Ғибратты ғұмыр

DSC_0001 копия

Өткен сәрсенбі күні аудандық тарихи-өлкетану музейінде ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында мемлекет және қоғам қайраткері Қабылбек Сарымолдаевтың 120 жылдығына арналған «Еліме лайық ерім бар» атты тарихи-танымдық кеш болып өтті.

Әлихан Нұралиев, (суреттер автордікі), «Меркі тынысы».

Аталмыш мекеме директорының міндетін уақытша атқарушы Айман Жүрсінәлиева ұйытқы болып, музей қызметкерлерінің ұйымдастыруымен өткен, ә дегеннен-ақ, барша халықтың саналарын оятуға саңлау тауып, әсіресе, тарихи құндылығымен жастарды елін сүйер қазақстандық патриотизмге жетелейтін мәнімен ерекшеленген кешке бірқатар қонақтар да арнайы шақырылған екен.
Олардың қатарынан аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Қамбарбек Иманалиев, еңбек ардагері, белгілі революционер М.Жылысбаевтың ұрпағы Байсейіт Жылысбаев, зейнеткер-ұстаз Термекүл Күлшебаева және Қ.Сарымолдаевтың тікелей ұрпақтары: зейнеткер-ұстаз Гауһар Сарымолдаева мен аудандық білім бөлімінің шаруашылық меңгерушісі Үрмет Сарымолдаев (жоғарғы суретте), сонымен қатар, ауданымыздағы білім ордаларының қара шаңырағы – №18 А.Қосанов атындағы ЖББМ-нің сарымолдаевтанушылық іліміне жақын оқушыларын көре алдық.
Кешті жүргізуші, музей экскурсоводы Дархан Сахов Қабылбек ағамыздың ғибратты ғұмыры әлі де болса терең зерттелуді қажет ететінін, сондай-ақ, кейбір ұлтына арнаған еңбектері қайта қаралып, жіті зерделеуден өтуі керектігі – елдігімізге сын екенін айтып, Алаштың ардақтысы – Қ.Сарымолдаевтың өмірбаянымен таныстырды. 20180417_092642 (1) копия
Музейліктердің бүгінгі кештің әсерлі өтуіне бар қолайлы жағдайды жасап-баққандары келген қонақтарды барынша құрметпен қарсы алуынан-ақ байқалса, музей қорындағы Қ.Сарымолдаев турасында сыр шертіп, ол кісінің өмірін паш ететін құнды құжаттарды пайдаланып, үлкен көрмені де (төменгі суретте)тамаша ұйымдастырған екен. Оған қосымша болар тағы бір өзгешелік, кештің мақсаты – бас кейіпкеріміздің қоғамдық-саяси жұмысының басты өзегі әрі кульминациялық нүктесі – қалың қазағына қалытқысыз қызмет жасау екені де осы кеш барысында дәл айшықталып, анық көрсетілді – десек, артық айтқандық емес. Аталмыш басқосудағы тағы бір ұтарымыз, одан туындайтын мүдденің бірі, әсіресе, қатысушы жастарға үлгі-өнегелігімен патриоттық сезім пернелерін басатын тәрбие беру болғандықтан, Отан мен туған жер туралы ән-жырларға да біраз уақыт берілген екен. Мысалы, «Меркі әуендері» ән-би ансамблінің әншілері: Толғанай Өксікбаева халқымыздың кең пейілін сахара даласымен теңеген «Шіркін-ай!» әнін шырқаса, Айжан Мырзахан «Дархан қазағым» әнін нақышына келтіре орындады. Ал, №18 мектептің оқушысы Жексен Айдын отаншылдық рухы басым, тұңғиық сырға толы тамаша өлеңін оқып берді.
Кештің келесі кезегіндегі үлкен экран арқылы көрсетілген бейнефильмде Қабылбектей нар тұлғамыз туралы дер-деректер, сондай-ақ, осы азаматтың Сарымолдаев ауылындағы өткен ғасырдың басында қазақтың біртуар ұлы Т.Рысқұловпен бірге дәріс алған мектеп ғимаратының жайы, бүгінде шын мәнісінде, жетімдіктің күйін кешіп, қараусыздықтан «қарны ашқан» сол мектептің аянышты сырт бейнесі мен туған ауылы – Ойталдағы №12 ЖББМ-нің базасында жерлестеріне арнаған музейі туралы фотоматериалдар топтамасы баяндалды. Бұл жерде Сарымолдаев мұрасының жанашырларының бірі Г.Сарымолдаева әкпеміздің айтары мол болғанын жаза кеткеніміз жөн.
Тартымды, әрі мазмұнды кештің бағдарламасына сай, қатысушы қонақтарға сөз беріліп, олардың әрқайсысы сол бір дүрбелең жылдардың ақиқатына апарар жол арқылы Қ.Сарымолдаевтың өмірнамасына кеңінен тоқталып, аталған ғибратты ғұмыр иесінің тартысты тағдыры – бүкіл халқымызға да төнген қасіреттің ашық көрінісі екенін нақ жеткізе білді.
Иә, Қабылбек ағамыз өз ұлты үшін өре түрегелген, бүкіл Алашқа ортақ азаматымыздың бірі. Өздерін «ұлы» деп санаған, шовинистік мақсаты басым елдің атқамінерлерімен текетіреске, қанды режіммен «ерегіске» түсіп, тоталитарлық жүйенің «жүйкесін» тоздырған Қ.Сарымолдаевтай қайраткері болған ұрпақтың алар биік белестері де көп болуы шарт. Нағыз ер – ұмытылмайды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *