ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ – БАРША ІЗГІЛІКТІҢ БАСТАУЫ

Қайырымдылық


Бұл өмірдің бағы қайсы, соры қайсы, пенде болған соң бұл екеуінің ара-жігін өз уағында байқамай, қолымызды мезгілінен кеш сермеп жатамыз. Бірақ, «үміт» деген сәулелі бір дүние бар, ол барда жабырқаған көңілдің жарығы сөнбес, жүдеген жанның жүрегін сең басып, мұз қатпас.

«Әлемнің бүтіндігі сырттай ғана, ал, ішіне үңілсең, кілең кетіктен тұрады», – деп қайран Шераға (Шерхан Мұртаза) айтпақшы, тағдыр тауқыметі дейміз бе, әлде, «Жазмыштан озмыш жоқтың» кебін кигендіктен бе, әйтеуір, қоғамның бір кетігі болса керек, арамызда қайырымға мұқтаж жандар жоқ емес.
Кейде, біз көмекке мұқтаж бір адамды көшеде көрсек, көрмеген кейіп танытамыз, немесе, бар болса да санап тұрып сәл ғана тиын береміз. Кейде, қиындыққа тап болған адамға қол ұшын беруге қиналып, «кісілік» танытамыз, өзімізді одан жоғары санап, тым биіктен қараймыз. Әсілінде, күнделікті кез келіп, көз көріп жүрген сондай жайттар – бәрімізге ортақ сынақ екен де, сол сынақтан бәріміз бірдей сүрінбей өте алмайды екенбіз. «Әурелікке жаралған пәни адам, бақ пен сордың арасы бір-ақ қадам» деп дана бабаларымыз текке айтпаған ғой. Өмір деген алма-кезек. Тағдыр шырғалаңы шыр айналдырғанда, бір-ақ сәтте басыңдағы бағыңның тайып кетуі де, маңдайыңдағы сорыңның сейіліп кетуі де бек мүмкін. Сондықтан, жығылғанға демеу, сүрінгенге сүйеу болу, қайырылғанға қайырымдылық істеу – жеке адамның ғана емес, жалпы қоғамның басты парызы болуы тиіс. Жақсылылықтың желі есіп, ізгіліктің нұры жауған елде, сонда ғана, бақыт құсы мәңгіге тұрақтайды екен.
Қайырымдылық – барша ізігіліктің бастауы десек, оның елдік деңгейде көрініс табуы ынтымаққа байланысты екен. Осынау ізгілікке тұнған қайырымды шаралардың ауқымы ауданымызда жылдан жылға артып келеді. Жастар мен еріктілердің жылында аудан жастары мен қайырымды жандардың демеушілігімен қаншама мұқтаж отбасыларға әлеуметтік-тұрмыстық көмек беріліп, қаржылай да қолдаулар көрсетілді. Тәжді вирус алқымнан алып, төсекке таңылған жандардың саны күн сайын көбейгенде, азаматтарымыздың бірлігі жарасып, елдігі мен ерлігін қатар таныта білгені қаншама жанның сәулесі сығырайып, сөнуге сәл қалған үміт отын қайта тұтатты. Сондай-ақ, биыл облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен халқымыздың ең бір ізгі дәстүрлерінің бірі «Асарлатып үй салу» үрдісі жаңаша жаңғырып, аудан көлемінде 10 жаңа баспана мұқтаж отбасылардың игілігіне табысталды, тағы екі үй алдағы уақытта өз иелеріне берілетін болады. Міне, бұның бәрі – қоғам болып атқарылған қайырымды істердің ортақ жемісі. Ал, осындай ынтымағы мен бірлігі жарасым тапқан қоғамы бар ел шынымен бақытты да.
Жуырда, осынау қиындығы көп болғанымен, қайырымдылықтың арқасында артта қалған, өтіп бара жатқан жылдың қорытындысы ретінде, аудандық Мәдениет үйінде «Жомарт жүрек» атты қайырымдылық кеші болып өтті. Онда ауданымыздың жаны ізгі жомарт азаматтары бас қосты. Ортаға қайырымдылық жәшігі қойылды. Ал, одан түскен барша қаражат аудандағы мүмкіндігі шектеулі, тұрмысы төмен, көпбалалы және тағы басқа да мұқтаж жандарға берілетін болады.
Кеш барысында ауданымыздың бас имамы Батырбек қажы Қасымалиев пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) мен сахабаларының қайырымды істерін көпшілікке үлгі етіп, қайырымдылықтың мол сауабы турасында әңгіме өрбітсе, «Меркі қайырымды жандары» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Замира Мансурова, игі істерді ұйымдастырып, қайырымдылықтың үлгісін танытып жүрген аудандық мәслихаттың депутаты Нұрлан Сейсенбаев аудан көлеміндегі атқарылған қайырымдылық шаралары туралы сөз ете отырып, жақсылыққа жанасқан барша жандарға өздерінің атынан алғыс айтып, ризашылықтарын білдірді.
Аудан әкімі Мейірхан Өмірбек осынау іс-шараның мән-мақсатына кеңінен тоқталып, қайырылымдылық істеу – имандылықтан екенін айтты. Сондықтан, иманды, тәрбиелі ұрпақ тәрбиелеудің ертеңгі еліміздің болашағы үшін маңыздылығы жайында сөз етті. «Әлемді сақтап тұрған – сұлулық» деген сөз бар. Бірақ, қазір әлемді сақтап тұрған – қайырымдылық, имандылық», – деді. «Бақыт, қайда барасың? – Ынтымақты елге барамын. – Айтпайды ол тәрбиелі, білімді, дәулетті үйге барамын деп. Неге? Өйткені, ынтымақ бар жерде ғана білім де, дәулет те болады, қоғам жақсы дами алады», – деп ізгілену жолындағы қоғамның ынтымағы мен ауызбіршілігі жайында ой тербеді.
Одан кейін, ауданымызда қайырымдылық жасап, игі істердің бастамашысы болып жүрген азаматтарды марапаттау рәсімі болып өтті. «Меркі ірімшік» зауытының директоры Дастан Айтөленов облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасы басшысының Алғыс хатымен және облысымыздың 2020 жылғы «Жыл меценаты» атағымен марапатталса, тағы бірқатар азаматтарға аудан әкімінің Алғыс хаттары табысталды.
Мәдениет үйі әншілерінің шырқауындағы патриоттық, тәрбиелік мәні зор әндер кештің көркін қыздырып, әр берсе, өнерпаздардың орындауындағы сахналық көрініс тақырыптың мазмұнын одан әрі аша түсті.

Қазыбек КАМАЛ, «Меркі тынысы»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *