АУДАН АҚЫНДАРЫ БАҚ СЫНАСТЫ

DSC_0381

Жақында, аудандық Мәдениет үйінде, «Жамбыл – менің жай атым, Халық – менің шын атым» атты жыл сайынғы дәстүрге айналған аудандық ақындар айтысы болып өтті.

Жалпы, айтыс – бұл көнеден келе жатқан, қазақтың әдебиеті мен мәдениетін басқа ұлттардікінен өзгеше ерекшелендіретін төл өнердің бірі. Халық арасында оның ежелден келе жатқан көптеген түрлері бар. Солардың бірі – ақындар айтысы. Ал, ақындық деген табиғаттан кез келген адамға дари бермейтін ұлы қасиеттердің бірі болса керек. Сондықтан, дүйім жұрттың алдында аламанға түскенде сөз саптауда сылбырлық танытып, ой толғауда ұшқырлық таныта алмаса – ақынға сын. Ал, ақындар «от басы, ошақ қасы» әңгімелерден гөрі, қоғамдағы өзекті жайттарды жырларына арқау етіп, көкейтесті дүниелерді жыр бесігінде тербей алса, сонда ғана олар халықтың жүрегіне жақын болмақ.

Бұл жолғы айтыстың жөні бөлек. Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығында жыр дүлейі Жамбыл Жабайұлының туғанына 175 жыл толады. Қазіргі пандемиялық ахуал болмағанда, осынау мерейлі күнді кең ауқымда тойлауға да болар еді. Дегенмен, санитарлық талаптарды сақтай отырып, шағын ортада өткізілген айтыс та көпшіліктің көңілінен шыққаны анық.

Аудандық Мәдениет үйінің кіреберісіне аудандық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкерлері «Жамбыл Жабайұлы – ұлы дала ақыны» атты жылжымалы көрме ұйымдастырыпты.

Айтыстың аламанында аумақтық айтыстардан үздік деп танылған 12 ақын 6 жұпқа бөлініп өнерлерін ортаға салды. Ал, ақындардың өнеріне құрамында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі ақын Шырын Мамасерікова, ақын Бектай Әлімбай, аудандық «Меркі тынысы» газетінің бас редакторы Әтіркүл Исаева, жерлесіміз, белгілі айтыскер ақын Бейбіт Шошабаев, аудандық Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Нұрсұлу Зұлпыхарова бар қазылар алқасы шынайы бағаларын беріп, төрелік жасады.

Сахна төрінде алғашқы жұпты құрап, айтыстың шымылдығын ақермендік Роза Жұманова мен андасбатырлық Гүлзағира Нұрпейісова ашты. Әдетте, айтыста ақындар бір-бірінің сыны мен мінін теріп, онысын әзіл-қалжыңмен жарастырып жеткізіп жатады. Әрине, әр нәрсенің орны болуы керек, сондықтан, әдептен аспас үшін бір-біріне жеңге мен қайын іні, немесе, аға мен іні, әпке мен іні болып, ойындағыларын орынды жеткізудің де ретін тауып жатады. Алғашқы жұптағы ақындар да, біріншісі қайынсіңілісі болса, екіншісі жеңгесі болып айтыстың көркін бірден қыздыра түсті. Дегенмен, Роза Жұманованың халқымыздың игі дәстүрлерінің бірі – асар салты туралы жырлағанын қазіргі кездегі өзекті тақырыпқа өзінше үн қосқаны деп айтуға әбден болады. Өздеріңізге белгілі, құрметті оқырмандар, биыл асар әдісімен үй салып, мұқтаж жандарға табыстау аудан, облыс деңгейінде халықтық үрдіске айналып, қайта жаңғыртылуда.

Екінші жұптағы меркілік Көшеров Әділет пен екпінділік Нұрым Қыдырбеков ақындардың айтысы екпінді болды. Нұрым ақын ел ішіне келген індет себепті кең сахнада қауышудың сәті көптен бері енді түсіп жатқанда, Жамбылша жырлайтынын айтып, Мұқағали мен Абайды да өз сөзіне қоса білді. Ары қарай жас ақындар ағалы-інілі болып, бір-біріне лайықты жауап беріп, ұтымды сөз саптап отырды. Әділет: «Қасыма байбатшаға ұқсап келсең-дағы, қаңбақша жіберемін дөңгелетіп» десе, інісі мұның арзан ой екенін алға тартып, «Адам деген біреу жайлы айтпас бұрын, алдымен өзі айнаға қарап жүрмейді ме?», – деген жолдармен жауап берді. Ал, тақырыпты қамту бойынша, «Өнеге- үлгі алатын ешкімі жоқ, аяймын Жамбылы жоқ халықтарды» деген Әділет ақын көпшіліктің қошеметіне бөленді.

Үшінші жұп ақындар айтысынан гөрі қыз бен жігіттің айтысына жақын болды. Дегенмен, меркілік Нұрбек Кераматдин мен сарымолдаевтық Аружан Адабаева бозбала мен бойжеткеннің арасындағы сезімдерді жырлағанымен, қос ақын да тақырыпты қамти отырып жыр тербеуді де ұмыт қалдырған жоқ. Алайда, айтыстың модераторы Сейдалы Аманжоловтың өзі айтқандай, жас ақындарға тәжірибе жетіспеген сияқты. Ал, олардың өткен жылғы айтыста да жұп болғандарын ескерсек, бұл додада олар бабында болуға тиісті еді.

Келесі кезектерде сахна төрінен орын алған жамбылдық ақын Мейіржан Жекебаев пен ақермендік Бұлбұл Солтанаева, рысқұловтық Аян Мәдиев пен екпінділік Дулат Әбдіманап, меркілік Жанқуат Кераматдин мен ақжолдық Нұрбек Рахимов, бұлардың бәрі, екпінділік ақынды қоспағанда, жыл сайынғы айтыс додаларында өнер көрсетіп, біраз төселген ақындар. Соған сәйкес, олардың айтыстары да көрермендердің көңілінен шығып, қошеметіне ие болды. Әділ қазылардың ортақ шешімімен, келесі ақтық кезеңге Бұлбұл мен Аян, Дулат пен Жанқуат өтіп, жүлделі орындарды өзара анықтады.

Қазылар жасаған қорытынды бойынша, Бас жүлдені Бұлбұл Солтанаева жеңіп алса, Аян мен Жанқуат І орынды иеленді. Дулат пен Аружан ІІ орынның тұғырынан көрінді, ал, ақжолдық Нұрбек пен екпінділік Нұрым ақын ІІІ орынға жайғасты. Қалған ақындар да ескерусіз қалған жоқ, өнерлеріне сәйкес, Гүлзағира Нұрпейісова – «Дана ақын», Роза Жұманова – «Алып ақын», Мейіржан Жекебаев – «Үлгілі ақын», Нұрбек Кераматдин – «Алғыр ақын», Әділет Көшеров – «Шапшаң ақын» номинациялары бойынша марапатталды. DSC_0396  DSC_0384

Суреттерде:
1. Бас жүлде иегері – Бұлбұл Солтанаева.
2. Солдан оңға қарай: Жанқуат Кераматдин, Бұлбұл Солтанаева, Дулат Әбдіманап, Аружан Адабаева.
3.Айтысқа қатысушыларды марапаттау сәтінен.

Қазыбек КАМАЛ, «Меркі тынысы»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *