ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІ – НАЗАРДА

DSC_0745

Біз жас ұрпақты тәрбиелеу ісінде ұлт үшін қызмет еткен ұлы бабаларымыздың айтқан өсиеттері мен олардың жүріп өткен жолдарын өнеге тұтуымыз керек.

Алаштың ардақтысы, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейханов «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден», – деп айтса, философ-ақын Шәкәрім Құдайбердіұлы «Сөзіңді түзе – әдетіңе айналады, әдетің – мінезіңе айналады, мінезің – сенің тағдырың», – деген еді. Бұдан шығатын қорытынды – біз ұрпақ тәрбиесіндегі әрбір істі жастардың санасында отаншыл рухты оятып, өз елінің патриоттары болатындай етіп ұйымдастыруымыз қажет. Олардың санасын қазірден бастап, Отанға деген махаббатпен көркемдеуге тиіспіз. Жастардың болашақта ел тізігінін ұстағанда әрбір істі қара басының емес, қоғам мен халықтың игілігі үшін істеуі – олардың сіз бен біз берген тәрбиемен бойларына сіңген әдеті болуы керек. Ал, мінезі отаншыл рухпен, махаббатпен көркемделген әрбір жас – мемлекетіміздің ертеңгі бағытын айқындайтын, еліміздің болашақ тағдырына тікелей әсер ететін негізгі күш болып саналмақ.

Осы орайда, аудан басшылығының ұйытқы болуымен, аудан көлемінде игі бастама қолға алынды. Дәлірек айтсақ, өткен жылдың 11-желтоқсанында аудан әкімінің орынбасары Берік Бегалиевтің төрағалығымен аудан әкімінің жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның отырысы болып өткен еді. Сол отырыстың хаттамасының 2.2-тармағына сәйкес, енді аудандағы барлық бөбекжай-бақшаларда әр дүйсенбі сайын мемлекеттік Әнұран бүлдіршіндердің айтуында орындалатын болады. Аталған бастаманың мақсаты – жоғарыда біз айтып өткен қағидаттарға үйлеседі. Қолына қалам алып, әріп тани бастаған әрбір бүлдіршіннің бойына патриоттық сезімді ұялату, мемлекетіміздің Тәуелсіздігінің ресми символдары болып табылатын мемлекеттік рәміздердің қадір-қасиетін ұғындыру болып табылады.

Бұл игі бастама өткен аптаның дүйсенбісі күні, Гүлжан Байузахова басшылық ететін «Балдәурен» бөбекжай-бақшасында ресми түрде бастау алды (суретте). Аталған бөбекжай-бақшада жалпы, 280 бала бар болса, қазіргі таңда карантин талаптарына сай, 15 баладан 12 топқа бөлініп тәлім алып жатыр екен. Аптаның алғашқы күні, таңертең бүлдіршіндер өз топтарында қолдарын кеуделеріне қойып, мемлекеттік Әнұранды топ жетекшілерімен бірге шырқады. Бұл іс-шара алдағы уақытта округтер бойынша барлық балабақшаларда жалғасын табатын болады.

Қазыбек КАМАЛ, «Меркі тынысы»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *