ГРАНИТОГОР АУЫЛЫНДА ЖАҢА МЕКТЕП АШЫЛДЫ

DSC_0617

Тәуелсіз еліміздің тірегі болар жас буынның замана талабына сай дәріс алуына негіз болатын көп күттірген жаңа білім ордасы Андас батыр ауылдық округіндегі Гранитогор ауылында ашылды (Суретте).

Жаңа жыл қарсаңында пайдалануға берілген мектептің ашылу салтанатына аудан әкімі Мейірхан Өмірбек, әкім орынбасарлары Асхат Медетбеков пен Берік Бегалиев, білім бөлімі басшысының м.а. Әйгерім Алтынбаева, округ әкімі Бейбітбек Мәжиев, мектеп директоры Ғабидин Сансызбаев, сонымен қатар, аудан зиялылары мен ауыл тұрғындары қатысты.
Сөз алған аудан басшысы Мейірхан Азатұлы ауданымыздағы апатты жағдайда деп танылған ең соңғы мектептің орнынан бой көтерген жаңа мектептің ашылу салтанатына жиналған көпшілікті осынау қуанышты жайтпен қызу құттықтап, ілгерілеу жолына түскен өңіріміздегі басқа да жоғары көрсеткіштерімізді жіктеп, айтып өтті.
Ауыл тұрғындары атынан жүрекжарды лебізін білдірген зейнеткер Үсен Кентаев сонау 1950 жылдары салынған ескі мектеп физикалық және моральдық тұрғыда тозғандықтан, екі қабатты жаңа мектеп ауыл балаларының білімге деген ынталарын алға оздырып, жаңа форматта білім алуларына жағдай туғызатыны үшін облыс, аудан басшыларына ағалық алғысын айтып, батасын берді. Мектеп оқушылары атынан лебізін білдірген Диана Бақтиярова мен Томирис Рахметолла еліміз үшін қиын кезеңде қыруар қаржы жұмсап, қуаныш сыйлаған үкіметіміздің саясатына оң бағаларын берісіп, өз кезегінде жақсы білім алып, Отанымыздың көркеюі жолына атсалысатындықтарын жеткізді.
Осы тұста тоқтала кетсек, жоғарыда аталған Диана қызымыз ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 24-сәуірдегі №249 Қаулысына сәйкес әзірленген «Елбасы медалі» байқауына қатысып, марапат алған облыс бойынша небары 3 оқушы жастарымыздың бірі екенін айтып өткеніміз абзал.
Келесі кезек лента қию рәсіміне берілген соң, көпшілік барлық керекті құрал-жабдықтармен жарақтанған мектеп ішін аралап, көрді.
Сонымен, жалпы сметалық құны 539 млн. 584 мыңды құраған екі қабатты, 120 орындық мектептің құрылысын «Темір-Строй Сервис и Ко» ЖШС-гі салып берді.
Мектептің ашылу салтанатынан кейін аудан басшысы М.Өмірбек жергілікті тұрғындармен кездесіп, ауылдың тыныс-тіршілігімен танысты.

Әлихан НҰРАЛИЕВ, «Меркі тынысы»

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *