Тыңайтқыш – мол өнімнің кепілі

5c20b01db9114

Өткен жұмада Ресейдің өсімдік қорғау құралдарын әзірлеу мен өндіру нарығындағы, сонымен қатар, осы сала бойынша ақпараттық-технологиялық сүйемелдеу жүргізу жөніндегі ең ірі «Август» компаниясының еліміздегі өкілі – «Август-Қазақстан» ЖШС-нің мамандары ауданымызда болып, өз салалары бойынша семинар-кеңес жұмыстарын жүргізді.

Әлихан Нұралиев, (суреттер  автордікі), «Меркі   тынысы».

Алдымен, «Тау самалы» мейрамханасында, аудан әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Садықжан Бұтабаев, бөлімнің бас мамандары Достай Сәрсембиев пен Алмас Ерғазыұлы қатысып, ауданымыздың, сонымен қатар, облысымыздың әр түкпірінен, тіпті, көршілес Қырғызстан жерінен келген диқандар үшін ақпараттық-түсіндіру семинары өткізілді. Онда арнайы қойылған үлкен экран, стенд арқылы топырақ өңдеу жүйесінің үш бөлігі – негізгі (көктемгі-жазғы), тұқым себер алдындағы және вегетация кезіндегі қатараралықты өңдеу жайы сөз болып, топырақ өңдеудің негізгі міндеті – арамшөптерді жою, ылғал сақтау және өсімдіктің өсіп-өнуіне қажетті агрофизикалық орта қалыптастыру, жерді химиялық жолмен қорғау әдістері туралы кеңінен әңгімеленді.
Міне, осы және «Август» компаниясының белгілі химиялық препараттарын қолдану арқылы мол ауылшаруашылық өнімдеріне қол жеткізудің тетіктерін слайдтағы кестелер арқылы айтқан «Август-Қазақстан» серіктестігінің Жамбыл облысы бойынша менеджер-технологы Серіжан Бексұлтанов бар тірлікті ғылым жетістіктерімен ұштастыруға шақырды. DSC_0046 копия DSC_0102 копияС.Бексұлтановтың сөзіне сүйенсек, қант қызылшасы дақылының бұрнағы даңқын қайта жаңғыртып, өсіру технологиясын қатаң сақтай отырып, мол өнім алудың басты негіздерінің бірі – химиялық препараттарды уақытылы, дұрыс пайдалану екендігіне қарсы уәж жоқ. Ал, тәуелсіз талдаулар деректеріне сәйкес, «Август» компаниясы өткен жылдардың қорытындысы бойынша пестицидтерді өндіру нарығында көшбасшы болып отыр. Компанияның Ресейдің өзінде 56, шет елдерде 17 өкілдігі бар. Компанияның жеке ғылыми орталығының мамандары 100-ден астам жаңа рецептуралар ойлап тауып, 32 өнертабыс патентін иеленген екен. Міне, осы және басқа да жетістіктері жайлы түсіндірген С.Бексұлтанов пен серіктестік өкілдері Е.Бекпаев, В.Гребенюк мырзалардың өз өнімдері жайлы айтары мол болды.
Сонымен, ҚР аймағындағы басты шаруашылықтармен жергілікті жерлерде тәжірибе алмасып, өз өнімдерін практикалық тәжірибеден өткізетін «Август-Қазақстан» ЖШС-гі мамандары біздің «Сыпатай батыр» серіктестігінен де жалпы аумағы 7 гектар тәжірибелік көрсету сынағы алаңын жасақтаған болатын. Сондықтан, семинардың келесі жұмыс бөлігі сонда, қант қызылшасы плантациясында жалғасты (суретте). Қызылшаны химиялық жолмен кешенді түрде қорғау әдісінің тиімділігін паш ететін осы алқапта германиялық «Виорика» атты қант қызылшасы тұқымын себу 14 сәуір күні аяқталған. Одан кейін осындағы арамшөптердің өскіндері көріне бастаған кезден бастап, сынақ алаңында тәжірибенің бекітілген схемасы бойынша алғашқы химиялық жұмыстар жүргізіле бастағандықтан, ешқандай арамшөптер байқалмайды, яғни, бұрынғыдай қолына кетпенін ұстаған жұмысшылар да қажет емес.
Семинар-кеңес барысында «Сыпатай батыр» серіктестігінің агрономы Х.Бадалов, Т.Рысқұлов ауылдық округіндегі «Азат-У» ш/қ жетекшісі Ұ.Оразбеков және басқалар өздерін қызықтырған, өзгелерге де аса қажет сұрақ-сауалдарын қойып, оларға нақты жауаптар алысты.
Ал, шаруаларды қызықтыратын жайт екенін ескеріп, қолданылған дәрі-дәрмектерге сәл тоқтала кетсек жөн-ау. Олар: Бицепс гарант гербициді, 1,0 л/га + Борей инсектициді, 0,12 литр көлемінде екеуін қосып, бак қоспасы ретінде топыраққа енгізіледі. Аталған гербицидтің құрамындағы әсер ету заттары үш компоненттен тұратындықтан, арамшөптердің кең көлемдегі түрлерін жоюға немесе қосжарнақты біржылдық арамшөптердің 40-қа жуық түрін, астық тұқымдас арамшөптердің кейбір түрлерін жоя алады. Сол сияқты, арамшөптердің екінші «толқынына» қарсы Бицепс гарант, Хакер, Трицепс, Адью атты препараттар да өз дәрежесінде қарсы әсер ете алады. Сонымен қатар, аудан диқандарына биылғыдай жаңбырлы көктемде өздерін қолайлы сезінетін қант қызылшасының негізгі жауы – ақ ұнтағы, пероноспороз, церкоспороз сынды ауруларға Колосаль Про фунгициді қолданылса, құп болатынын ескертейік.
Аталған семинардың соңында Қытай елінің ауылшаруашылық техникаларын республикамызға тікелей жеткізуші «YTO – AGRO KAZAKHSTAH» ЖШС-нің арнайы техника көрмесі өткізілді (суретте). Көпшілік алдында аудан әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің бас маманы Алмас Ерғазыұлы «ҚазАгроФинанс» АҚ-ы арқылы қол жеткізіп, иемденуге болатын қытайлық техникалар туралы шаруаларға кеңінен түсіндіріп өтті. Одан кейін осы серіктестіктің өкілі Нұржан Салықов әр техниканың мүмкіндіктері, олардың бағалары туралы ақпар берді. Көрме жұмысының соңында жергілікті механизаторларға өздері қалаған әр түрлі техникаларды тізгіндеп, оларды іс жүзінде тексеріп көрулеріне мүмкіндік жасалды.

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *