ЖАҒЫМДЫ ЖАҢАЛЫҚ: МҰЗ АЙДЫНЫ АШЫЛДЫ

DSC_0082

Сенбі күні, Жамбыл ауылында тек аудан емес, облыс бойынша алғашқы мұз алаңы ашылып, аудан жұртшылығының игілігіне берілді.

Соңғы кездері ауданымызда кәсіпкерлік саласы құлаш жайып дамып келеді. Мемлекеттік бағдарламалардың және аудан басшылығы тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулардың арқасында осы бір саланың өркендеуі жаңа деңгейге көтерілуде.

Жалпы, өткен жылы ауданымыз бойынша «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының аясында 8 жоба, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының аясында 12 жоба іске асырылған. Олардың ішінде, ауданымызда бұрын болмаған тың жобалар да бар. Мысалы, өткен жылдың желтоқсан айында, Сұрат ауылында ашылған табиғи шырын өндіретін шағын цех осының айғағы. Бұдан бөлек, жылыжайда бау-бақша өнімдерін өсірудің, мал мен құс шаруашылығын дамытудың, оларды бағып-баптаудың жаңа технологиялары жолға қойылуда. Қайтарымсыз грант алған азаматтардың сабын мен түрлі-түсті құрт өндіретін цехтарды ашқаны да белгілі.

Міне, осындай ілкімді істердің ілгерілеуіне аудан жастарының белсене араласуы көз қуантады. «Жас келсе, іске» деген осы болар. Жамбылдық жас кәсіпкер Ержан Қырғабақовтың ашқан мұз алаңы (суретте) Тараз қаласын есептемесек, облыс бойынша алғашқы болып жүзеге асырылған жоба. Мұз айдынының жобалық құны 10,5 млн. теңгені құрайды. Оның 7 млн. теңгесі облыстық кәсіпкерлер палатасының жанынан құрылған микроқаржылық ұйым тарапынан 6 пайыздық несиемен қаржыландырылған. Жалпы, бұл Ержанның алғашқы кәсібі емес. Ол осыдан бір жарым жыл бұрын күніне 100 адамға дейін қабылдауға мүмкіндігі бар үлкен бассейн ашқан еді. Енді, мұз алаңын ашып, халыққа қызмет етудің жаңа түрін ұсынып отыр. Бұл, әсіресе, балалар үшін үлкен қуаныш екені анық. Ержан Қырғабақов осы нысанда бес азаматты жұмыспен қамтып отырғанын да айта кетуіміз керек.

Сенбі күні, аталған нысанның ашылу салтанаты өткізіліп, лентасы кесілді. Салтанатты шараға аудан әкімі Мейірхан Өмірбек, орынбасарлары Бақытхан Әбжапаров пен Берік Бегалиев, кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Дос Тасқараев, ішкі саясат бөлімінің басшысы Ринат Жантаев және ауыл тұрғындары қатысты. Алғашқы сөзді алған аудан әкімі ауданның кәсіпкерлік саласындағы жетістіктеріне тоқталып, мұз айдыныныңашылуы аудан тұрғындары, әсіресе, балалар үшін үлкен қуаныш екенін атап өтті. Сондай-ақ, көпшілікті құттықтап, жас кәсіпкерге сәттілік тіледі. Өз кезегінде Ержан Қырғабақов та мұз алаңын ашып, кәсібін жүргізуге қолдау көрсеткен тиісті мекемелер мен аудан басшылығына өзінің алғысын айтса, ауыл тұрғындары да өздерінің ыстық лебіздерін жеткізіп жатты.

Қазыбек КАМАЛ, «Меркі тынысы»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *