Облыс әкімімен кездесу өтті

115492-preview-image (1)

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім түсінуі керек. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» делінген.

Қиыншылығы мен қызығы мол тағы да бір оқу жылын артқа тастадық. Әр оқу жылында түрлі жетістіктерге жеткен аса дарынды, әрі талантты мектеп оқушыларымен жылы кездесу өткізіп тұру облыс әкімінің дәстүрлі іс-шарасының бірі деп білемін. Осы жылдың 12-маусымында Тараз қаласы, «Баласағұн» орталық концерт залында өткен кездесуге Жамбыл облысының әр ауданынан халықаралық, республикалық пән олимпиадалары мен ғылыми жоба жарыстарының жеңімпаздары барлығы – 108 дарынды оқушы қатысты.
Облыс әкімі Мырзахметов Асқар Исабекұлымен кездесуге Меркі ауданынан И.Трубицын атындағы №17 жалпы білім беретін мектеп-гимназиясының 10-сыныбында оқитын 2 оқушысы қатысып қайтты. Оның бірі Каримова Саёра (мұғалімі Г.Құлыбекова) – Қостанай қаласында өткен орыс тілі мен әдебиеті пәнінен республикалық олимпиаданың 3-орын иегері және Жетпіс Мадина (мұғалімі Г.Әбдіраманова) – Өскемен қаласында өткен Қ.Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиетінен республикалық олимпиадасының 2-орын иегері.
Республикалық пәндер олимпиадасының (7 жыл қатарынан) және ғылыми жобалар жарысының (6 жыл қатарынан) қорытындысы бойынша облыс командасы командалық І орынды иеленіп, «Ең үздік команда» атағына ие болды. Еркін форматта өткен кездесу барысында дарынды оқушылар өңір басшысына сан түрлі сұрақтар қойып, жауап алды және өз ұсыныс-пікірлерін жеткізе білді.
Облыс әкімімен пікір алмасу мен үшін үлкен мәртебе болды. Асқар Исабекұлының өмірлік ұстанымыңыз қандай деген сұраққа берген жауабы менің көңіліме қонды. Ол өзінің өмірлік ұстанымы ретінде екі ұлы адамның айтқан сөзін жадына жақын ұстап жүретіндігін айтты. Оның бірі – Абай атамыздың «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» және Әмір Темірдің «Күш – әділдікте» деген ұлы сөздері екендігін атап өтті.
Дарынды оқушылар облыс әкіміне робототехниканы дамыту, қысқы спорт түрлерін жандандыру, әр ауданнан дарынды оқушыларға арналған мектептерді ашу, «Бір сәби – бір ағаш» акциясын көбейту және ауыл жастарына қосымша білім алуға жаңа мүмкіндіктер беру секілді ұсыныстар жасады.
Дарынды жастар салиқалы әңгімеден салмақты ой түйді. Талабы биік өрендер болашақта талантын шыңдап, аймақ абыройын асқақтатуға ниетті екендіктерін бал-бұл жайнаған жүздерінен байқатты. Елдің келешегі білімді ұрпақтың қолында екенін айта отырып, аймақ басшысы жастарға үлкен үміт артатындығын айтып өтті.
Облыс әкімімен болған кездесу менің осындай байқауларға қатысып, білімімді әрі қарай шыңдауға деген құлшынысымды қамшылай түсті. Кездесу соңында жеңімпаз 108 дарынды оқушыға Алғыс хат және сыйлықтар берілді.
Мені ойлы, білімді, саналы, әрі қарапайым етіп тәрбиелеуде аямай еңбек етіп келе жатқан білім ордасы – И.Трубицын атындағы №17 жалпы білім беретін мектеп-гимназиясына, директоры Г.Тілеубердиеваға және алтын ұя мектебімде арманның асқарына жетелер, әр жасты құшақ жая қарсы алар аяулы ұстаздарыма рахметімді айтқым келеді. Абай атамыз “Адам адамнан ар, мінез, өнер, білім арқылы озады” деп айтқан ғой, осының бәрін ойыма тоғыстыра білген, жинақтай білген адам ол – ұстаз деп айта аламын. Мені білім шыңына жетелеген аяулы ұстазым, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Әбдіраманова Гүлпан Бейсенқызына алғысым шексіз.
Менің мектебім білімді шәкірттерімен мақтанады. Бұл ұстаздың еңбегі, ата-ананың үлесі. Оқушыларымыздың дені сөзге шешен, ойы ерек. Олар қара басының емес, мектебінің абыройын ойлайды. Келешекте елдің қамын жейтін нағыз азамат болып өсері анық. Болашақта мен де өз елімнің намысын қорғайтын нағыз патриот болып өсемін деп сөз беремін.

Мадина Жетпіс,
И.Трубицын атындағы №17 жалпы білім беретін мектеп-гимназиясының 10 «Ә» сынып оқушысы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *