«БОЛАШАҚҚА АРЫЗ ЖАЗЫП КЕТЕЙІН!..»

DSC_0608

Ә дегенннен, жазылған тақырыптың өзегіне табан тіреп, бұл жалғанның ащы шындығына жақындай келе, тарихты тарқатып, Мұқағали ақынның басынан өткен – жақсыны аяқтан шалу әдісінің аярлығы жайлы бірер сөз айтудан бастағанды жөн санадық.

Сонымен, әлқисса десек, Мұқағали Мақатаев Нарынқолдың Қарасаз жерінде, сушы-мұрап Сүлейменнің отбасында, 1931-дің 9-ақпанында дүние есігін ашқан екен. Қазақтың қыран ақынын қалың Алашы көзі тірісінде-ақ жоғары бағаласа да, «поэзияның биік пәуескесінде біз ғана отыруға тиіспіз, сен жерге түс!» деген белгілі бір орта озбырлығының құрбаны болғаны бар. Солайша, қайран Мұқаң, тіпті, Мұқаң емес-ау, ол арқылы тұтас бір әдеби жанрдың, өз сөзімен айтсақ: «…Күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарамын» дегеніндей, ұлттық қазынамыздың ешкімге ұқсамас бір саласы мен бөлігі сол кезде әркез қылаң беретін көре алмаушылықтың уақытша болса-дағы құрбаны болды десек, онымыз жаңсақтыққа жатпайды. Иә, дәл солай, М.Мақатаевтың әдебиет әлеміндегі әділетсіздіктің уын жай ғана жалауына емес, тікелей жұтуына «жағдай жасағандар болды». Олар өздерін «жарықпыз» дегенімен, елдің пайымында көмескі тартқан жадағай, жиіркенішті де жағымпаз сол топтардың жымысқы әрекеттері орын алғаны жасырын емес. Қалай десек те, уақыт деген сарапшы сүзгінің пәрменімен бұл күндері сол бір «өздерін ғана ардақ тұтушылардың» аттары ескерусіз қалып, тіптен, ұмытыла бастаса, біздің Мұқағалидың жұлдызы жаңаша, шоқтай жанып, төбемізде жарқырап тұрғаны шындық. Яғни, небары 45 жасында өмірден озса-дағы артында өшпес із қалдырған ақиық ақын Мұқағали арада жылдар өтіп, ұрпақтар алмасса да өзіне тән әділетті бағасынан ажыраған жоқ, ол жалғасады. Оның бір дәлелі, Мұқаң дүниеден өткен соң оған ҚР Мемлекеттік сыйлығы берілді, Мұқағали атындағы әдеби сыйлықтар да тағайындалды.

Осы аптаның сейсенбісінде, күні, аудандық Мәдениет үйінде, М.Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойына арналған «Поэзия, сен үшін!» атты музыкалық композиция кеші де (суреттерде) нар тұлғаның көңіліндегі қаяуды білдіретін:
…Тойланбаса тойланбасын, Не етейін.
Той көрмей-ақ, сый көрмей-ақ өтейін.
Қаламымды берші маған, бәйбіше,
Болашаққа арыз жазып кетейін! – деген сөз жолдары бар «Бүгін менің туған күнім!» атты өлеңімен бастау алды. Бірден айта кетерлігі, оны оқыған Дәурен Саховтың ұлы ақынмен сыртқы және ішкі рухани ұқсастығынан болар, ол ақынның сахналық рөлін тамаша сомдаса, Асыл Әпсеметовтың өнері де көпшілікке ұнамды болды. Өмір сүруге ынтық жан – Мұқағали өлімнің де хақ екенін, оның да бір мезетте есік қағарын біліп, қалам арқылы ішкі базынасын пәлсапалық оймен ашық көрсете білген. Осыдан кейін болар, «өзгенің жанын-сырын ұғу үшін, өзімді зерттегенді жөн көремін» деп жырлаған сырлы ақынның артында қалған 650-ден астам шығармасынан философия мен психологияның негіздерін байқап, сонымен қатар, әр өлең жолына ұтымты инверсия беріп, һәм медитациялық, лирикалық әсерді терең сіңіре білгенін мойындаймыз. Ал, Дәурен өзінің барын салған өнерімен залда отырған ауданымыздың зиялы қауым өкілдеріне, жастар мен өзгелерге Мұқағали ақынның арқалы образын арғымақ атпен оза шаптырып, бізге жақын жеткізгендей болды.

Иә, кезінде базбіреулер шалыс басқан ізін аңдып, мұқатуға тырысқан Мақатаевтың шығармашылдығын бүгінде қалың ел құрметтейді. Тіпті, қазіргі таңда тәуір өлең жолдарын жарық күнде май шам жағып іздейтін композиторлардың Мұқағали сөзіне ән жазып, ол дүниенің лезде хит әнге айналуын да тегін емес деп ойлаймын.

Сонымен, жыр әлеміндегі санаулы саңлақтардың бірі, халық мойындаған – Мұқағали кешінде сахна төрі ерекше сипат алыпты. ЛЭД экрандағы жайқалған ақ қайыңдардың өзі сыршыл ақынның образымен лирикалық сипатта үйлесімділік тауып, негізінен, ақындарға, жалпы, шығармашыл тұлғаларға ғана тән келетін сұлу әрі нәзік дүниенің есігі айқара ашылғандай әсер алдық.

Нұрғиса Ратаевтың орындауындағы «Есіңе мені алғайсың» әні де әсерлі жазылған сөз жолдарымен талғамы жоғары көрерменнің көкірегіне орнықса, Мұқағали рөліндегі Д.Сахов оқыған «Үш бақытым» өлеңі арқылы мұзбалақ ақын, «Ғасыр ақыны» атанған Мақатаевтың халық, тіл және Отан ұғымдарын бәрінен биік қоятынын бағамдаймыз.

Мадияр Шалабаевтың домбырада орындаған «Қазақстан» әнінен соң, бүгінгі кештің кульминациялық биігі десек жарасатын шығарма – М.Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасынан көрініс қойылды. «Меркі» халық театрының әртістері Нұрдәулет Исатаев пен Гұлнұр Нұрлыбаева басты рөлдерді сомдап, «Ай-Ару» бишілер тобы айшықтаған бұл сценалық қойылымда адами фактор арқылы келген «Жетім көлдің» оқиғасы нәрестенің шетінеуі мен бір аққуынан ажыраған топ аққудың одан кейін ол маңға еш оралмауынан трагедияға айналады. Бұл соңғы сәттердің найзағай ойнап, күн күркіреуімен толығуын аудандық Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Нұрсұлу Зұлпықарова мен «Меркі» халық театры шеберлерінің ұтымды жобасы деп қабылдадық.

Кештің келесі бөлігінде Д.Андабаев, Г.Нұрлыбаева, Ұ.Қойлыбекова, Ш.Орманқұлова сынды жезтаңдай әншілеріміз М.Мақатаевтың өлеңдеріне жазылған әндерді орындады.

Одан кейін сахна төріне көтерілген аудан әкімінің орынбасары Берік Бегалиев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қамбарбек Иманалиевтер ақын, аудармашы Мұқағали Мақатаев хақында ой-пікірлерін айтып, нар тұлғаның ел есінде мәңгі қалатынын жеткізді.

DSC_0656        DSC_0682

Әлихан НҰРАЛИЕВ, «Меркі тынысы»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *