Медиаторлармен кездесу болып өтті

2011 жылдың 28 қаңтарында Елбасының Жарлығымен, Қазақстан Республикасының №401-IV «Медиация туралы» Заңы қабылданды. Осы Заң Қазақстан Республикасында медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, оны жүргізудің қағидаттары мен рәсімін, сондай-ақ, медиатордың мәртебесін айқындайды.

Заңның 1-бабында көрсетілгендей, медиацияны қолдану саласы мыналарды қамтиды: Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқықтық қатынастардан туындайтын, сондай-ақ, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар туралы істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қаралатын даулар және атқарушылық іс жүргізуді орындау кезінде туындайтын қатынастар медиацияның қолданылу саласы болып табылады. Аудан тұрғындарының назарын мынаған аударғым келеді: осы бапты оқып шығып, араларыңызда дау-жанжал шығып жатса, медиатор көмегімен бітімгершілікке келіп, өзара заңды түрде келісім жасасып, дауларды шешуге болады.
Медиацияның мақсаты: өмірде орын алатын дауларды шешу кезінде екі тарапты да қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткізу, екі жақтың дауласушылық деңгейін төмендету болып табылады.DSC_0007
Медиация мынадай қағидаттар негізінде жүргізіледі: еріктілік, медиация тараптарының тең құқылығы, медиатордың тәуелсіздігі мен бейтараптылығы, медиация рәсіміне араласуға жол бермеушілік, құпиялық.
Қазір облыс, қала, аудандарда медиация жұмыстарын жүргізу мықтап қолға алынған. Мысалы, облыс көлемінде қылмыстық істер бойынша «Бітімгер» медиация орталықтарының медиаторлары жұмыс жүргізе алады.
Меркі ауданында медиация институтын жүргізуге: кәсіби медиатор Асқар Қанаев пен әлеуметтік медиатор А.Тоғысбаева орталықтан жіберіліп отыр. Бірі қылмыстық істер жөнінде болса, екіншісі азаматтық істер бойынша халықты қабылдайтын болады. Ал, басқа медиатор атын жамылып жүрген азаматтардың медиация процесін жүргізуіне құқығы жоқ. Осыған орай, өзімнің жетекшілік етуіммен осы жылдың 25 сәуірі күні аудан прокуроры Нұрбек Ұласбекұлымен (суретте) кездесу болып, онда аудан прокуроры осынау жұмыстың дұрыс, әрі жүйелі жүргізілуіне өзінің көмегін тигізіп, әрдайым қолдау көрсететінін білдірді. Кездесуде аудан халқына медиация Заңының кеңінен қызмет көрсету бағыттары туралы айтылды.
Келесі кездесу аудандық ішкі істер бөлімінде болып, оны басқарып отырған полиция полковнигі Ахатхан Абдезовпен танысу барысында өрбіді. Ол кісі де жаңа бастамаға өзінің ыстық ықыласын білдіріп, әрдайым медиация институтын дамытуға, Заңның халыққа қызмет етуіне атсалысатынын жеткізді. Аудан прокурорының келісімімен Ахатхан ағамыз осы ішкі істер ғимаратындағы бір кабинеттің кілтін медиаторға табыс етті.
Енді, осы кабинетте күнделікті сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін үзіліссіз, әлеуметтік медиатор Айнұр Тоғысбаева ауданның халқын қабылдайтын болады.
Жалпы, осы іске қолдау көрсеткен аудан әкімі Мейірхан Өмірбеков мырзаға «Қоғамдық келісім», «Бітімгер» медиация және құқық орталықтарының атынан көп-көп алғысымызды білдіреміз. Ал, медиатор А.Қанаев пен А.Тоғысбаеваға жаңа қызметтерінде табыс тілейміз.

Қожа-Зуннун Бурханиддин,
кәсіби медиатор,
«Бітімгер» медиация және құқық орталығы басшысының орынбасары.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *