Өткен аптада, жұма күні, аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудан әкімі Мейірхан Өмірбектің қатысуымен жетінші шақырылған Меркі аудандық мәслихатының бірінші сессиясы болып өтті.
Сессия жұмысының алдындағы жиынды кіріспе сөзбен ашқан аудан басшысы Мейірхан Азатұлы жуырда өткен мәслихат сайлауының нәтижесінде халық қалаулылары ретінде, депутат болып сайланған азаматтарды қызу құттықтап өтті. Сонымен қатар, М.Өмірбек жаңа депутаттық корпус мүшелеріне ауданымыздың абыройын одан әрмен арттыру бағытындағы алдағы жұмыстарына сәттілік тілеп, қоғамдық құрылыстың тұрақты өркендеуі мен өңірдің әлеумет т і к — э кономикалық дәуірлей түсуі жолында бірлесе жұмыс атқарудың маңыздылығына тоқталды. Келесі кезекте, аудан әкімі жетінші шақырылған Меркі аудандық мәслихаты кезекті депутаттар сайлауының қорытындыларымен таныстыру мақсатында, аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Шорман Абылқасымовқа сөз кезегін ұсынды.
Ш.Абылқасымовтың ақпарына сүйенсек, аудан бойынша сайлаушылар тізіміне 55246 азамат енгізіліп, оның 42331-і немесе 76,62 пайызы бюллетень алған. Ауданымыз бойынша сайлауға қатысқан 4 саяси партия үшін дауыс беруге 41690 адам қатысқан. Оларға берілген дауыстардың жиынтығына келсек, «Нұр Отан» партиясына 37422 дауыс немесе дауыс беруге қатысқан сайлаушы электораттың 91,31 пайызын құрайды. «Ауыл» ХДПП-на 451 дауыс (1,10 пайыз), Қазақстанның «Ақжол» Демократиялық партиясына 533 дауыс берілсе (1,30 пайыз), «Адал» саяси партиясы 2577 сайлаушының (6,29 пайыз) дауысын жинаған екен. Өткен сайлаудың осы қорытындылары бойынша тиісті дауыс пайызына ие болған саяси партияларға келесі мандаттар бөлінген: «Нұр Отан» партиясына – 14, ал «Адал» партиясына – 1 мандат.
Ш.Абылқасымов сайлаудың нәтижесінде жеңіске жетіп, жетінші шақырылған Меркі аудандық мәслихатының депутаты болып сайланған ел қалаулыларының тізімін де атап өтті. Сонымен, «Нұр Отан» партиясы ҚБ партиялық тізімі бойынша аудан жұртшылығына өздерінің тікелей қызметтік лауазымдары мен сайлауалды бағдарламалары бойынша етене таныс Шерхан Баубеков, Зәуре Бейсенбаева, Ерғали Қалысбаев, Мұратбек Көкірекбаев, Болатбек Қыстауов, Үрияхан Мамикова, Ғалымжан Мамырбаев, Бахтияр Меңілбеков, Гүлжамал Мұратова, Азамат Рахымбаев, Нұрлан Сейсенбаев, Жасұлан Тілеужанов, Азиз Хейроев және Күлайым Шағатаева болса, «Адал» саяси партиясы ҚБ партиялық тізімі бойынша Руслан Айтбаев депутат болып сайланып, тіркелген Меркі аудандық мәслихатының депутаттарына куәліктер мен тағатын белгілері тапсырылды.
Келесі кезекте, төрайымдылығына депутат Күлайым Шағатаева бірауыздан бекітілген жетінші шақырылған Меркі аудандық мәслихатының алғашқы сессиясы бастау алды. К.Шағатаева сессияның күн тәртібіне ұсынылған «Жетінші шақырылған аудандық мәслихаттың хатшысын сайлау туралы», «Жетінші шақырылған аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларын құру және оның мүшелері мен төрағаларын сайлау туралы», сонымен қатар, «Аудандық мәслихаттың кезекті екінші сессиясының төрағасын сайлау туралы» мәселелермен таныстырып, алғашқы – мәслихат хатшысын сайлау бойынша аталған лауазымға депутат Мұрат Көкірекбаевтың кандидатурасын ұсынды. Бұл ұсыныс ашық дауыспен бірауыздан мақұлданып, өз кезегінде көпшілікке алғысын жеткізген Мұрат Болысбекұлы өте жауапты саналатын жаңа қызметке тағайындалды (суретте).
Әлихан НҰРАЛИЕВ, «Меркі тынысы»