ЫНТЫМАҚ ПЕН БІРЛІК ЖОЛЫНДА

DSC_0010

Ел жұртының негізін жергілікті ұлт өкілдері құрағанымен, кешегі болып өткен тарихи тартыс пен оғаш оқиғалардың тегеуріні түрткі жасауынан көпұлтты мемлекет ретінде қалыптасқанымыз рас. Сондықтан болар, Алаш даласында түрлі этностардың өзара достық пен ауызбіршілігі, бір сөзбен айтқанда, толеранттылық қағидаттарын сақтау арқылы қоғам ішіндегі тұрақтылық пен келісімді нығайту үрдісі бүгінгі күні алғашқы орында тұруы, әрине, біз үшін заңдылық.

Осы ретте, мереке қарсаңында аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында өткен, өңіріміздегі үкіметтік емес ұйымдар мен түрлі этномәдени орталықтардың жетекшілері қатысқан басалқалы жиын  тап осы күрделі мәселенің маңайына емес, ішкі «ағзасына» андатпа жасап, ұйқыдағыны оятып, жатқанның қолтығына су бүркуі айтылған саланың оңды жұмыс жасауына жол табардай түрткі болды.
Сонымен, аудан әкімінің орынбасары Берік Бегалиевтің бастамасымен және төрағалық жасауымен өткен жиынға аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Ринат Жантаев, аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Қамбарбек Иманалиев, жоғарыда аталған ұйымдар мен орталықтардың жетекшілері, атап айтқанда, «Парыз-Меркі» жастар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ғалия Қажығалиева, «Меркі Шапағат» жастар қоғамдық ұйымының басшысы Әтіркүл Исаева, «Славьян равнопостольдық Кирилл және Мефодия» орталығының Жамбыл облысы, Меркі аудандық этномәдени қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Анна Ландик, Меркі ауылдық округі ақсақалдар алқасы мен өзбек этномәдени орталығы төрағасының орынбасары Насыр Махмутов және басқа да ауданымызда тіркелген барлығы 8 этномәдени орталықтардың жетекшілері қатысты.
Бірден айта кетуіміз абзал, Берік Дүйсенбайұлы облысымыздың тумасы болып, облыс көлемінде бірқатар қызмет атқарса да, біздің ауданымыздағы жұмыс жасау жылнамасының әзірше санаулы ғана алғашқы беттерін аударып көрсек, аталған азаматтың өңірдегі өз саласына сай ахуалмен етене таныс болып, аз уақытта біраз істің тігісін жатқызуға ыңғай танытқанын аңғаруға болады. Осы сөзімізге дәлел болатындай, жиынды ашып, кіріспе сөзін бастаған Б.Бегалиев ауданымызда асығы алшысынан тұрып келгенімен, одан әрі өркендеуі тиіс тұстарды тұспалдап емес, анық айтып, өз көзқарастарымен бөлісті.
– Биылғы жыл әлем халқына ауыр дерттің қармағын салды. Сондықтан, тәжді вирустың қалтқысы қалқыған су астында тірлік жасау қаншалықты қиын болса, оның бетінің өзінде ескексіз қайықта отырғандай сезім мен күйде жүрміз. Десек те, жер-жаһанға белгілі Абай мен Әл-Фарабиді одан әрі ұлықтадық. Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығын да талапқа сай атап өттік. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың 5 бағыттан тұратын ішкі тұрақтылықты сақтауға үлесі зор «Бейбітшілік пен келісім» жобасы мен қоғам болып қол ұшын созатын «Асарлатып үй салу» бастамасы да жалпақ жұрттың көңілінен шықты. Міне, осы және басқа жобалар мен бағдарламалардың өз деңгейінде жүзеге асуында мына отырған сіздердің ықпалды күш болғандарыңызға еш күмәнім жоқ. Дегенмен, алдағы жұмыстарды бірлесе атқарып, жандандыра түсу мәселесі тұр. Сол себепті, идеологиялық майданның сардары есептелетін сіздерге артылатын салмақты барынша сезініп, ел ішінің ынтымағы мен бірлігін арттыру үрдісіне аянбай ат салысу қажеттігін бағамдауымыз керек. Осы ретте, бір жерде бас қосып, бір орталықтан бас шығару мақсатында «Келісім мен достық» үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізудеміз. Тағы бір айтпағым, бүгінгі жиынды ашық форматта өткізу жоспарланғандықтан, өздеріңіздің ой-пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңызды тыңдауға құлықты екенімді білдіргім келеді. Яғни, ортақ істе белсенділік танытуларыңыз жөн – деген аудан әкімінің орынбасары Б.Бегалиев өз саласына сай басқа да бірқатар бағыттар бойынша зерделеу жасап, жоспарларымен бөлісті.
Жарыссөз кезінде жоғарыда аталған ұйымдар мен орталықтардың тиісінше жетекші, басшылары Ғалия Қажығалиева, Анна Ландик, Насыр Махмутов, қоғамдық кеңестің төрағасы Серік Құралбаев, аудандық Ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы Мұрат Байдәулетовтар ел болып ұйып, бір мақсатқа ұмтылған жұрттың жоғарыдан көрінетінін алға тартып, өздерін мазалап жүрген, алайда, қоғамға да қайырымы көп болатын ойларын ортаға салды. Мысалы, С.Құралбаев ауданымызда тіркелген үкіметтік емес ұйымдардың жанды жұмысы үшін ұйымдастырылатын қаржылық тендерлер мәселесін қозғады. Кей жағдайда сырт аймақтың қанжығасына байланып кететін азын-аулақ ақшаның қайтарымы онша сезілмей қалатыны анық болғандықтан, оны жергілікті ұйымдардың алақанына ұстатсақ, олардан нәтижелі жұмысты көру мүмкіндігі арта түспек.
Ал, М.Байдәулетов Ауған соғысы  мен Чернобыль-Семей ардагерлері
үшін ортақ ескерткіш-тақта немесе қабырға тұрғызу мәселесіне көңіл аударды.
Бұл жайттар бойынша өз тарапынан қозғау салатынын жеткізген Берік Дүйсенбайұлы ауданымызда көпшілік тәу ететін Тәуелсіздік монументін тұрғызу керектігіне де тоқталып өтіп, кез келген ұсыныстар болса, сонымен қатар, кемшін тұстарды толтыруға бағытталған мәселелер туындап жатса, әркімді тікелей қабылдауға дайын екенін айтты.
Жиын соңында Б.Бегалиев еңбегімен еленген азаматтарды марапаттау рәсіміне уақыт арнады. Оның ішінде, Жамбыл облысының әлеуметтік дамуына қосқан үлесі үшін облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаевтың Алғыс хатын Ғалия Қажығалиеваға тапсырған Б.Бегалиев, ҚР Конституциясының 25 жылдығына орай облыстағы жалпыұлттық бірлікті қалыптастыруға және қоғамдық келісімді нығайтуға қосқан үлесі үшін облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Дауыл Бейсенқұловтың Алғыс хатымен кәріс этномәдени орталығының мүшесі Оксана Ли ханымды  марапаттады.

Әлихан НҰРАЛИЕВ, «Меркі тынысы»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *