Береке бастауы – бірлікте

Жуырда озық тәжірибелерімен басқаларға үлгі болар бірқатар шаруашылықтардың базасында, өңір басшысы Мейірхан Өмірбековтың тікелей ұйымдастыруымен, ауданымыздың диқан-бағбандары қатысқан дала семинары болып өтті.

Әлихан Нұралиев, (суреттер  автордікі), «Меркі   тынысы».

Аудан әкімдігінде жиі өткізілетін теориялық сипаттағы ауылшаруашылық семинарлары мен түрлі жиындардың, әрине, алға қойған мақсатты пайдалары жетерлік. Сондай насихаттық-түсіндіру рөлін иемденген басқосулардың нәтижесінде қолына диқан кетпенін ұстап, Жер-ана төсін аялай, еңбек етуге құлшынысы артқан азаматтардың да қатары көптеп өсе түскені белгілі. Десек те, «жақсы істі көрмекке» дегендей, жергілікті жерде, көз көріп, қолмен ұстап танысатын, өзіңде болса оны салыстыруға мүмкіндігің мол, тәжірибе бөлісер дала семинарларының жөні әлдеқайда дара-бөлек екені даусыз. Міне, ауданымыздың жер еміп өсуге ниеті бар көптеген шаруалары бір мезетте бас қосқан жиынға біз де қатыстық. DSC_0063 копияӨзінің қарапайымдылығы мен кісілігі арқылы басқалардан биік көрінетін, адами қасиеті басым, ұрпақтарын адал еңбекке баулып өсірген кешегі тағылымы мол Тоқтаған Рахымбаев ақсақал, әрине, ел есінде. Осы өнегелі өмір иесінің ғұмырын өз дәрежесінде жалғастырған ұл-қыздары да бәрімізге мәлім. Олардың бірі, кәсіпкер-меценат Болат Рахымбаев екенін айтсақ та жеткілікті болар. Ал, бүгін оның бауыры, бар саналы өмірін экономист-заңгерлік саласына арнағанымен, зейнетке жеткен жасында зерікпей, диқаншылыққа бет бұрған Мұрат Рахымбаев ағамыздың жұлдызы жанды десек артық айтқандық емес. Себебі, аудан әкімі Мейірхан Азатұлы Жамбыл ауылының үстінен, таудың төмен етегінен жер алып, бағын жайқалтып, көкөнісін өсірген М.Рахымбаев басқаратын «Береке» шаруа қожалығының тыныс-тіршілігін ә дегеннен байқап, еңбек көрігі қызған сәтте халықты бастап сонда баруды бұрыннан жоспарлап қойған екен. Оған дәлел, көпшіліктің басын сонда бұрып, жолы бұралаң болғанымен тірлігі «түзу» «Берекенің» шын мәнісінде «береке басы – бірлікте» дейтіндей, көз қызығарлық алқабына келіп жеттік.
– Мына тегісі жоқ, тек жота, төбе, сайдан тұратын жерді еңбек етуге «жаны» қарсы әлдекімге берсең бұл алқапты игеру мүмкін емес – деген себепті өзіне «серік» етіп, ат тонын ала қашатынына біразыңыз, мысалы, мен де кепіл, ағайын. Кеше ғана басқалар айналып өтетін жотаға жан бітті деген осы да. Сондықтан, ат басын осында тіреп отырмыз – деген аудан әкімі М.Өмірбеков семинар жұмысын бастап та кетті. Бұл қожалықтың тірлігі жаңа қалыптасқандықтан Жамбыл ауылының тұрғыны, зейнеткер Исабай Қалысбаев ата-баба салтынан ажырамай, бата берген соң қожалықтың жетекшісі Мұрат Рахымбаев пен агрономы Руслан Шаев өз еңбектері жайлы әңгімеледі. Мұндағы алқапта биыл 27 сәуірден басталып, 12 гектар түрлі сұрыпты алма бағы отырғызылыпты, біз барғанда оларды дәрілеу жұмыстары жүргізілуде екен. 4 гектарды осы көктемде, 5-мамырда отырғызылған, күзде алғашқы өнімін беріп үлгеретін түркиялық «Чезена» құлпынайы алып жатса, 8 гектарында Польшадан әкелінген «Полана» сұрыпты бүлдірген бойын тіктеп үлгерген. 104 метр тереңдіктен су шығарылып, тамшылатып суару технологиясы енгізілген осы алқаптар адам еңбегі арқасында көз қуантып, жайнап-ақ тұр, керемет! Әзірше, барлығы 18 адамға нәсіп табылып, жұмысқа тартылыпты. Иә, бір ойшыл «Аспандағы бұлт тез өзгерсе, ал жер беті одан да жылдам өзгереді» деген екен, оның бір тамаша мысалын бүгін осында, «Берекеден» көре алдық.
Көпшіліктің келесі барар бағыты Қанат Шайхиевтің «Сыпатай батыр» серіктестігі болды. «Анау айтқандай мықты болмасам да арпа-бидайдан біраз өнім алып жүрмін» – деп, өзін-өзі алдаусырата, «көтермелеп» жүрген немесе «менікінен артық өнім алу – мүмкін де емес шығар» – деп, өз жетістігіне тоқмейілсінген диқандар үшін таңғажайып ертегі аралына тап болғандай жағдай тап осы жерде орын алды. Сұрат ауылының шығыс бетіндегі алқапта өсірілген, тұқымы Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтынан әкелінген «Стекловидная-24», «Мереке-70» атты күздік бидайлардың биіктігі адам иығымен теңесіп, дәннің мол әрі бітік шыққандығы соншалық, салмағынан бастары төмен иіліп тұр екен. Мысалы, «Мереке-70»-тің әр гектарынан кемі 60 центнерден астық жинауды көздеп отырған серіктестік басшылары оны көбейтіп, келесі жылы тұқымын сатылымға шығармақ. Алдағы 5 шілде күні дала кемелері – комбайндар егіс орағын бастайтыны да айтылып, сапалы тұқым алып, келесі жылы қамбасын толтырам дегендерге сол күннен бастап, оны сатып алуларына мүмкіндік бар.
Төмендегі «Тауық баз» учаскесінде, жоғарыда айтылған институттың «Сыпатай батыр» серіктестігімен бірлескен тәжірибе алаңында да болдық. Мұнда 16, 32 және 150 келіден тұқымы жеткізіліп, күзде себілген отандық «Алатау», «Жасөркен», «Жалғас» атты күздік арпа түрлерінің мол өнімнің кепілі болатын жайы мен «дорбалап әкелген арпаны арбалап таситын» әлеуетіне қарап, таңдай қағысқан көпшілік (суретте) осындағы 2,2 гектарға орналасқан мал азықтық «Тритекале» күздік арпасы туралы да көп сұрады. Бұл дақылдың өнімі гектарынан 70 центнерден айналады деп күтілуде.
Дала семинары барысында сыпатайлықтардың қызылша алқабын да көре кеттік. Сапалы тұқымдар себіліп, жаңбырлатып суару нәтижесінде, осы кездің өзінде, қос жұдырықтай көлемге ие болған қант қызылшасының мол өнім берер алғышарты байқалады.
Семинар жұмысын қорытындылаған аудан басшысы М.Өмірбеков қай салада болмасын жетістік болса, ол біріншіден басшының біліктілігіне, оның замана ағысымен жүруіне байланысты екенін айтып, бүгін ел аралаған екі шаруашылықтың айтары мен көрсетері көп жетекшілеріне алғысын жеткізді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *