Ел бірлігін ойлаған Төленді аға

Иә, уақытқа еш тосқауыл жоқ, ол ауыздықсыз. Сондықтан, ол аялдап тоқтамайды да. Күні кеше десек те болар, 2016 жылдың маусым айының 21-і күні көрші Қырғыз жерінде өткен, сонау Ресейдің Оренбург қаласынан бастау алған «Біз миллион панфиловшылармыз» атты естелік Вахтасының арнайы белгі – штандартын қарсы алу акциясына қатысу үшін меркілік делегацияны бастап барғанында кенет науқастануы салдарынан қайғылы жағдайға ұшыраған, сол кездегі аудан әкімінің орынбасары Рысқұлбеков Төленді Беделбайұлының арамыздан ұзағанына да 2 жылдың жүзі болыпты…

Әлихан  НұрАлиев,  (сурет  автордікі)   «Меркі тынысы»

Өзінің халыққа жақындылығымен дараланса, ел мүддесі үшін бас иетін қасиетімен де ерекшеленетін осы бір ел ағасының халық алдындағы сый-құрметі де жоғары, бір төбе болатын. Осылайша «болған, болатын» – деп, арыстай азамат жайлы өткен шақ түрімен жазу оңайға соқпайтыны рас, оған Төкеңді қимайсың да.
Алайда, сол соңғы қызметтік сапарында бірге жүріп, жанында болғандықтан шығар, бәріне куә ретінде тағдырдың теперішіне еріксіз көнеді екенсің…DSC_0198
Сол күн басқалардан өзгеше ерекшелігі жоқ, кәдуілгі мамыражай жаздың күні еді. Сондықтан да, ешқандай абыржуға, әлденені сезінуге алып келетін еш алғышарт жоқ болатын. Тек жол үстінде әкесі Беделбайдың Ұлы Отан соғысына қатысқанын, жеңіспен оралған соң әскер киімін тәртіп сақшысы – милицияның формасына ауыстырып, халқына адал қызмет еткен азамат екенін орынды мақтана жеткізіп, жалпы, ол кездегі ұрпақтың иығына түскен жүк ауыр болғанымен, патриоттық ұстанымдары жоғары тұрғанын, өкінішке орай, қазір сондай адами қасиеттердің азайып кеткені үшін қынжылатынына тоқталғаны есімде. Сол әке абыройы төгілмей, әруағы тыныш жатуын ойлап, кейбір пендешілік әрекеттерден іргесін аулақ ұстайтынын да айтқан Төленді аға: «Ертең соғыс басталған қаралы күн. Қанша боздақ елге оралмады… Олар әперген жеңіс – бізге аманат. Ал, оны қолдан шығармай, келесі ұрпаққа тапсыруымыз азаматтық міндет. Негізі біз бұрынғы КСРО халықтарымен, мына көрші қырғыздармен дос болуымыз керек. Себебі, біздер бірігудің, халықтар достастығының арқасында, жеке болсақ жұтып қояр аждаһа – фашистерді жеңгенбіз, ал бейбіт өмірдің өзінде іргеміздегі елмен қарым-қатынасымыз мықты болуын қалаймын» – деп еді.
Төленді Беделбайұлы тап осы сөздерін Қырғызстанның Панфилов ауданындағы генерал И.Панфиловтың алып ескерткіші қойылған Құрама ауылындағы ортақ батырымыздың немересі Айгүл Байқадамова қатысқан митингте, Қарабалта қаласындағы Мәдениет үйіндегі жиында да қайталап айтқан-ды. Өткенге қайта оралғаным, тек өз елімізді мекендеген түрлі ұлттармен емес, сонымен қатар, көршілес елдермен де тату-тәтті болуды ойлап, жүрекжарды лебіздерін айтқан Төленді ағамызды, яки қазақтың бағына біткен тамаша бір ұлын өз баласындай көріп, құрмет тұтқан қырғыз халқы оны өте жылы қабылдап, достық пейіліне лайық алақанына салғандай еді… Амал нешік, есіл ер бұл жалғаннан баз кешіп, өзі арамыз ашылмауын тілеген Манастың елінде шын дүниеге асығып кете барды…
Сонымен, екі елдің арасындағы алтын көпірдейін, жарасымды ынтымақ пен бірлікті одан әрі жалғастыра беруге құлшынысы зор Төленді ағаның соңғы аманатындай болған іс үзілмеуі тиіс еді. Солай болды да. Артындағы бауыры Раиса Рысқұлбекова мен жұбайы З.Қошмамбетова Төленді Беделбайұлының химия саласы бойынша сонау Кеңес заманы кезінде, 1987 жылы патенттелген өнертабысы мен 1989 жылы Мәскеу қаласында қорғаған кандидаттық дисертациясын ескеріп, Қарабалта қаласындағы мектептерде химия пәні бойынша үздік оқып, біліктілігін танытқан түлектерге Төленді Рысқұлбеков атындағы арнайы халықаралық сыйлықты тағайындаған еді. Былтыр бұл құрметке Қарабалтадағы А.Макаренко атындағы №10 мектеп-гимназиясының оқушысы, химия пәні бойынша аудандық, облыстық олимпиадалардың жеңімпазы, қазіргі уақытта Бішкек медицина академиясының білімгері Р.Бақытбеков ие болғаны белгілі.
Сонымен, биыл осы дәстүрлі марапатты тапсыру үшін Төленді Беделбайұлының әкпесі Раиса Рысқұлбекова, ағамыздың көңіліне жағымды күйеу баласы Әлібек Әбдікерімов, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының орынбасары Мұратбек Көкірекбаев және осы жолдардың авторынан жасақталған топ Қырғыз асып, көршілес Жайыл ауданының Алексеевка ауылындағы орта мектепте болып қайтты. Алдын ала жасалған келісім бойынша Жайыл аудандық білім бөлімінің басшысы А.Гасанов таңдау жасап, осы мектепті бітіруші түлек, химия пәнін жетік меңгерген 11 «а» сынып оқушысы Игнат Шишкановтың кандидатурасын ұсынған екен. Мектептің акт залында өткен жиынға мектеп бітіруші түлектер, ұстаздар мен ата-аналар, жергілікті үкімет басшылары мен баспасөз өкілдері қатысты. Қазақстандық қонақтарға сөз берілген кезде Р.Рысқұлбекова биылғы жылдың сыйлығын И.Шишканов (суретте) пен оның ұстазы, химия пәнінің мұғалімі М.Довбийге тапсырып, бауыры – Төлендінің аманаты – екі ел арасындағы достық пен бауырмашылдықтың өрісі кеңейе беруді жеткізді.
Сөз алған білім бөлімінің басшысы А.Гасанов, мектеп директоры Н.Маразыкова, құрмет иесі Игнат пен оның сынып жетекшісі О.Данилевская, былтыр сыйақы алған Р.Бақытбеков және басқалар Төленді Беделбайұлының игі істері, оның ішінде, өзі дүниеден өткенімен, сол бір бастамалардың өміршең сипат алғанының бір көрінісі – бүгінгі халықаралық дәрежедегі сыйлықтың мәні мен маңызы туралы кеңінен әңгімелеп, алғыстарын айтты.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *