ЖАҢАЛЫҚТАР ЛЕГІ ЖАЛҒАСУДА…

20201216_131105

Ауданымызда жаңадан қандай да бір әлеуметтік нысандар, немесе, жұмыс орындары ашылса, оларды айтулы мерекелерге орайластырып, халықтың игілігіне табыстау жыл сайынғы дәстүрге айналған жайы бар.

Құрметті оқырмандар, жақында ғана аталып өткен ҚР-ның Тұңғыш Президенті күні мерекесіне орай, ауданда жаңадан ашылып, пайдалануға берілген бірқатар нысандар жайлы өздеріңізге сүйіншілеп хабарлаған едік. Бұл жолы да, яғни, мемлекетіміздің Тәуелсіздік күні мерекесіне орай да ауданымызда ауыз толтырып айтарлықтай жаңалықтар орын алды.

Жақында, Т.Рысқұлов ауылында осы жылдың мамыр айында құрылысы басталған ауыз су жүйесінің құрылысы толықтай аяқталып, рысқұловтық тұрғындар қуанышқа бөленген еді. 16-желтоқсан күні аталған нысанның ашылу салтанаты болып  өтті. Жиынға қатысқан аудан әкімі Мейірхан Өмірбек ауыл тұрғындарын қуанышты жаңалықпен және Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.

Дәл осы күні, Қостоған ауылында да жаңа ауыз су жүйесінің ашылу салтанаты болып өтті. 492 ауланы таза тіршіліктің нәрімен қамтамасыз еткен ауыз су жүйесінің ашылуы тұрғындар үшін үлкен мерекеге айналғаны анық. Мерекелік жиынға қатысып, қостоғандықтардың қуанышын бірге бөліскен аудан әкімінің орынбасары Бақытхан Әбжапаров өзінің құттықтау лебіздерін білдіргеннен кейін, ауыл тұрғыны, ауданымыздың «Құрметті азаматы» Қайнаркүл Татығұлова ауыз су жүйесінің жұмысына атсалысқан барша азаматтарға өзінің және ауыл тұрғындарының атынан алғыс айтты.
Жалпы, ауыз сумен қамту көрсеткіші бойынша ауданымыз облыс көлемінде алдыңғы орында келе жатыр. Ал, аталған ауылдардағы ауыз су жүйелерінің іске қосылуы ауданымыздың көрсеткішін одан әрі жақсарта түсті. Бұл да аудан басшылығының жүйелі, жоспарлы түрде атқарған жұмыстарының нәтижесі екені анық.

Биыл облыс бойынша, аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен «Асарлатып үй салу» жобасы қолға алынған болатын. Аталған жоба ауданымызда халықтың ұйымшылдығы мен ауызбіршілігінің арқасында нәтижелі жүзеге асырылуда. Осы күнге дейін ауданымыз бойынша, баспана деп басы қатқан 10 отбасының мүшелері жаңа үймен қамтылса, мереке күні тағы екі отбасыға асарлатып салынған үйлердің кілттері табысталды. Бұл жолы Жаңатоған ауылдық округіне қарасты Мыңқазан ауылының тұрғыны Нұрболат Керімқұловтың  көпбалалы отбасы мен Ақтоған ауылының тұрғыны, жалғызбасты ана Гаухар Молдабекованың отбасы бақытқа бөленді. Ал, ақтоғандықтар үшін бұл қайырымды істердің алғашқысы емес. Осыған дейін ауыл жастары мен жомарт жандардың қолдауымен екі үйдің шатыры жаңартылып берілсе, мұқтаж екі отбасының үйіне газ жүргізіліп, бір үйдің жылыту жүйесі жаңартылып берілген. Мереке күні сауапты іс жалғасын тауып, жағдайы төмен төрт отбасыға азық-түлік таратылды.

Мереке күні аудандық «Жастар ресурстық орталығы» аудан жастары мен еріктілерінің және ұлттық спорттық ойындарды насихаттап жүрген спортшылардың қатысуымен, «Елімнің бақытын тербеткен – Тәуелсіздік» атты Тәуелсіздік шеруін ұйымдастырды. Осынау іс-шараның мақсаты – жастардың санасында ұлттық патриотизмді қалыптастыру, Отанға деген сүйіспеншілікті арттыру болып табылады. Осындай іс-шаралардан рухани тәлім-тәрбие алып, құндылықтарды бойына сіңіріп өскен жастардың ертеңгі күні Тәуелсіз еліміздің тұғыры һәм айбыны болары сөзсіз.

Қазыбек КАМАЛ,  «Меркі тынысы»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *