Тәртіп сақшыларына арналған ескерткіш

DSC_0047 копия

Көпшілік үшін қасиетті саналар өткен жұма күні мерейлі Меркі халқы бас иіп, тәу ететін тағы бір тағзым мекенінің ашылу салтанаты болып өтті.

Әлихан Нұралиев, (суреттер автордікі), «Меркі тынысы».

Осыдан кемі екі жыл бұрын ІІБ ардагерлері, ауданға белгілі азаматтар Өмірзақ Қаймолдаев пен Талғат Жүнісқадыров, аудандық ІІБ ардагерлері ұйымының төрағасы Әсімхан Мақсымханов пен отставкадағы подполковник Тоқтарбай Семізбаев сынды ел ағалары, бар ғұмырларын қоғамдық тәртіпті сақтауға арнап дүниеден өткен және ел тыныштығын қорғау кездерінде қапыда қаза тапқан өз әріптестеріне арнап ескерткіш тұрғызу мәселесін көтерген-ді. Міне, аудан әкімі Мейірхан Өмірбековтың осы ұсынысты тек қолдап қана қоймай, бірқатар азаматтар сияқты өз атынан да қаржылай көмек беруі арқасында облысымызда теңдесі жоқ алып ескерткіш саябаққа кірер тұстан бой түзеп, көптің тәу етіп барар жеріне айналды.DSC_0043 копия
Ескерткіштің ашылу салтанатына аудан әкімі Мейірхан Өмірбеков, Жамбыл облысы Ішкі Істер Департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Тілеген Маткенов, орынбасары, полиция полковнигі Бақытжан Ералин, аталған департаменттің УКР бастығы, полиция полковнигі Е.Егембердиев, Жамбыл облысы ІІО ардагерлері ұйымынан арнайы шақырылған қонақтар, ҚР ішкі істер министрлігінің Құрметті ардагері, Тараз қалалық ІІО ардагерлері ұйымының төрағасы, запастағы полиция полковнигі Тұрдалы Шералин, халықаралық полицейлер қауымдастығы Жамбыл облыстық филиалының жауапты хатшысы, запастағы полковник Асқар Арқабаев, әкелері Әпен Намазбаевтан кейінгі ұл-қыз, немерелерінің ішкі істер органдарында атқарған жалпы еңбек өтілдері 140 жылды құрайтын әулеттің өкілі, отставкадағы полиция полковнигі Бақытжан Намазбаев, осы күнге орайластырылған, ауданымызда өтетін ішкі істер органдары жас қызметкерлерінің және олардың тәлімгерлерінің облыстық слетіне келген полиция қызметкерлері мен аудандық ішкі істер бөлімінің жеке құрамы, ІІБ ардагерлері, сондай-ақ, қазір арамызда жоқ ардагерлердің туыстары және қызмет бабында қайтыс болған тәртіп сақшыларының ата-аналары қатысты.
ҚР-ның Тәуелсіздігі ішкі істер органдарының тарихына өзіндік жаңа сипат бергені рас. Осы кезеңдерде ерлік пен өжеттіліктің бірталай озық үлгілері де орын алды. Оның бір мысалы, тараздық полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың «Халық қаһарманы» атағына лайық, көпке белгілі жарқын ерлігі – десек болады. Сондықтан, ескерткіштің «Қоғам тәртібін сақтау жолында мерт болған тәртіп сақшыларына мәңгілік тағзым» атты жеке бөлігіндегі, осы атпал азаматтың есімі алғашқы болып қашап жазылған қызыл таста қызметтік міндеттерін атқару барысында әр жылдары қайтыс болған жерлестеріміздің де аты-жөндері өз ретімен орын тауыпты. Оларды жеке атап өтуіміз орынды шығар. Себебі, әрқайсысы көз көрген жерлестері жадында сол кезден-ақ батыр болып қалыптасқанымен, жастар, болашақ ұрпақ үшін Отанын сүйер қазақстандық патриотизмге жетелейтін құрметті есімдер де біздер үшін осы, ағайын. Олар: аға лейтенанттар Төлеген Шалдамбаев пен Әлімбек Бекжанов, подполковник Бақыт Әбдіқасымов, майор Мұратбек Ережепов, капитан Ермахан Оспанов, аға лейтенант Егемберді Арғымбаев, сержант Мәлік Жүнісқадыров, аға лейтенант Асанбай Ғалымжан, полиция капитаны Жақпар Әспетов, милиция сержанты Әкімжан Зариповтар.
Ал, ескерткіштің екінші қапталындағы тасқа кешегі аласапыран Ұлы Отан соғысына қатысып, елге оралған соң жұрт арасындағы тыныштықты қорғаған, бұл күндері арамызда жоқ аға-аталарымыз Иван Артющенко, Әлшораз Ауғамбаев, Беделбай Рысқұлбеков, Ошан Тоғысов, Жұмаш Бекқұлиев, Шайхы Иманалиев пен Әпен Намазбаев сынды бар ғұмырларын еліне арнап, жастықтарын тағдыр тәлкісімен өткізген асыл ерлердің есімдері жазылған екен.
…Сонымен, Мемлекеттік Әнұран орындалған соң ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімі өткізілді. Сөз алған облыстық ІІД-нің бастығы, полиция генерал-майоры Т.Маткенов егеменді еліміздегі ішкі қауіпсіздікті сақтау жүйесінің дұрыс орнығуы арқылы халқымыздың ертеңгі күнге деген сенімінің арта түскені, полиция өкілі – биліктің айнасы болғандықтан ел мүддесінен шығу – парыз екенін айтып, ескерткіштің ашылуы үшін үлес қосқан аудан мен АІІБ басшылығына, ІІБ ардагерлеріне деген алғысын жеткізген соң арамызда жоқ арыстардың құрметіне 1 минут үнсіздік жарияланып, аспанға оқ атылды.
Митингте келесі сөз сөйлеген аудан әкімі М.Өмірбеков қиыны мен қатері көп ішкі істер органдары қызметкерлерінің аудандағы жұмысы жайлы тоқталып, жалпы барлық бағытта, әсіресе, құқық қорғау саласында шындық пен адалдықтың алға қойылған сәті – елдің сеніміне кірігу тетігінің іске қосылғаны дей келе, ауданымызда бой көтерген ескерткіштің және келешекте ашылуы тиіс ІІО ардагерлері музейінің ерекше қасиеті – тұрғындарға, оның ішінде, жастарға идеологиялық өркендеу мен патриоттық парасаттылықты молынан шашатын тәрбие орталығы болатынына күмәні жоқтығын айтты. Аймақ басшысының сөзінде жергілікті билік тарапынан тәртіп сақшыларына көрсетілер көмек түрлері де айтылды. Мысалы, облысқа үлгі болған Сарымолдаев ауылдық округіндегі жергілікті полиция бөлімшесі сияқты арнайы жабдықталған пункттердің барлық жерде ашылуы, қызметтік автокөліктермен қамтамасыз ету мәселелері биылғы жылы да өз деңгейінде жүргізілетіні осы жиын барысында тағы бір мәрте аян болды.
Келесі сөз алған ІІО ардагері, отставкадағы полиция полковнигі Талғат Жүнісқадыровтан соң қызмет бабында қайтыс болған Жақпар Әспетовтың анасы, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Шырын Мамасерікова ортаға шығып, ұлы жайлы жүрек тебірентер естеліктерін айтып, «Полицейлер – Отанымның қорғаны» атты әр шумағы мәнді де мұңды, терең әрі тылсым сырға толы, 18 жыл бұрын мәңгілікке жоғалтқан жалғыз ұлын жоқтап, аналық сағыныштан туған, көзге еріксіз жас әкелер өлеңін оқыды…
Бүгінгі Меркідегі басқосу аудандық Мәдениет үйіндегі «Полицияда қызмет ету менің мақтанышым, әрі абыройым» атты ІІО-ның жас қызметкерлері және олардың тәлімгерлерінің облыстық слетімен жалғасты. Онда Тараз қаласы мен Талас ауданынан келген жас полиция қызметкерлері, тиісінше Е.Құрманалиев пен А.Жәнібеков, жастарға айтары мол, тәжірибелі полиция капитаны тараздық Д.Алмабаевтар сөз сөйледі.
Жиын соңында ІІД бастығы Т.Маткенов ерекше көзге түскен жас қызметкерлер мен оларды тәрбиелеп, өсірген бірқатар ата-аналарға Алғыс хаттар табыстады. Олардың ішінен АІІБ-нің тергеушісі Ә.Құрманәлінің әкесі, аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Бекболат Құрманәлі сияқты ұрпақ тәрбиесіне үлкен мән беруші азаматтарды да көре алдық.
Слеттің бағдарламасына сай көпшілікке ел тыныштығын бағалап, ерлікке тағзым жасауға қадам бастыратын «Горький сахар» деректі фильмі көрсетіліп, ІІД-нің «Арлан» вокальды-аспаптар ансамблінің концерті ұсынылған соң, бақилық болған ІІО қызметкерлеріне құран бағышталып, ас берілді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *