Кешегі түс – бүгінгі іс болсын – дейді, аудан әкімі Мейірхан Өмірбеков

DSC_0016 копия

Өткен сенбі күні аудан әкімі М.Өмірбековтың мұрындық болып, С.Бұтабаев басқаратын аудан әкімдігі ауылшаруашылық бөлімінің ұйымдастыруымен, ауданымыздағы айтулы шаруашылық – «Сыпатай батыр» ЖШС-нің базасында мақсаты – осы серіктестіктің көпке үлгі болар жұмыс тәжірибесін насихаттауға арналған кеңейтілген дала семинары болып өтті.

Әлихан  НұрАлиев,  (сурет автордікі)   «Меркі  тынысы»

Негізі жауапты науқан – көктемгі-жазғы дала жұмыстарының арынын байқап, өткен мен қазірдің технологиясындағы керемет пен кемшіліктерді саралап, керегін бір жаққа, кебегін бір жаққа жинау үрдісін көп естігеннен гөрі жергілікті жерлерде бір рет болса-дағы көзбен көріп немесе қолмен ұстап танысудың берер әсері, әлбетте, көп. Міне, осы қарапайым ғана тәсілді қару етіп, «Кабинеттен – кең егістікке!» бағытын ұстанған аудан басшысы Мейірхан Азатұлы бастаған арнайы топ арғы бейсенбі – 5 сәуірде де Сұраттағы «Сыпатай батыр» серіктестігінде, Жаңатоған және Андас батыр ауылдық округтерінде орналасқан бірқатар шаруа қожалықтарында болып, олардың тыныс-тіршілігімен толығырақ танысып қайтқан-ды. Оның өзі көктемнің ашық бір күні емес, әр сәтін қымбат санап, барынша тиімді пайдалануға тырысқан диқан қауымының іс барысындағы қарбалас тірлігінің оңы мен солын байқап, бар-жоғына қарайласуға алғышарт болғандай еді. DSC_0016 копия
Ал, бүгінгі мәселе тіптен басқа. Өткен жылдарда оза шауып, биыл да қардың сөгесі сөгілгеннен іске кіріскен сыпатайлық сарбаздардың жолға түскен жорғадай жүрісіне тәнтілігін әсте жасырмайтын аудан әкімі М.Өмірбеков барлық ауылдық округ әкімдерін, ауылдық округтердегі атақты шаруа қожалықтары мен тіпті, жерге титімдей де қатысы бар дейтіндей диқандардың басын осы «Сыпатай батырға» топтастырыпты. Мақсат та айқын, дара әрі біреу. Ол – серіктестіктің қант қызылшасын өсірудегі озық тәжірибесіне қанығып, қызылша тұқымын әлі де себе қоймаған жекелеген шаруаларға бұл жұмысты атқарудың заманауи, тиімді тұстарын түсіндіру, «береген қолым – алағанды» ұмытып, Жер-Анадан тек пайда табуды ғана ойлап, түрлі тыңайтқыштардан «тартынушыларға» оны қолданудың әсері мен рентабелділігі турасында барынша түсіндіру. Тағы бір айта кетерлік жайт, егіндікте бабың мен бағың қатар жанып, қанша шапсаң-дағы, сапалы, мол өнім беретін тұқымың болмаса, алысқа бармайсың. Яғни, өзің құр далақтап, шаршап, атыңды да аямай, ақ терге орап, жауыр етеріңді тағы бір мәрте ғылыми әрі іс жүзінде дәлелдеу де осы семинар жұмысының күн тәртібінде болатын. Ал, бұлар жөнінде сыпатайлықтардан асқан серілер жоқ десек те жарасады. Сондықтан болар, көпшілік осында бас қосты.
Көпке үлгі болған «Сыпатай батыр» ЖШС-гі жайлы аз-кем мәлімет бере кеткеніміз де абзал шығар. Сонымен, облыс бойынша биыл 10 мың 200 га. қызылша өсіру жоспарланса, оның 2000 гектары Меркі жерінде өсірілмек. Былтыр 200 га. қызылша алқабын місе тұтқан Шайхиевтың шыдас берер жігіттері биыл оны 300-ге көтеріп, аудан әкімімен барған 5-сәуірде «Зәуірбек» учаскесіндегі 86 га. алқапқа франциялық, агрономиялық негізде әбден жетілдірілген, шығымы 97 процентті құрайтын «Тиссерин» сұрыпты қызылша тұқымын себуді бастап кеткенін көргенбіз. Дәлдік тәсілмен егілетін тұқымның жол арасы 45 см. болса, әр 1 метрге 7 қызылша ұрығы түседі екен, яғни, жекелеудің еш қажеті жоқ. Қалған 214 га. жеріне осы Францияның «Аидар» мен немістің КВС компаниясының «Виорика» тұқымдарын орналастырады.
Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтымен тығыз байланыс жасауының арқасында тұқым шаруашылығы статусын алған бұл серіктестік 500 га. жерге арпа еккен, оның 158-і әр гектарынан 40-50 цн. өнім бере алатын жаздық Р-2 «Арна» тұқымы, 24 гектарында жаңа Р-2 «Сымбат» сұрыпы. Суперэлиталық «Стекловидная-24» күздік бидайы болса, ол барлығы 700 га. алқапты алып жатыр. Алда осыларды көбейтіп, алынған суперэлиталық тұқымды аудан көлеміне тарату мақсаты тұр.
Әлгі институттың тәжірибе алаңында 16, 32, 150 келіден әртүрлі күздік арпалар тұқымы себілген екен, олар да бітік шыққан, жайқалып тұр. «Тауық баз» учаскесінде сынақтан өтіп жатқан осы «Алатау», «Жасөркен» және «Жалғас» атты жоғары сапалы отандық сұрыптардың да аудан көлеміне жерсініп, таралатын уақыты тым алыста емес. Франциялық «Евклит» атты күздік бидай 11 га. жерге орналасыпты. Бір түптен 10-ға дейін сабақ шыққан бұл сұрыптан да күтеріміз мол екен. Мал азықтық, арпа мен бидайдан тұратын «Тритикали» сұрыпы 2,5 га. алқапқа 3-қазанда бірінші рет себіліпті. Р-2-ге жататын бұл сұрыптың әр гектарынан 100-110 центнерге дейін өнім алуға болатынын ескерсек, оның пайдасы ұшан-теңіз болмақ.
Сонымен, бүгінгі дала семинарының алғашқы сәтінде «Сыпатай батыр» ЖШС-нің тәлімді егістігі – 300 га. күздік бидайы алқабына барған көпшілік осындағы күзде егілген, егер, аз жерден клейковинасы жоғары, мол өнім алуға құлшыныс танытсаңыз, тұқым келісіне қазірден-ақ 60 теңгеден тапсырыс беруге әбден болатын, Р-2 «Стекловидная-24» сұрыпты бидайдың өсірілуімен танысты. 1 түптен 21 сабақты санап көрген аудан әкімі (суретте ортада) бұл сұрыптың келешегі зор екеніне тоқталып, шаруаларды осындай тиімді тұқымдарды алуға шақырды. Расында да бұл сұрып 40 центнерден кем өнім бермейді, ал, суармалы алқаптарда, тіпті, гектарынан 70 центнерге дейін өнім жинауға болады екен. Осындағы 5,5 га. жердегі «Мереке-70» сұрыпының да берері мол екенін, сондықтан, одан күтер нәтижесі де жоғары болатынын Қ.Шайхиев ағамыз мақтана да айтып өтті. Түрлі зиянкестерден қорғау үшін күні белгіленіп, арнайы дәрілеуші ұшақ та шақырылып қойыпты.
Кең павильондар орнатылып, орындықтар қойылған, егістікке қажетті тыңайтқыштар мен гербицидтер көрмесі де бар бүгінгі семинар өтетін алаң алыстан қарағанда қалашыққа көбірек ұқсағандай екен. Сөз алып, тәжірибесімен бөліскен, керек кезде әрдайым есігім ашық – деп ағынан да жарылған серіктестік басшысы Қ.Шайхиев жоғарыда көрсетілген мәліметтерді молынан жеткізіп, агротехникалық талаптар, оның ішінде, жер жырту тереңдігі, оны өңдеу тетіктері мен тыңайтқыштар қолдану мәселелері, онсыз жоғары өнімді «аңсауға» болмайтынын қадап айтты. Өзіміздің Орал зауытынан-ақ шығатын, бір қозғалғанда 24 метр алқапты дәрілеуге жетер екі қанаты бар дәрі шашқыш агрегаты «Пирамин Турбо» гербицидін қолдануға ыңғайлы жасалған, күзде осы құрылғы арқылы әр гектарға 200 келіден «Нитроаммофос» берген, «Фронтьер Оптима» дәрісін де әлгі агрегаттың күшімен себіп, жою үшін көптеген адам күшін қажет ететін зиянкес шөптерден оңай құтылғанын айтты.
Келесі сөз алған «Трансфер» ш/қ жетекшісі В.Бондаренко былтыр жекелеген қызылша алқаптарынан 1400 центнерге дейін өнім алғанының бар сыры мен жұмбағын ашық жайып салып, оны жерді дұрыс өңдеу, сапалы тұқым мен түрлі тыңайтқыштарды уақтылы қолдануымен түсіндірді. Сондай-ақ, қызылша тұқымын таратушы – Тараз қант зауытының әкімшілігіне оны кеш бергендеріне деген өкпесінің қара қазандай екеніне тоқталып:
– Көрші қырғыздар 24 наурыздан бастап егіп, қазір қызылшасы құлақтанып, шығып жатса, біз сәуірдің алғашқы 10 күндігінен ғана бастадық, яғни, олардан тағы да кеш қалдық. Жылда жыр болған осы мәселе реттелсе – деген назын да орынды жеткізді.
Диқандар үшін агротехникалық талаптардың сақталуы – мол өнімнің кепілі екені және шаруалар үшін субсидиялар туралы мәселелерді экрандағы кестелер арқылы қозғаған аудан әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің бас маманы Достай Сәрсембиев ауданда 1500-ге жуық ш/қ болса, соның 50-60-ы ғана себетін түрлі тұқымдарын арнайы зертханадан тексеруден өткізетінін, ал, тыңайтқыштар қолдануда қырсыздық танытып отырғандығы туралы сөз айтудың өзі артық екеніне тоқталды.
«Әлем Агро» компаниясының өкілдері осы семинар өткен алаңдағы өздерінің егістікке арналған тыңайтқыштары мен түрлі зиянкестерге арналған дәрі түрлерімен таныстырып, кеңестерін беріп, бірлесе жұмыс жасауға шақырды.
Семинар жұмысын қорытындылаған аудан әкімі М.Өмірбеков барды өзінікімен салыстырып, жоғын іздеуге жол ашқан бүгінгі дала семинары әр шаруаның тірлігіне өзгеріс әкеліп жатса, ұтпағымыз да сол екеніне тоқталып, алдағы кезеңдерде де көптің қызығушылығын арттыратын осындай пайдалы кездесулер жалғасын таба беретінін айтты.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *