтар мен еңбек етіп, оқып жүрген кәрі демей, жас демей бәріміздің абыройлы борышымыз – деп білгеніміз жөн.
Ел тізгінін ұстап, ел басқарып жүрген азаматтар да, шаруа қожалығының басшылары мен кәсіпкерлеріміз де, ұстаздар қауымының тәрбиесінің жемісін көрсетер оқушылардың да, ақ халатты абзал жандардың да, иә, баршамыздың да ең қасиетті борышымыз – соғыс және еңбек ардагерлерінің ерлігін бағалай да, ардақтай білу. Ертең кеш болары анық, үлгермей қалуымыз бек мүмкін. Оның айқын дәлелі сол емес пе, кешегі – Оспан Үмбетов, Шамар Хасенов, А.Гаращенко, Әбдез Айнақұлов, Артықбай Нарматов, Оспаналы Бөрібаев, тағысын тағылар қайда?.. Олар соғысты жеңіп келген соң елге келіп, соғыста әбден әлсіреп, титықтаған Отанымыздың еңсесін көтеру үшін тағы да жан аямай еңбек етті, ерен ерліктің үлгісін көрсетті.
Әрқайсысы 25-30 жылдан колхоз-совхозды, ауданды басқарып, елдің ұйытқысы болып, еңбегімен ер атанғандар да осы ардагерлер ғой. Оспан Үмбетов пен Артықбай Нарматов ірі шаруашылықтарды басқарып, тамаша жеңістерге жетсе, Шамар Хасенұлы ауданымыздағы туберкулез ауруханасын аяғынан тік тұрғызып, республика көлемінде денсаулық сақтау ісінің үздігі атанып, қаншама адамның өмірін сақтап қалды. Ал, Алексей Гаращенко болса, жас бүлдіршіндерге саналы тәрбие, сапалы білім беріп, оқу-тәрбие ісінің үздігі атанды.
Біздер, осындай шоқтығы биік тұлғаларымызды қалайша ұмытамыз. Олардың ерлік еңбегін әрдайым айтып, жастарға үлгі-өнеге етіп отыру біздің азаматтық парызымыз. Аудандық мұражайда бұл кісілердің өмірі, еңбегі, ерлігі жайлы арнайы бұрыштар ашылған. Алайда, осы ардагерлердің өздері тұрған, өмір сүрген, басшылық еткен еңбек ұжымдарында неге арнайы бұрыштар ашпасқа, әрі жастарға, әсіресе, мектеп оқушыларына үлгі-өнеге етпеске. Тіптен, шынын айтуымыз керек, мұражайға неге балабақша бүлдіршіндері мен мектеп оқушыларын әкеліп, сабақты өмірмен ұштастыра өткізбеске. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында осы жайларды кеңінен пайдалану айтылды емес пе, олай болса, Астананың 20 жылдығы мен ауданымыздың 90 жылдық мерей тойы тұсында жоғарыда аты аталған соғыс, еңбек ардагерлерінің өмір жолын, еңбегін мәңгі есте қалдыруға байланысты көптеген ұлағатты, тәрбиелік мәні зор, игі істерді атқаруға болары анық. Жеңіс тойы – Жеңіс күні мерекесі құтты болсын. Елімізде тек қана тыныштық, бейбітшілік болсын деген тілегіміз қабыл болсын!
Қамбарбек Иманалиев,
«Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің аудандық
филиалының төрағасы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *