МОЙЫНҚҰМДА бас қосты ТІЛШІ ҚАУЫМ

28 маусым – Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні мерекесін бірлесе атап өту үрдісі биыл да өз жалғасын тапты. Республикалық «Салық тәртібі», аудандық «Талас тынысы», «Мойынқұм таңы» мен «Меркі тынысы» газеттерінің тілшілері жылдағы дәстүрді сақтап, былтыр кәрі Қаратаудың қойнындағы демалыс орнында бас қосса, биылғы ит жылы аты әнге айналған қазақтың құт мекендерінің бірі – Мойынқұмда жолығып, аудандық басылым – «Мойынқұм таңының» қонағы болып қайтты.

Әлихан  НұрАлиев, Расул МАЛЛАБАЕВ (суреттер)   «Меркі тынысы».

Облыс орталығынан шалғай жатқанымен, сонау 1898 жылдан бастау алған бай тарихы бар мерейлі Мойынқұм жері қасиетті өлке болса, қазақы иісі аңқып, ұлттық салт-дәстүрдің озық үлгілерімен ерекшеленетін халқы қандай десеңізші! Міне, біздерді қарсы алған мойынқұмдықтар ең алдымен, аудандарының, қала берді, кезінде республикамыздың төлқұжатына айналған екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, атақты шопан Жазылбек Қуанышбаевқа тағзым ету үшін Жаз-атаның алып ескерткішіне гүл шоқтарын қоюға бастады. Одан кейін жиналған көпшілік Мойынқұм ауылдық округінің бас маманы Балжан Сыздықова мен Жазылбек атамыздың ұлы Қойшыбайдың бастауымен Ж.Қуанышбаевтың бейіті басында аудан мешітінің найб-имамы Руслан бауырымыз оқыған құранда қол жайып, ата әруағына бас иді. Келесі кезекте кешегі Желтоқсан оқиғасының батыры, «Халық қаһарманы» Қайрат Рысқұлбековтың бюсті алдына гүл қою рәсіміне қатысқан тілші қауымы естелік суреттерге түсіп жатты.

DSC_0025 DSC_0002
Кездесу сәтінің келесі бөлігі көпшіліктің Ж.Қуанышбаев атындағы музейді аралап, 120 жылдық тұнған тарихы бар Мойынқұм жерінің бай тарихымен танысуына арналды. Музейге жасалған экскурсия аяғында «Меркі тынысы» газеті ұжымын бастап барған Бас редактор Әтіркүл Исаева музейдің құрметті қонақтарға арналған арнайы естелік кітапшасына өзінің және меркіліктер атынан жылы ой-пікірлерін қалдырып, мекеме директоры Ләйлә Қожагелдиеваға алғысын білдірді.
Республикалық «Салық тәртібі» газетінің Бас редакторы, жоғарыда аталған үш аудандық газеттердің қатысушысы Ғалым Қасабайдың биыл төртінші жыл ұйымдастырып отырған, өзара әріптестік қарым-қатынас пен достықты нығайтатын іс-шарасы аудандық спорт кешенінде жалғасты. Осында тартысты өткен кіші футбол, волейбол, қаппен жүгіру, стол теннисі, қол күресі, дойбы мен асық ату сияқты дәстүрлі және ұлттық спорт түрлері бойынша өзара бәсекеге түсіп, мықтылар анықталған доданың қызықты әрі шын мәнісінде жанкүйерлік сипат алғаны байқалды. Жер бетіндегі ең тартысты, тіпті, саяси мән де алып кетіп, мемлекеттің мерейін көтеретін, көп тараған спортты ойланбастан футбол десек, осы спорт бойынша өткен жарыста біздің «Меркі тынысы» газеті аяқ допшыларының шоқтығы биік болып, бәсі жоғары тұрды. Яғни, біздің былғары допты жақсы меңгерген спортшыларымыз барлық қарсыластарын қапы қалдырып, жеңіс тұғырынан көрінді. Ал, қыздар арасындағы зиялылар ойыны – дойбы жарысында меркілік газеттің қызметкері, есепші Айжан Шойбековаға ешкім тең келе алмаса, қол күресіне қатысқан білекті қызымыз Ұлбосын Шәймен мойынқұмдық қарсыласын «алып жығып», өзінің осал еместігін танытты.

DSC_0141    DSC_0079

Әрине, көпшіліктің ұлттық ойын – асық атудан кім озды – деп, сұрақ қоюы ғажап емес. Бұл жерде басқалар «асық ойнаған азар» деген ескі қағидаттан аса алмай жүргенін байқатса, мойынқұмдық Асылхан Әлтай сақа шиіруден өзгелерден асып, сұрмергендігімен озық тұрды. Ерлер арасында дойбыдан «Мойынқұм таңы» газетінің Бас редакторы Сүндетулла Әбіловтың көшіне ешкім ілесе алмады, нәтижесінде осы ағамыз жеңімпаз атанды.
Мерекелік басқосудың келесі сәті сондағы «Мойынқұм» мейрамханасында жайылған ақ дастархан басында жалғасты. «Салық тәртібі» газетінің Бас редакторы Ғалым Иенбергенұлы Қасабай журналистерді кәсіби мерекелерімен қызу құттықтап, жыл қорытындысы бойынша үш аудандық газеттің ұжымдары мен олардың басшыларына арнайы сый-сияпатын жасады. Біздің газеттен Ольга Мазур, Назира Жолдасбаева, Айжан Шойбекова сынды өз істерінің білгір, озық қызметкерлері тиісті марапаттарға қол жеткізіп, мерейлері үстем болғанын айта кеткеніміз жөн. Спорттық жарыстарда да оза шапқан спортшылар мен командалар бағалы сыйлықтардан құр қалмады.
Мерекелік тілек білдіру кезінде Мойынқұм аудандық мәслихатының хатшысы Шахикерім Исабеков барлық журналистер қауымын, қонақтарды құттықтап, ізгі ойларын жеткізді. Одан кейін аудандық газеттердің редакторлары: Дүйсен Молдақұлов, Әтіркүл Исаева мен Сүндетулла Әбіловтар сөз алып, көпшілікті мерекемен құттықтап, өзара сыйлықтарымен алмасты. Күні кеше ғана 60 жасқа толған Д.Молдақұловқа мойынқұмдықтар Ұлттық домбыра күні қарсаңында ою-өрнекпен безендірілген қазақтың киелі домбыра аспабын сыйлап, табыс тілесе, барлық қатысушыларға аудан мен редакцияларының тарихы жазылған кітапшалар таратылды.
Мейрамханадағы мереке барысында жергілікті өнерпаз үштік – М.Сейділдаев, М.Қалиакбаров, Ғ.Иетаев пен Г.Тәйтімова, Қ.Әбдіқадіров, Т.Жексенбектер туған өлкелері – Мойынқұм туралы әндерін орындаса, біздің әрі журналист, әрі спортшы, әрі әнші қызымыз Назира Жолдасбаева да әсем ән жолдарын тарту ретінде шырқап берді. Ал, газетімізде тәжірибеден өтіп жатқан білімгер Мұқағали Балтабай өзінің ақындық өнерден таласы барын байқатып, тамаша жыр арнауын төгілтіп өтті.
Міне, қоштасар сәт те келіп жеткендей. Қимастықпен қол алысып, төс қағыстырған журналистер кешқұрым қайта жолға шықты. Оларды алда сансыз кездесулер, қызықты журналистік іссапарлар күтіп тұр. Ал, бүгінгі тамаша кеш олардың бойына сарқылмас күш бергендей, қайта кездескенше, достар! – демекпіз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *