Жемқорлыққа – жол жоқ!

Жуырда Савва атындағы №9 ЖББМ-нің базасында білім беру ұйымдарында сыбайлас жемқорлық пен құқықбұзушылық факторларының алдын алу жұмыстарына арналған кеңейтілген семинар болып өтті.

Әлихан Нұралиев, (сурет автордікі), «Меркі тынысы».

Аудан әкімінің орынбасары Бақытхан Әбжапаров төрағалық еткен жиынға Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмағанбетова, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалының төрағасы, облыстық Әдептік кеңестің мүшесі Қасымхан Төлендиев (суретте), аудан көлеміндегі барлық білім мекемелерінің басшылары мен оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты.
Семинар жұмысын ашқан Бақытхан Жақанұлы «Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын» іске асыру жөніндегі мақсат-міндеттерге кеңінен тоқталып, ол жағымсыз әрекеттердің жергілікті жердегі әрбір зиянды көрініс, фактілері мемлекеттік қауіпсіздік пен әрі ұлттық сипаттағы дамуымызға кері әсерін тигізерін баса айтып, сөз кезегін облыстық қонақ Қ.Төлендиевке ұсынды.DSC_0028 копия
Жиын мінберіне көтерілген Қ.Төлендиев өз сөзінің әлқиссасын ертең ел тізгінін ұстар – бүгінгі шәкіртке тәрбие мен білім беруші ұстаз мәртебесін жоғарылату турасындағы мемлекеттік сарабдал саясаттың астарын ашып көрсетуден бастап, ол мәртебеге лайық болуды да айтып өтті.
Иә, ұстаз – мемлекеттің айнасы, оған қарап бой түзейтін жас ұрпақ ұстазының бір ғана әрекетінен теріс қылықтарды байқаса, ол шәкірттің психологиясына тікелей әсер етіп, оның әлдеқалай жаза басып, опық жеуіне түрткі, қисық басуына «ұйытқы» болары анық. Яғни, әр мұғалім ішкі-сыртқы тазалықтың, айтылған әр сөздің, жүріс-тұрыстың эталоны болуы шарт, ұстаз екенсің – қоғамдық мүддені жоғары ұста, сен үшін пендешіліктің пердесі біржола жабылуы керектігін де ұмытпағайсың – дегіміз келеді, өз газетіміздің құзырын пайдаланып.
Сонымен, Қ.Төлендиев сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның басым бағыттары, ол жайындағы Елбасы Н.Назарбаевтың ой-пікірлері жөніндегі тұжырымдамаларына тоқталып, білім шаңырақтарында заңсыз сыйақылар беру, оны алу сияқты факті, келеңсіздіктердің көлеңкесінде жасырын қалу мүмкін емес, ондай жандар түбінде бір заң алдында тергелуге табан тірейтінін айтты. Жақында мектеп бітірушілердің кештері болмақ, міне, осы іс-шаралар кезінде сыбайлас жемқорлыққа бастайтын әрекеттерге жол бермеу, ысырапшылдық пен аста-төкке бой алдырмау мәселелерін де қозғаған облыстық қонақ қоғамда жемқорлыққа қарсы төзімсіздік мәдениетін қалыптастыру, заңнамаларды жетілдіру қажеттігі жайлы да әңгіме желісін ағытты.
Сөз алған Рахия Сейітбекқызы ғылыми-тәжірибелік маңызы зор – деп айтуға негізі бар бүгінгі жиынның мақсаты – сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқықтық сауаттылықты арттырып, оған төзбеушілік орта қалыптастыру мен тәжірибе алмасу екенін айтып, қоғамдағы қарым-қатынастардың ашық болуына атсалысу, инновациялық әдістемелер ұсыну, қоғам игілігін жоғары қою қағидаларына біржола көшу, алдағы ҰБТ мәселелері турасында тамаша баяндама жасады.
Жиын барысында қатысушылардың санасына жаңаша серпін беріп, көзқарастардың өзгеруіне себепші болатын қоғам дерті – сыбайлас жемқорлыққа қарсы деректі бейнефильм көрсетіліп, көпшілік басқосу барысында туындаған сұрақ-сауалдарына нақты жауаптар алып, өз ойларымен бөлісті.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *