САЙЛАУАЛДЫ ШТАБ МҮШЕЛЕРІ – АУДАНЫМЫЗДА

DSC_0284

Бәрімізге белгілі, жаңа жыл басталысымен, яғни, 2021 жылдың 10-қаңтары күні, саяси науқан – Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттардың депутаттарының сайлауы болып өтпек.

10-желтоқсаннан бастап, сайлауға қатысатын саяси партиялардың өкілдері республика бойынша елді мекендерді аралап, өздерінің сайлауалды бағдарламаларымен таныстыруды бастап кетті.
Өткен аптаның сейсенбісі күні, «Nur Otan» партиясының республикалық және облыстық сайлауалды штабтарының мүшелері ауданымызда болып, әртүрлі саланың өкілдерімен кездеcті. Сондай кездесулердің бірі «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалында, аудан кәсіпкерлерімен болып өтті.
Облыстық топтың мүшелері: облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы Әмзебек Жолшыбеков, ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті Жұртшылықпен байланыс басқармасының басшысы Олжас Отар, облыс әкімінің кеңесшісі Мұратхан Шүкеев, жеке кәсіпкер Ерқанат Манжуов, өңірлік іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Айгүл Ақшалова және Тараз қалалық ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері одағының жетекшісі Дүкенбай Ермеков аудан тұрғындарымен алдағы науқан жөнінде әңгіме өрбітіп, партияның сайлауалды бағдарламасында қамтылған жеті бағыт бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Жиынды «Nur Otan» партиясының аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратбек Болысбеков ашып, аталған топ мүшелерімен таныстырды. Одан кейін, Әмзебек Рысбекұлы сөз алып, нұротандықтардың сайлауалды бағдарламасында көзделген міндет-мүдделері жайында сөз етіп, азаматтарды 10-қаңтар күні ел болып, түгел дауыс беруге шақырды.

Келесі кезекте сөз алған Айгүл Ақшалова іскер әйелдер кеңесінің атқарған жұмыстары туралы айтты. Мысалы, іскер әйелдер кеңесі «Халық банкпен» кәсіпкер әйелдерді қолдау мақсатында 5 пайыздық несие беру жөнінде меморандум жасасқан. Сондай-ақ, аталған кеңес Қазақстанда алғаш рет кәсіпкер әйелдерге арналған «Ару Ана» премиясының негізін қалаған. Міне, осындай бірқатар ілкімді істерді мысал еткен Айгүл Сағымбайқызы кәсіпкерлерге көрсетілетін қолдаулардың әлі де пысықталуы тиіс тұстарын атап өтіп, депутаттық сауал жолдайтын мүмкіндік болғанда кәсіпкерлік саласындағы біршама мәселелердің көтерілетінін жеткізді. ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті Жұртшылықпен байланыс басқармасының басшысы Олжас Асангелдіұлының айтуынша, кәсіпкерлердің салығынан мемлекет қазынасына 400 млрд. қаражат түспейтініне қарамастан, 1 млн. 200 мыңнан астам шағын және орта бизнестің өкілдері алдағы үш жылда салықтан босатылған, өткен жылдан бері кәсіпкерлерге негізгі салығын төлеген жағдайда өсімпұлдарына рақымшылық жасалған. Сонымен қатар, жеке тұлғаларға қатысты мүлік, көлік, жер салығы бойынша 5,6 млрд. өсімпұл кешірілген. Алдағы уақытта да кәсіпкерлерді қолдау жалғасын табатындықтан, кәсіпкерлердің мемлекет берген мүмкіндіктерді барынша пайдалануы тиістігін жеткізді. Сондықтан, мемлекетіміздің одан әрі дамуы жолында маңызды болып саналатын алдағы саяси науқанда әрбір адам өзінің азаматтық позициясын танытып, сайлауды жоғары деңгейде өткізу – бәрімізге ортақ міндет екенін айтты.
Жалпы, алдағы сайлауға бес партия қатысатын болады. Сондықтан, сайлауда дауыс жеке кандидатқа емес, белгілі бір партияға беріледі. Бұл жөнінде Мұратхан Жүнісәліұлы ашып айтты. Қай партия қанша пайыз дауыс жинаса, жергілікті мәслихаттарда да, Мәжілісте де депутаттардың үлесі сонша пайызды құрайтын болады. Сондықтан, Мұратхан Жүнісәліұлы өзіндік тарихы бар, еліміздің бас партиясы ретінде «Nur Otan» партиясының жинайтын дауысы еліміз үшін де маңызды болып табылатынына тоқталып, әрі қарай сайлауалды бағдарламасының басымдықтары бойынша сөз етті.
«Nur Otan» партиясының басты мақсаты – халықтың әл-ауқатын жақсарту болып табылады. Мұратхан Жүнісәліұлы партияның тек осы мақсатта жұмыс істейтінін алға тартып, биылғы пандемияға байланысты, қиын кезеңде халыққа көрсетілген әлеуметтік көмектерге де тоқталды.
Жиын соңында, ауданның «Құрметті азаматтары», аудандық Қоғамдық кеңестің мүшесі Қайнаркүл Татығұлова мен белгілі меценат Әлия Әубәкірова сөз алып, штаб мүшелеріне алғыстарын айтты.
Сайлауалды штаб мүшелері осы күні аудандық орталық кітапхана мен «Меркі ірімшік» зауытында да болып, ауыл шаруашылығы қызметкерлерімен және жұмысшылармен кездесулер өткізіп, партияның сайлауалды бағдарламасымен таныстырды.

Қазыбек КАМАЛ, «Меркі тынысы»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *