КОВИД – КӨП «ИТ» ЕМЕС ЕКЕН, АҒАЙЫН!

Қадірлі оқырман!
Міне, жаңа жылымыз басталып, Сиыр жылының алғашқы айын да аяқтағалы отырмыз. Өткен жыл төтенше жағдайымен, тәж тажалы деген пәлесімен есімізді аударып, көптеген жақындарымыздан мәңгілікке ажыратты. Шілденің шіліңгір ыстығында, әсіресе, маусымның аяғында, шілде мен тамыз айларында, сырқатқа ұшыраған отандастарымыз бір демге зар болып, ауруханаларда жатты… немесе, үйлерінде ем қабылдауға мәжбүр болды. Алғашында, «ковид деген жоқ екен» деп сенбеген азаматтарымыз да болды, оны несіне жасырайық. «Жәй, денем қызды, сәл ғана жөтел болып еді, немесе, бронхитым бар болатын, ангинам ұстады деп ойладым» деп, дәрігерге кеш қайырылғандар өте көп болды. Оған ларингит, фарингит, тонзилит… т.б. қосыңыз…  Содан біртіндеп, жақын туыстарымыздан, бетке ұстар тамаша азаматтарымыздан айырылғанда ғана аһ ұрдық… ковидтің – көп «иттің» бірі еместігін түсіне бастадық…

Иә, жаңа жылдан күтер үмітіміз көп. Соның ең бастысы – мына әлемді жайлаған вирусты тажалдан құтылу, пандемияның тоқтауы. Көктем, әрі кетсе, жазға қарай басылар деген кесел біртіндеп дендеп бара жатқанын күнделікті ақпараттардан көріп, біліп отырмыз. Соңғы тәуліктерде вирусты кеселдің қармағына ілінгендер қатары  мың жарымнан асып, жекелеген облыстарымыз бен астанамыз қызыл аймаққа кірді… сары аймақтағыларының жайы да мәз емес, статистика солай.

Бірақ біздер, жерлестер, осы кеселмен күресуде барынша сақтанып жүрміз бе? Мемлекеттік және облыстық бас санитарлардың хаттамаларына сәйкес, сақтық шараларын толық қолданып жатырмыз ба?.. Көбіне, жоқ деп айтар едім. Базарларда, дүкендерде меркіліктердің көпшілігі бетперде кимейді, кейбіреулері иегіне іліп алған. Таксилерде де солай… «Құдай сақтасын» – дейді бір жігіт. Құдай: «Сақтансаң сақтайды» – деген де бар емес пе?!! Дүкендердің кіре берістеріне антисептиктер қойылған, алайда, оны пайдаланып жатқан ешкімді байқамадық. Жан-жақты үгіт-насихат жүріп жатыр, әлеуметтік желіні ашсаң да, теледидарды қоссаң да… көретініміз сол саулықтың сақтықта екені. Ендеше, ағайындар-ау, соны неге орындамасқа!..

Рас, жекелеген адамдар бұл кеселдің қандай екенін бастарынан өткізбеген болар-ау! Сондықтан да сенбейтін шығар. Лайым ауырмасын олар. Бақилыққа кеткендер мен қатты сырқаттанып, есін әрең жиғандар көрді бұл тажалдың қандай екенін. Бір демге зар болуды ешкімнің басына бермесін! Ауырып, тәуір болған күннің өзінде артынан ұзаақ реабилитация керек… Немқұрайдылығымыздан бала – ата-анасынан, ата-ана – бауыр еті баласынан, басқа да жақындарынан ажырап қалмасын. Бұл кезең – зор жауапкершілікті, ұқыптылықты, әлбетте, сақтықты талап етеді!

Тура осы коронавирусқа келгенде, белгісіздік пен түсініксіздіктен көбірек қауіп-қатер келіп отыр, десем қателеспеймін. Себебі, басында нақты «мінездеме» берілген COVID-19 әлемде мутацияға (өзгеріске) ұшырап, таралуда. Қазақстанда осы сырқаттың белгілерімен пневмонияға ұшыраған жандар баршылық, олардың да қатары артып отырғанын жасыра алмаймыз. Пневмонияға шалдыққандарда ПТР тесті ковидке оң нәтиже көрсетпегенімен, категориясы басқа болғанымен, қауіптілігі сондай. Ендеше, не істеуіміз керек?

Арқамызды кеңге салмай, сақтық шараларын бұлжытпай орындауымыз керек. «Біріміз – бәріміз үшін, бәріміз – біріміз үшін» – деген қағидатты қатаң ұстану осы тұста да қажет болып отыр. Бетперде кию, қолды жиі сабындап жуу, арақашықтықты сақтау, көп жиналған жерге бармау, жиын-той жасап, елді жинамау, сырқат белгілері біліне қалса, шұғыл дәрігерге қаралу немесе, «жедел жәрдемді» шақырту және т.б.

Құрметті меркіліктер!
Осынау талаптарды орындайықшы, өзгелерден де талап етейік! Бұл – өзіміздің де, жақындарымыздың да аман-саулығы үшін керек. Сол арқылы бүтіндей еліміздегі ахуалдың жақсаруына үлес қосамыз. Әлбетте, халқымызды сақтаймыз.
Саулық – сақтықта!
Бірге күресейік!
Бірге жеңейік!

Әтіркүл ИСАЕВА, «Меркі тынысы»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *