МАҚСАТ – ЕЛДІҢ ЕҢСЕСІН КӨТЕРУ

DSC_0547

Аудан әкімі Мейірхан Өмірбектің аудан тұрғындары алдындағы жылдық есебі сәрсенбі күні Аспара және Кеңес ауылдық округтерінде өтіп, соңына шықты.

Пандемияның пәрменіне шыдас бере, қиындықтың қырынан асып, жақсы көрсеткіштердің кең жазығына шыға білген меркіліктер биыл да негізгі бағыттар, оның ішінде, ауылшаруашылығы мен өндірістің көлемін барынша ұлғайтып, облыс бойынша алдыңғы орындардың төріне жайғасты. Ол туралы аудан әкімінің цифрларға сүйенген нақты ақпараттары жуырда ғана аудандық газеттің бетінде жарық көргені бар. Сондықтан, оларға қайта тоқталмай, әр ауылдың басты деген базыналарына, салмағы басым келер сауалдары, һәм жұрттың ортаға салған даттары мен айтар уәждеріне ғана көңіл бөлуді жөн санап отырмыз.

Сонымен, аудан әкімі М.Өмірбек сәрсенбілік сапарында, алдымен, кезінде астықты өлке саналған Аспарада болып, халық алдында есеп берді. Интерактивті тақта арқылы баяндалған есебінен соң, өткен жыл күрделі болса-дағы ел ішіндегі бірқатар көкейтесті мәселелер шешіліп, халықтың қаракеті үшін жасалған істердің ауқымы аз еместігіне тоқталған аудан әкімі халықтың үніне де құлақ түрді.

Сөз алған ауыл жанашыры Нұржау Байжұманов ЖСҚ-сы жасалып, қаржыландыру мәселесі шешілсе, биылдан бастап бой көтеретін 150 орындық, 2 қабатты мектептің салынуына қолдау жасаған облыс әкімі Б.Сапарбаев пен аудан әкімі М.Өмірбекке ел атынан алғыс айтып, бұл құрылыс жөніндегі өз ұсынысын да жеткізді. Оған тоқталсақ, Нұржау ағамыз болашақ құрылыстың сапасына алаңдайтынын, сол себепті, өздерінің жерлестері сыртта құрылыс фирмасын басқаратынын айтып, оның тендерге қатысу мүмкіндігін сұрады. Келесі сауалы – ауылдағы көз көріп жүрген шын таланттардың дарынын аша түсу мақсатында мектепте домбыра үйірмесін ашу керектігі болды.

Бұл сұрақтарға жауап берген М.Өмірбек мердігерді анықтау тендеріне заң талаптарына жауап беретін кез келген ұжым түсе алатынын айтса, үйірме жайында мектеп басшысына тапсырма берді. Округтегі кооператив төрағасы Қалдыбай Алмабеков Кеңес кезіндегі облыс басшысы Х.Бектұрғановтан кейін (арада 41 жыл өтіпті) Аспараға арнайы ат ізін салып, жұртпен жүздескен облыс әкімі Б.Сапарбаевтың сапарынан соң, «біз де керек екенбіз!» деген елдің еңсесі көтеріліп, алдағы көктемгі-жазғы дала жұмыстарына баптанып жатқанын айтып, ауыл тұрғындары атынан облыс, аудан басшыларының атқарған жұмыстарына жоғары баға берді.

Округ тұрғыны Меліс Байтіленов өзінің сұрағы – дәрігерлік көмектер бойынша аудандық орталық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Рахат Әбдікерімовтың тарапынан тұщымды жауаптар алды. Аудан әкімінің соңғы есеп беру жиыны Кеңес ауылында өтті. Есберген Жапарқұлов DSC_0564басқаратын бұл округ өткен жылғы Асар әдісімен үй салу кезінде кейбіреулер бір үйдің өзіне тіс батыра алмаған кезде кеңестіктер 3 үйдің іргесін көтеріп, 1-уін қолданысқа толық беріп үлгерген. Бұл ауыл халқының бірлігі мен ынтымағын көрсетсе керек. Осы тұрғыда, «Ел ішін түзеймін десең, жақсыны қолда», – деген аудан әкімі Мейірхан Азатұлы көпке үлгі болған Кеңес ауылының азаматтарына қиындық көрген ауылдастарына қайырымдылық жасағандары үшін ризалығын білдірді. Сонымен қатар, кезінде «КазЭксимнің» жетегінде кеткен жер телімінің 150 гектарын кері қайтарған кеңестіктер биыл «Болашақ Кеңес» атты ауылшаруашылық кооперативін құрып, еңбек етпек.

Одан әрі айыр қалпақты Қырғыз ағайынның жарығына тәуелді болып отырған Жауғаш батыр ауылына биыл отандық электр желісі тартылатынын айтқан өңір басшысы төменде көрсетілген ел сауалына да жауап берді.

Ауыл тұрғыны Мамытхан Жотановтың кезінде халық театры атағын алған ауылдық мәдениет үйінің бұрнағы жетістігіне жетуі үшін арнайы режиссерлік штат ашылса деген сұрауына аудан әкімі бұл үрдісті қолдайтынын айтты.

Содан соң, ауыл тұрғындары Нұрмахан Жармаханбетов, Асубек Қойшыбаев, Ақылжан Иманқұлов сынды азаматтар да өздерін мазалаған сұрақтарына тиісті жауаптарын алысты.

Әлихан Нұралиев, «Меркі тынысы»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *