КЕЗДЕСУ ТАҚЫРЫБЫ – КЕНЕСАРЫ ХАН ЕСКЕРТКІШІ

Кенесары хан ескерткіш

Өткен аптаның бейсенбісінде, аудан әкімдігінің үлкен залында, алқалы жиын болып, оған бірқатар аудан басшылары, ауылдық округтерден шақырылған ақсақалдар, аудандық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері және т.б. азаматтар қатысты.

Жиын тақырыбы – Кенесары хан ескерткішінінің жайы. Бұл туралы аудан әкімі Мейірхан Өмірбек өзінің кіріспе сөзінде айтып өтті.
– Кенесары хан ескерткішін салудағы («Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автожолының бойында) әңгіменің басталғанына оншақты жыл болды. Осы ескерткішті орнатуға атсалысқан бастамашыл топ өкілдері маған келді. Біраз жұмыстар жүргізілді. Бүгіндері жерін заңдастырдық.Республикаға, тиісті органдарға хат жолдадық, қазір ескерткішті салу туралы «келісеміз, жалпы қолдаймыз» – деген хат алдық.Енді аталған ескерткіштің макетін жасап, ұсынуымыз қажет, – деген аудан басшысы, жиналғандарды слайд арқылы бұрын қойылған ескерткішті қайта жасап, айналасын абаттандыру, көгеріштендіру туралы өз пікірін жеткізді.

Қысқаша айтар болсақ, бұрын жекелеген азаматтардың бастамасымен қаржы жинап, тұрғызылған ескерткіш үлкен жолдан қарағанда жақсы көрінбейді, шағын көлдің жағасында тұр, алды сай. Бұл – бүтіндей қазақ даласында аты шыққан, елім, жерім деп өткен қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлына лайықты емес. Сондықтан, мерейлі Меркі өңіріне сын болмас үшін, аталған ескерткіш биіктетіліп, қайта тұрғызылмақшы. Айналасы да уақыт талабына сай абаттандырылып, автотұрақ салынуы керек. Оның эскизі де жасалып қойған. Ескерткішті жасау туралы жерлесіміз, белгілі мүсінші Темірхан Қолжігітпен келісіліпті. Ол бұрын да Меркі жеріне А.Асқаровтың және саябақ ішіндегі «Ана» бейнесін жасаған азамат.

Осы ретте, барлық істің басы-қасында жүрген Мұрат Арықбаев ағамыздың қосар үлесі мол болмақ. Ол ескерткіштің тұғыры тұрған жерді биіктетуге және алдындағы сайды тегістеп, жабуға уәде беріп отыр екен.
– Енді қаражат қалай жиналады? Мәселе осында. Біз жұмысшы тобын құруымыз керек. Ол топ – бүкіл жұмысқа жауап беретін болады. Қаражат қолма-қол жиналмайды. Арнайы шот ашылады. Бәрі ашық болуы тиіс, – деген Мейірхан Азатұлы, жиынға қатысушыларды бірлесіп жұмыс жүргізуге шақырды. Алғаш болып ортаға ақын апамыз, ауданның Құрметті азаматы Шырын Мамасерікова шықты.
– Кенесары ханды білесіздер, Абылайдың ұрпағы. Сол заманда ол өзінің жанын күтіп, жағдайын жасап, жатпады. Жеті жыл бойына елімізді, жерімізді жаулардан қорғап, осы тәуелсіздікті алу жолында күрескен батыр. Астанамыздың өзі осы Кенесары ханға ескерткіш салудан басталды емес пе?!. Ал, біздегі салынған ескерткішін арнайы барып, көрдім. Ол айдалада тұр, тұрған орны дұрыс емес, деп ойлаймын. Оны жасаған азаматтарға рахмет, әрине. Бәлкім, асығыс болған шығар, немесе, қаражаттары жетіспеді ме? Негізі, оны Алматыға барар жолдағы Шуға бұрылар тұсқа салғанда дұрыс болған болар еді. Себебі, хан ордасын Шуда құрды ғой. Сондай-ақ, тоғыз жолдың торабында, көзге жақсы көрініп тұрар еді, – деді ол.

Аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Қамбарбек Иманалиев:
– Өте орынды мәселені көтеріп отырсыздар. Меркіде ханның ескерткішін орнату – үлкен абырой. Енді әңгіменің бәрі қаражатқа байланысты. Бюджеттен ақша бөлінбейді. Ханды қастерлеп, бастадық па, іске үлкен жауапкершілікпен қарауымыз керек. Бұл біздің намысымызды оятатын тірлік, сондай-ақ, азаматтығымызды, елдігімізді көрсетеді. Сондықтан да бөлініп, жарылмай, ауыл-ауыл болып әрекет етуіміз керек. Мен құптаймын. Біздер, ардагерлер өздеріміз ұйымдасып, бір шешімге келеміз, – деп қорытындылады сөзін.

Жиында алда құрылатын жұмысшы топқа Б.Рахымбаев, А.Алтынбаев, Р.Рахманбердиев, Б.Егембердиев, Қ.Көпбаев сынды азаматтарды, сонымен қатар, Алматы мен Астанадан да жауапты адамдарды қосу туралы ұсыныстар түсті.

Аудан әкімі Кенесары ханның ескерткішін жоспарлап отырғандай орнатып, бітіруге шақыра отырып, оны күзге дейін созбай, лажы болса, мамыр айында аяқтауды ұсынды.

Кенесары хан ескерткіш сызбасы

Әтіркүл ИСАЕВА, «Меркі тынысы»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *