Өткені – өнеге, тағдыры – тарих ауылым

DSC_0138 копия

Қазақ баласы үшін туған жердің қасиетінен артық, сірә, ештеңе жоқ-ау. Сондықтан болар, кіндік қаның тамған жерің алыста жүрсең қол бұлғап шақырып, жанында болсаң әр сайы мен қыраты тірегің болып, аяқ астындағы әшейінде байқалмас қара тасының өзі жұмсарып, жылы тартып тұратыны тағы бар.

Әлихан Нұралиев, (сурет автордікі), «Меркі тынысы».

Иә, біз ауылда өстік, олай деп мақтанамыз да. Қарға тамырлы әр қазаққа тиесілі осы мекеннің шаңы бұрқырағанымен, шырайланып атар таңы өзгеше, базбіреулер бұра тарта айтатындай «қаладан артта қалғанымен», ата-бабаның салт-дәстүрлік қаймағы бұзылмаған, құт дарыған тазалықтың мекені де осы ауыл емес пе? Мысалы, мен өз басым, мұржасы қисық болғанымен, түтіні түзу шығатын алақандай ауылымды еш шаһарға айырбастамайтыныма сенімдімін.
Өткен сенбі күні Ақарал ауылында ақ түйенің қарны жарылды – дейтіндей, тіпті, талғампаздығы басым тұлғаның өзіне жағып, рухани азық ретінде өмірлік талғажау етуіне жарайтын тамаша тірлік орын алды. Сәл артқа шегінейік.DSC_0138 копия
…Сонау Қазан төңкерісінен кейінгі отырықшылдық саясаты бойынша халық қоныс тепкен жердің бай тарихынан сыр шертіп, ауылдың өткенінен ақпар беретін мұралар мен жәдігерлердің жиынтығы бір жерге топтасар, қойны шежіре – музей үйінің керектігі уақыт талабы болатын-ды. Жас ұрпақ үшін оның қажеттілігі сонша, бұл мәселенің халық арасында көтерілгеніне де біраз жылдардың жүзі болғаны кей кездері жарғақ құлаққа естіліп қалушы еді. Алайда, істің алға жылжуына кедергілік жасап, кесе-көлденең тұрған қолбайлау – оған қолайлы мекен-жай мен түрлі шығындарға жұмсалатын қаржы екені тағы аян. Бұл жөнінде бейжай қалмаған №5 Ақарал ЖББМ-нің директоры, аудандық мәслихаттың депутаты Нұрила Қойшыманова мен директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы «Ақарал» бастауыш ұйымының төрайымы Райхан Бәбіжановалар ақылдаса келе, мектептегі «Рухани жаңғыру» патриоттық залына қарама-қарсы бөлмені жөндеуден өткізіп, ауылдың тарихи-өлкетану музейіне айналдыруды ойластырғанына да екі жылдың жүзі болған екен. Міне, ең бастысы, ниеттері ақ осы ауыл жанашырлары негізгі қызметтерінен тыс уақытта ауыл азаматтары арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, демеушілер тартып, көпшілікті игі істің басына топтастыра білді.
Сонымен, музейдің ашылу салтанатына әр ауылдың көркейіп, өркендеуіне ерекше назар аударушы аудан әкімі Мейірхан Өмірбеков, аудан әкімі аппаратының басшысы Асхат Медетбеков, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Ринат Жантаев, округ әкімі Оразбай Жантайбеков, аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Гүлнар Таңатова, сондай-ақ, зейнетке шыққандарымен жата беретін емес, барды бағалап, бата беретін ауыл ақсақалдары Т.Жұмағұлов, Б.Ибрагимов, Ө.Әденов, ардагер-ұстаз Айман Мәуленова, мектеп ұстаздары мен оқушылары, ауыл тұрғындары қатысты.
Лента қию рәсімі құрметіне аудан басшысы Мейірхан Азатұлы мен ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Толғанбай Бегасылов (суретте) ие болып, көпшілік тамаша жасақталған, әлі де қоры байытылу үстіндегі музей ішіне енді. Бәрі тамаша! Бір айта кетерлік жайт, музей тек Ақаралдың емес, тұтас алты Алаштың өткен тарихынан да кең мағлұмат беруге лайықталған екен. Яғни, музейді жасақтаушылар бұл әдісті өте ұтымды пайдалана отырып, бір ғана бөлмеден бүкіл еліміздің өткеніне сапар жасай алатын үйлесімді жол тапқаны қуантады.
Әрине, мектеп, турасында ауыл музейі болғандықтан Ақаралдың колхоз, кейінірек совхоз кезіндегі тарихын көз алдыңа әкелер ескі сарғайған фотосуреттер, сонау бала кезімізде еш жоғалтпайтындай көрінетін, бұл күндері сағынышқа толы орындары ойсырап қалған Мария Филипова, Арыстанбай Беков, Жолдас Суанқұлов, Атыхан Нұралиев, Баймағанбет Диқанбаев, Тұрлығұл Қыздарбеков, Баян Ибрагимұлы, Яш Әлиев, Қалыш Жұматаев, Әміржан Бегенов, Гриша Логинов, Жөкетай Қуанышев және тағы басқа, бейнелері етене таныс соғыс және еңбек ардагерлерінің өмір жолдары мен көне жәдігерлер жайлы мектеп оқушылары А.Қылшабай, Д.Бақытжан, Е.Шәріп, А.Асқар, А.Ахатұлы терең таныстырып, айтып өтті.
Келесі кезекте, мектептің «Рухани жаңғыру» патриоттық залындағы осы ауылдан түлеп, ерен еңбектері арқасында ел есінен шықпайтын, бүгінде зейнет жасындағы еңбек ардагерлері мен Тәуелсіздік жылдары өз салалары бойынша жемісті еңбек етуші, «Табысқа жеткен 100 есім» атты құрметке енген ауыл азаматтарының, оның ішінде, осы жолдардың авторының да фотосуреттері ілінген тақтайша қонақтардың назарына ұсынылды. Одан кейін аталған патриоттық залда «Озық ойлы, алғыр жас – ел дамуының кепілі» атты кеш ұйымдастырылып, осы мектептің 36 дарынды оқушылары аудан басшысымен кездесу өткізді. Бұл емен-жарқын, ашық форматта өткен басқосуда биылғы «Алтын белгінің» үміткерлері А.Білдебай, Б.Асқар, А.Ғаниқызы, А.Жөкетаева және басқалар аудан әкімі Мейірхан Азатұлына әр бағытты қамтыған бірқатар сұрақтарын қойып, өңір басшысының көңілінен шыққан, жүрекжарды әрі тұщымды жауаптарын алысты.
Басқосу барысында дарынды оқушылар дайындаған концерттік бағдарламаның репертуары да бай екен. Халықаралық «АРТ шашу» өнер байқауы, республикалық «Ғұмырдария» байқауының дипломанты Асқар Ақәділ атақты «Балқадишаны» орындаса, халықаралық «Гранд Астана» байқауының жүлдегері Қазбек Елдана скрипкада Бетховеннің шығармасын, ал республикалық «Жұлдызың жансын!» байқауының жүлдегері Секен Ерхан «Рухани жаңғыруға» арнаған өлеңін оқыды. Түрлі байқаулардың жүлдегерлері Өсер Дана мен Сауытбек Аяулымның домбырамен шерткен «Құс қайтқанда» күйі және Қазбек Жансаяның өзінің тырнақ алды туындысын оқуы да көптің көңілінен шықты.
Сонымен, ауылдың өткен тарихын тағы бір аударыстырып, жас ұрпақтарға қажетін ұсынған, кезінде Ақаралдың ажарын келтіре еңбек еткен ардагерлерді, сондай-ақ, Отанын, оның ішінде, алақандай Ақаралын да жаудан қорғаған есіл ерлерді жаңаша, қайта тірілткен музейдің ашылуы осылай өтіп, аудан әкімі мен ауыл ақсақалдары бұл іске мұрындық болған мектеп басшылығына алғыстарын жеткізді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *